19 мамыр күні сағат 11:40 шамасында Атырау қаласы Әйтеке би көшесі мекенжайында орналасқан 15 қабатты үйдің дәлізінің қосалқы бөлмесінде өрт шыққан. Жалын шарпыған үйге Атырау қалалық полиция басқармасының аға учаскелік полиция инспекторлары Самалбек Бегалиев пен Асыланбек Жолай оқиға орнына дереу келіп, өрттің үшінші қабаттан шығып жатқанын байқаған. Тәртіп сақшылары төтенше жағдай қызметкерлерімен бірлесіп, адам өміріне төнген қауіпті бірге ауыздықтаған.
Қызметкерлердің жедел әрекеті нәтижесінде өртке оранған үйден екі зейнеткер, 10 жасөспірім (оның ішінде төрт нәресте бар) мен 13 пәтер тұрғыны қауіпсіз жерге шығарылып, нәтижесінде 25 адам эвакуацияланды.
«Адам өміріне қауіп төнген уақытта ойлануға уақыт жоқ. Сын сағатта дереу әрекет етпесек, кеш қалуымыз мүмкін еді. Оқиға орнына келген кезде өрттің үшінші қабаттан шыққанын байқап, төтенше жағдай қызметкерлерімен дереу әрекет етіп, үй ішінде қалған 25 тұрғынды сыртқа шығардық. Шұғыл шешім қабылдаудың нәтижесінде жарақат алған адам болмады», дейді өртті ауыздықтаған қос полицей Самалбек пен Асыланбек.