Іс-шараға қатысушылар заманауи жағдайда саланы дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Дөңгелек үстелге ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Роза Кәрібжанова, «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова, Ақтөбе облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, Абай облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Назира Ыдырысова, Жетісу облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Мәдени мұра және кітапхана ісін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гүлмира Қалқабаева, Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония директоры Ерлан Дәкенов қатысып, баяндама жасады. Сондай-ақ аталған іс-шараға облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардан келген Мәдениет басқармаларының, облыстық филармониялардың басшылары және шығармашылық ұжымдары мен әртістері қатысты.
Алғашқы сөз кезегін алған Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Роза Самидоллақызы қатысушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, бүгінгі кездесу мәдениет қайраткерлеріне шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі танытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Кәсіби мереке қарсаңында, елордамыз Астанада ең үздік мәдениет қайраткерлерін жинадық. Бүгінгі бас қосуымызға себеп болған осы төл мерекеміз екені белгілі. Екі күн қатарынан өткізілген шеберлік сабақтарынан сіздер біраз тәжірибе жинадыңыздар деген ойдамыз. Өз бағаларыңызды беріп, жұмыс орындарыңызда бөлісе жатарсыздар. Бұл сіздерге үлкен тәжірибе», деді Р. Кәрібжанова.
Келесі сөз кезегін алған «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Рахметоллақызы өңірлерден келген әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ «Қазақконцерт» басшысы мекеме әртістерінің соңғы кездері республикалық және халықаралық ірі жобаларға белсене қатысып келе жатқанын айтты.
«Жақында біз «Гүлдер» ансамблінің тұсаукесер-концертін елордамыз Астанада және Алматы қаласында өткіздік. Одан бөлек өнер ұжымы әлемдік турне бойынша АҚШ, Франция, Швейцария, Бельгия, Хорватия, Словения, Австрия, Мажарстан елдерінде арнайы концерт беріп қайтты. Тағы бір жақсы жаңалығымыз бар. Бұйыртса, 2-3 маусым күндері «Astana Musical» театры 17-ші халықаралық мюзикл фестивалінде (DIMF) «Роза Бағланова» мюзиклімен өнер көрсету үшін гастрольдік сапарға шығады», деді А.Райымқұлова.
Сондай-ақ мекеме басшысы «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы бойынша былтыр жаңадан құрылған Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарына, Қызылорда облысына, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Петропавл қалаларына, биыл Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарының орталығы мен моноқалаларында, бірқатар аудан мен елді мекеннің халқына «Қазақконцерт» өнер ұжымының арнайы гастрольдік сапарда болып қайтқаны жөнінде де тілге тиек етті. Аталған жоба бойынша 2025 жылға дейін 28 аудан, 29 моноқала, 20 облыс орталығының тұрғындары кезең-кезеңмен қамтылады.
Кездесу соңында Роза Кәрібжанова дөңгелек үстелге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Мәдениетті мемлекет тарапынан қолдаудың тиімді әдістері туралы айта келе:
«Бүгінде мемлекеттік органдар мәдениетке көп көңіл бөлуде. Айта кетерлігі, халықтың мәдени өнімдермен қамтамасыз ету деңгейінің артуы 74 пайызды құраса, бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу жоспарлануда. Осыған орай, байқаулар мен фестивальдер өткізу бойынша шығармашылық бастамаларды жүзеге асыруға қатысты ұсыныстарыңызды қолдауға дайынбыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, дарынды шығармашыл жастарды қолдау үшін халықаралық фестивальдерді ұйымдастыру ісі қолға алынды. Одан кейін дәстүрлі халық музыкасын жыршылар мен термешілер арасында кеңінен насихаттау мақсатында да жобаларды белсендірек ұйымдастырған жөн», деді.
Сондай-ақ Р.Кәрібжанова мекемелердегі штаттық құрылым, еңбекақы мәселесі, жаңа мәдениет саясатының тұжырымдамасының бекітілуі, гонорар төлеу, ескерткіштерді тұрғызу, өңірлердегі режиссерлерді шығармашылық жұмыстарға тарту, ұлттық би, әзіл-ысқақ жанрын жандандыру және т.б. мәселелер жөнінде айтып өтті. Еркін форматта өткен диалог алаңында қонақтар өзара пікір алмасып, жан-жақты жауаптарын алды.
Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.