Ол «Математика» секциясы бойынша «L-тромино-плиткалары» жобасын ұсынып, 1 мың доллар көлемінде сыйақы еншіледі.
– Бір жыл бұрын олимпиадада L-тромино фигурасының көмегімен плиткаларды жанастыру бойынша тапсырма орындадым. Осы тақырыпқа қызығушылық туындап, оны жоба ретінде жасауды қолға алдым. Әлі дәлелденбеген теоремалар бар, соны шешу арқылы келесі жылы да ISEF-ке қатысу жоспарда тұр, – дейді жас математик.
Еске сала кетейік, Сағын – атақты математик Асқар Жұмаділдаевтың ұлы.
Сонымен қатар байқауға Көкшетаудағы зияткерлік мектептің оқушысы Асылхан Қали де қатысып, «Aq Zhol» жобасын таныстырды. Бұл – жүргізушінің халі мен мінез-құлқын бақылауға мүмкіндік беретін бейнетіркегіш. Ол жол-көлік оқиғаларынының санын азайтуға бағытталған.
– Қазақстанның туын әлемдік аренада көтеріп, еліміздің атынан өнер көрсету – біз үшін үлкен мәртебе. Болашақта одан да жақсы нәтиже көрсетуге бар күш-жігерімізді саламыз, – деп Асылхан өз әсерімен бөлісті.
International Science and Engineering Fair – 13 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған STEM жобалардың дүниежүзілік байқауы. Халықаралық іс-шара жыл сайын ұйымдастырылады әрі әлемнің 100 елінен келген 2 мың оқушының арасынан үздіктерді анықтайды.