Руханият • 22 Мамыр, 2023

Қанағаң аялдаған, Қалмұқан туған үй

915 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әйгілі кентанушы Қосым Пішен­баев туралы мәліметтерді іздеп жүріп, Баянауылда бұрын ел естімеген деректерге кенелдік. Ауданның қақ төрінде кезінде Қаныш Сәтбаев ұзақ уақыт аялдаған, жазушы Қалмұқан Исабаев дүние есігін ашқан көне үй сақталып қалыпты.

Қанағаң аялдаған, Қалмұқан туған үй

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ақбеттаудың баурайын бой­лай қонған Баянауыл кенті Сабын­дыкөлдің солтүстік жағалауын­да, таулы-тасты жерде салынған. Тарихы терең елді мекендегі үй­лердің біразы кезінде тау арасын­да тұрғызылыпты. Біз сөз еткелі отырған, бір ғасырдан аса уақыт бұрын бой көтерген тарихи ғима­рат та жақпар тастар арасында ор­наласқан. Оны 1907 жылы жер­гілікті фельдшер Леонтий Бель­дининов тұрғызыпты. Төңі­ректегі адамдарды дәстүрлі және ха­лық емімен емдеп, шипалы қол­дарымен талай жанға өмір сый­лаған Л.Бельдининов заманында Қаныш Сәтбаевпен өте жақын араласқан.

Қанағаң Томда оқып жүр­ген­­де суық тидіріп, өкпе ауруы­на шалдық­қа­нын білген соң ту­ған жеріне келіп ұзақ емделеді. Сол уа­қытта фельд­шер­ Леонтий Бель­дининов оны Баян­ауыл­дағы ауруха­нада, кей уақытта өз үйінде қабылдап, қымызбен емдейді. Кейінгі жылдары да ғалым туған еліне келгенде ақ желеңді абзал жанның үйіне барып сәлемдесіп, қона жатып кетіп отырған.

Бұл оқиғаны бізге Баянауылдың жергілікті тұрғыны Михаил Баёк айтып берді. Михаил Михаилович – Л.Бельдининовтің шөбересі. Арғы ата­сынан қалған үйді отбасы, ұрпақ­тары­мен әлі күнге паналап отыр.

– Менің әжем Капитолина Черка­ши­наның Қаныш Сәтбаевқа деген ықылас-құрметі өле-өлген­ше ерекше болды. Кезінде Қаныш Имантайұлы осы үйде жиі болып, тіпті біраз уақыт тұрған да екен. Әжем әңгімелеп бергендей, арғы атам Леонтий адамдар­ды емде­ген. Шағын емдеу пунктінде сабан­нан төсектік орындар жасап, ем сұрап келгендердің меселін қай­тар­мапты. Ал бұл баспана кең әрі бөлмелері көп болғандықтан түк­пір бөлмелерді біраз адамдарға жалға берген екен. Бұл жерде Баянауылдан шыққан көптеген тарихи тұлғалар аялдап, біраз уақыт тұрған. Соның ішінде Қа­ныш Сәтбаев та бар. Әжеміз қазақ тілінде жетік сөйлейтін, балалайкамен қазақтың күйлерін шертіп, ән салатын. Қ.Сәтбаевпен жазысқан хаттары көп болды. Ака­демикпен бірге түскен фото­­суреттер және әйгілі кентану­шы Қосым Пішенбаевтың сурет­тері, түрлі құжаттар көп болатын. Өкі­нішке қарай, бұлардың барлығын әже­міз дүниеден өтер алдында жи­нап, өртеп жіберді. Неге олай жаса­ғанын түсіне алмадық, – дейді М.Баёк.

Бұл үйде Қаныш Сәтбаевтың Баян­ауылға келген сапарлары­ның бірінен жалғыз сурет қа­на сақталып қалыпты (сурет ұсы­нылды). Өкінішке қарай, суреттің қашан, қай жерде түсірілгені, ға­лымның жанындағы адамдар­дың кім екендігі жайлы мағлұмат жоқ. Суреттің бұған дейін БАҚ бет­терінде жарық көргені, көрмегені де белгісіз...

Қош. Сонымен Михаил Михаи­ловичті әңгімеге әрі қарай тарта түстік. Ол 2003 жылы үйлеріне майдангер жазушы Қалмұқан Иса­баев арнайы келгенін жеткізді. Қаламгер Қ.Исабаев М.Баёктің әжесімен ұзақ сөйлесіп, бұл ескі ғимарат өзі үшін ыстық екенін айтады.

«Сөйтсек Қалмұқан аға осы үйде дүниеге келіпті. Арғы атамыз фельдшер болғанын айттым ғой. Тағдырдың жазуымен анасын осында босандырған екен. Қаламгер тебіреніп сөйлегені есі­мізде. «Мен осы үйде дүние есігін ашыппын. Кейін есейе келе анау тұрған диванда жатып шыққа­ным да бар», деді. Бөлмелерді ара­лап жүріп естеліктер айтты. Сосын далаға шығып, шылымын тұта­тып алып, бір сәт ойланып тұрып қалды. Ол кісімен фотосуретке түсіп едік, өкінішке қарай, ол да сақталмай қалыпты», дейді ол қын­жылыспен.

М.Баёктің атасы Алек­сандр Чер­кашин заманында өлкетан­у­шылықпен айналысқан адам екен. Жергілікті кентанушылар тура­лы деректер іздестіріп, Қосым жайлы көптеген мәліметті іздеп тапқан. Бұл бағытта Қалмұқан аға да онымен байланыс орнатып, Қ.Пішенбаевтың есімі Ертіс-Баян жерінде салтанат құруына көп еңбек сіңірді. Қаламгер Екібас­тұз көмірін Қосым Пішенбаев­­тың ашқанын дәлелдейтін мақала­лар­­ды дүркін-дүркін жариялап, ­жур­налистік зерттеулер жүргізе­ді. Верхо­турлық бірінші гильдия­лық көпес, тау-кен кәсiпкерi Александр Бенар­дакидiң 1867 жылдың 21 маусымында жазған хатында сол жылдың 12 маусым күнi Екi­бастұз көлiнiң шығысындағы «Қара­бидайық» деген жерде Қосым Пiшенбаев бастаған баянауыл­дық 5 қазақ көмiр кенiн ашқаны туралы деректер та­уып, жарыққа шығарады. Бұл деректі ол Киев қаласының мұрағаттарынан тап­қан. Кейін Екібастұз қаласына Қо­сымның ескерткішін орнатуға атсалыс­ты. Қаныш Сәтбаев қазір­гі «Богатырь» көмір кенішіне Қосым Пішенбайұлының есімін беру әділетті болатынын кезінде айтып кеткен екен. Ғұламаның бұл пікірін Қалмұқан Исабаев нақтылай түскенін білеміз.

Осынау тарихи баспанада тұрып жатқан Михаил Баёк пен оны жұбайы Галина Баёк бү­гін­­де жергілікті Шапық Шөкин атындағы №2 мектепте сабақ бе­реді. Зейнет жасына жетіп қал­ған­ қос ұстаз ұлдары Михаил де бү­гін­де Ресейдің Том қаласында, Қаныш оқыған институтта білім алып жатқанын мақтанышпен жеткізді. Қоштасар сәтте: «Үйіміз­дің қабырғасына Қанағаң мен Қалмұқан Исабаевтың есімдері жазылған тақтатас орнатылса», деген ниеттерін де бүгіп қалмады.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы