Астана сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Мәсімов пен басқа адамдарға қатысты сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, аталған іс бойынша процеске қатысушылардан апелляциялық шағымдар түсті.
«Бұл іс «аса құпия» белгісімен қаралғандықтан, басқа мәліметтер жария етуге жатпайды», делінген сот хабарламасында.
Еске сала кетейік, 24 сәуірде сот ҚР ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты үкім шығарды. Оның мүлкі тәркіленіп, өзі 18 жылға сотталды. Ол сондай-ақ мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Айта кетсек, Мәсімовтің үш орынбасарына да үкім шықты. Садықұлов 16 жылға, Ерғожин 15 жылға, Өсіпов 3 жылға бас бостандығынан айырылған еді.