Жастар • 21 Мамыр, 2023

«Juzz band» – жас өнерпаздар бастамасы

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір «Тәуелсіздік ұрпақтары» деген ұғым бар. Қазақстан жастарының идеясы, сана-сезімі, көзқарасы, өнері, білім-білігі, тағы басқа қабілеттері сынға түсіп, арасынан үздіктері екшеліп, қоғам игілігіне жарап жатса нұр үстіне нұр емей не? Осы идеяны көтерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екенін атап айтқымыз келеді.

«Juzz band» – жас өнерпаздар бастамасы

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қол­дауымен аталған бастама би­ыл сәтті жү­зеге асып жатыр. «Тәуелсіздік ұр­пақ­тары» жобасының грантын ұтып алған Қазақ ұлт­тық өнер университеті кол­леджінің студенті Ертай Ма­мырбеков аталған оқу орнындағы студент достарымен «Juzz band» атты вокалды аспаптық топ құрып, тұңғыш концерттерін беріп те үлгерді.

Өткен апта соңында Қа­зақ ұлттық өнер универ­си­тетінің Еркеғали Рахмадиев атындағы залында алғашқы концертін ұсынған колледж студенттерінің өнерін көп­шілік тамашалады. Кон­цертке Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жастар және отбасы істері бойынша комитетінің төрағасы Қайрат Баймульдинов келіп, жастарға сәт сапар тіледі.

Жаңадан құрылған жас талаптардың алғашқы аяқ алыстары жаман емес. Топ­ты құрушы ҚазҰӨУ кол­лед­жі­нің І курс студенті Ер­тай Ма­мырбеков – бара­баншы, қа­сындағы Сан­жар Смағұлов – пианист, Даниал Иро­машвили – саксофоншы, Асанәлі Лян мен Ернұр Жан­хан – гитарашылар.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» жо­басының өнер және мә­дениет саласына 70-тен аса үміткер қатысып, Ертай Ма­мыр­беков вокалдық-аспап­тық ансамбль құру және концерт өткізу идеясымен жеңіп алды. Бұл біздің университет үшін үлкен мақтаныш қа­на емес, оқу ордамыздың 25 жылдығына тарту болды», де­ді Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінің проректоры Ғайни Мұхтарова құттықтау сөзінде.

Концертте ансамбльдің аспаптық орындауларына эс­трада мамандығының сту­денттері қатысып, көбіне ағыл­шынша, французша әндер шыр­қады. Арасында ғана қазақ тілінде бірер ән орындалды. Жастар мұндай олқылықтың орнын кейінгі кон­церттерінде толтырса құ­ба-құп.