Кәсіпкер • 21 Мамыр, 2023

Жас кәсіпкерлерді жарылқайды

439 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл өңірде 157 жас кәсіпкер төмен пайызбен несие алып, өздерінің бизнес идеяларын іске асырудың мүмкіндігін иеленіп отыр. Пайызы төмен несие отыз бес жасқа дейінгі кәсіпкерлерге жеті жыл мерзімге берілмек.

Жас кәсіпкерлерді жарылқайды

«Аграрлық несие корпорация­сы» бизнес саласында өз идеяларын жүзеге асыра бастаған жастарды қолдау мақсатында жылдық мөл­шерлемесі 2,5 пайыздан аспайтын несие беруді бастап кетті. Бес млн теңгеге дейін берілетін арзан несие­ге Керекуде үмітті азаматтар көп. Қа­рыз алушы кепілге жылжымайтын мүлік, ауылшаруашылығы үшін маңызға ие жер телімдерін, арнайы техникаларды қоя алады.

Ерекшелігі, қаражат бес жылға дейінгі мерзімге кез келген мақсатқа беріле береді. Ал мал шаруашылығын дамытқысы келетіндер үшін несиені төлеу мерзімі жеті жылға дейін ұзартылған. Бұған қоса негізгі қарыз бен сыйақыны қайтару бойынша жеңілдік мерзімі қарастырылған. Оған шағын несиені төлеу мерзімінің үштен бір бөлігінен көп емес уақыт белгіленеді.

Өңірлік жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағдар­ла­малар басқармасының мәліметіне сүйенсек, жуықта жастарды жеңіл­дік­ті шағын несиелендіру бойынша об­лыстық комиссияның отырысы өтіп, онда бизнес жобалар іріктелген. Бү­гінге дейін 20 үміткерден өтінім тү­сіпті. Жас кәсіпкерлер жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, киім дүкені, жылқы, сиыр және ұсақ мал өсіру бойынша өз жобаларын ұсын­ған.

Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша 2,5 пайыздық шағын несиелер бизнесін жаңадан бастағысы келіп отырғандарға немесе бизнесін жүргізіп жатқан жастарға беріледі. Конкурстық жүйе олардың ішіндегі әлеуеттілерін таңдап алады. 2023 жылға өңірге 785 млн теңге бөлінген. Мамандар бұл сома 157 жас кәсіпкерді қамтуға жеткілікті деп отыр.

Негізі Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бұл несиеден бөлек кәсіпкерліктердің өзге де санаттарын қаржыландыруға, несие пайыз­да­рын азайтуға жағдай тудыруда. Мысалы, жүк тасымалымен айналысатын павлодарлық Нариман Мусин алғашқы коммерциялық көлікті несиеге сатып алды. Ол кө­­­лікпен жол құрылысына қажет битум тасымалдайтын жоспары бар. Іскерлік байланыстардың ке­ңеюіне байланысты кәсіпкер «Кә­сіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы бойынша трактор сатып алуға өтініш білдірген. Сөйтіп, екінші деңгейлі банктен жылдық мөлшерлемесі 21,75 пайызбен несие рәсімдейді. Сайып келгенде кәсіп иесі бұл мөлшерлеменің небәрі 6 пайызын ғана төлейді. Қалған айырманы мемлекет субсидиялап береді. Несиені рәсімдеу кезінде Нариман Сайлауұлының кепілге қойған мүлкі жеткіліксіз болып шыққан. «Даму» қоры оған көмекке келіп, жетпеген кепілдің орнын толтырды.

«Бүгінде біздің бизнесіміздің тұрақты тұтынушылары бар. Жұмы­сымызда арнайы техникалар өте қажет. Біздің бизнесте бір орында тұрып қалуға болмайды, үнемі шекараны кеңейтіп отырған маңызды. Ең бастысы, көліктердің жағдайын тұрақты қадағалап, клиенттік базаны толтыруымыз керек. Келешекте жағдайымыз жетіп жатса тағы да арнайы көлік құралдарын сатып алатын жоспарымыз бар», дейді ол.

 

Павлодар облысы