Ауыл • 19 Мамыр, 2023

Битумге бөккен ауыл

413 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Облыс орталығымен аттас ауылдың халқы жергілікті кәсіпорындар елді мекен маңайын заңсыз күл-қоқыс орындарына айналдырып, экожүйені бұзып отырғанына алаңдаулы. «Павлодар жолдары» фирмасы жуықта мұсылмандар зираты орналасқан аумақта көп көлемде битум төгіп, оған қаңғыбас иттер мен ұсақ жануарлар түсіп, қырылған. Бұдан бөлек құрамында сынап бар заттар тасталып жатқаны да тұрғындардың наразылығын тудырды.

Битумге бөккен ауыл

«Павлодарское» ауылының жұрт­шы­лы­ғы осымен екінші мәрте дабыл қағып отыр. Бұған дейін құрамында зиянды заттар бар қалдықтарды жергілікті қоқыс полигонына заңсыз төгіп жатқан кәсіпкерлердің ісіне на­ра­зылық танытса, енді, міне, ауыл жанында мұнай өнім­де­рі­нің төгілуі ашу-ызаларын тудырды. Жол құрылысына пайдаланатын кәдімгі жабысқақ битум жердің топырақ қабатын құртып қана қоймай, оған аяқ басқан, жыбырлаған тіршілік иелерінің барлығын қыбыр еткізбей тастайтыны белгілі. Ыстықта сағызша созылып, еріп жататын мұнай өніміне абай­сызда ойын баласы түсіп кетсе, кім жауап береді?

Тұрғын Игорь Смирновтың айтуынша, ауыл маңайының барлығы сани­тар­лық талаптарға сәйкес кел­мей­ді. Мұндағы кәсіп­орын­дар амалы жетсе күл-қо­қыс­ты кез келген жер­ге төгіп жүре беруге бар. «Құрылыс қалдықтары төгіліп жатқаны туралы біз, жергілікті тұрғындар, әлеуметтік желі­де жазып көр­сет­тік. Сөйтсек, бұл қал­дық­тарды кәсіпорын ауыл әкімдігінің рұқ­сатымен алып келген екен. Күн ыс­тықта битум еріп, кәдімгідей ағып жа­тыр. Битумге түсіп кеткен бірнеше қаң­ғы­бас итті жабылып жүріп әрең алып шықтық. Үй жануар­лары түсіп, өліп қалғанын да бай­қадық. Бұл негізінен қорғалуға жататын табиғи аумақ, өзен жайылмасы орналасқан», дейді ол қынжылыспен.

Тұрғындар жергілікті билікке бірне­ше мәрте арызданғандарын айтады. Алайда ондағылар бас­тап­қыда: «Бұл ешбір қо­қыс емес, жай ғана құрылыс материалдары. Құрылысқа пайдаланатын топы­рақ­ты уақытша әкеп төкті», деп жауап қайтарған. Наразылық күше­йе түс­кен соң ғана әрекетке кө­шіп, кәсіп­ор­ын басшыларынан битумды жинап әке­туді сұраған.

«Павлодарское» ауылының әкімі Сырым Рушановтың заңсыз төгілген битумды күл-қоқыс деп атағысы келмейтіні қызық көрінді. «Мұнда «Павлодар жолдары» кәсіпорны құрылысқа пайдаланатын материалдарын әкеп жүретін. Топырақ ара­лас битум да қалдық емес, жол саласына пайдаланылатын құрылыс материалы. Алайда кәсіпкер бұл жерге мұндай топырақты әкеп төгуге рұқсат сұрамағаны рас. Енді бұдан былай мұн­да ешқандай қалдық жеткізілмейтініне сөз беремін», дейді ауыл басшысы. Жер­гі­лік­ті тұрғындардың сөзінше, фирма әлгі жерге құрылыс қалдық­та­рын 5 жылдан бері төгіп кел­ген. Анықтағанымыздай «Павлодар жол­дары» ЖШС-не ауыл жанында 1,8 гектар жер телімі тие­сілі. Онда асфальт зауыты орна­лас­қан. За­уыт­тан шығатын өнім кәсіпорынға бе­кі­­тілген аумаққа сыймай, оны кейде атал­ған жерге әкеп төгіп отырған. Өздері «құ­ры­лыс топы­ра­ғы» деп атайтын ма­териалды кәсіп­керлік соңғы рет өткен қыста әкеп орна­лас­ты­рыпты. Құрамында битум көп бол­ғандықтан көктемде өнім еріп, елді мекен айналасына жайыла бастаған.

Павлодар облысының экология де­­­пар­­таменті халықтың алаң­дау­шы­­лы­­­­ғына толық негіз бар дейді. Меке­ме қыз­мет­керлері әлгі орынды тек­се­ріп, шамамен 70 шаршы метр жерді мұнай өнімі былғағанын растады. Жағдайды толық сараптау және кінәлі тұл­ға­ларды анықтау үшін департамент өкілдері жергілікті полиция қыз­метіне жүгінгендерін айтады.

Елді мекен тұрғындарын алаң­да­тып отырған екінші мәселе – жақын жердегі заңды күл-қоқыс орнының жағдайы. Бұл жерге соңғы уақытта құрамында сынап бар, пайдаланылған шамдар жиі әкеліне бастаған. Жұртшылық дабыл қағып, экологтерді шақырған. Мамандар сараптама жүргізе ке­ліп, қалдықтар адам мен жануар­­лар ағзасына өте қауіпті, оларды тез арада жою керек деген қоры­тын­ды жасайды. Бұдан шошын­ған халық билік өкілдеріне арызданып, «қоқысты тазалаңдар, бол­маса оқшаулаңдар» деген та­­лап қойып отыр. Әлгі зиян­ды өнімдер жақын жердегі зауыттардан әкелініп жатқан сынды. «Шығыс» өндірістік коо­пе­ративі төккен зиянды қалдықтарды экология департаментінің мамандары зерделеп, расымен зиянды екенін де дәлелдеп берген. Жұртшылықтың айтуынша, қоқыс полигонында әзірге зиян­­ды заттарды оқшаулау, терең көму ша­ралары жүргізілмеген. Сондықтан көп­­шілік өңірлік құзырлы органдар бұл мәсе­леге маңызбен қарап, белгіленген жұ­­мыстардың уақтылы атқарылуын на­зар­ға алуды сұрап отыр.

 

Павлодар облысы