03 Маусым, 2010

АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ

1833 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Педагогикадағы: “Орташа мұғалім баяндайды, тәуір мұғалім түсіндіреді, тәжірибиелі мұғалім тәлімдейді, талантты мұғалім шабыттандырады”, – деген қағиданың көбінесе көңілден тыс қалып қоя беретіні рас. Ал, Алтынсарин атындағы алтын ұяның мұғалімдері шабыттандырар санаттан секілді. Шымкент қаласындағы №65 гуманитарлық-эстетикалық мектеп-гимназияның тыныс-тіршілігімен танысып, байқап-бағамдасаңыз, бұған айқын көз жеткізесіз. Ыбырай есімін еншілеген ерекше оқу ордасы осы. Кең-байтақ еліміз бойынша 7700-дей жалпы білім беретін мектеп бар болса, соның 1012-сі Оңтүстік Қазақстан облысында. Оның 89-ы Шымкент шаһарында. 2008-2009 оқу жылының қорытындысында аталмыш мектеп-гимназия облыс бойынша “Ең үздік мектеп” атағын иеленді. Ал, алтын ұяның басшысы Қатира Қырғызбайқызы Кәдірбаева “Мектеп басқарудың үздік үлгісі” атты республикалық байқауда екінші орын алып, арнайы дипломмен марапатталды. Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 гуманитарлық-эстетикалық мектеп-гимназия – Тәуелсіздіктің құрдасы. Тоқсан бірінші жылғы күрделі кезеңде 1251 орындық орта мектеп ғимараты толық бітпеген күйінде пайдалануға берілді. Қалайда қазақ мектебі етіп ашуға қаншама күш-жігер жұмсалды. Қазір ғой, бәрі жеп-жеңіл жүзелене салған секілді сезіледі. Мектеп оқушылары үш айдай әр жерде оқыды. Қар ұшқындап тұрғанда жаңа ғимаратқа жиналған. Алғашқыда 602 оқушы еді. Мұғалімдер бірталай уақыт бойы аяқталмаған жұмыстарды атқарды, аязды-қарлы, желді-құзды күндері терезелерді тазалап жуып, айнадай жарқыратты. Қатира Қырғызбайқызы Жезқазған педагогика институтын 1986 жылы бітірген. Шымкенттегі №24 орта мектепте төрт жыл қатардағы физик мұғалім, жаңа мектепте бір жыл оқу ісінің меңгерушісі, одан соң директор болды ғой. Әуелгіде №65 мектепте түрлі-түрлі балалар, тіпті қылмысқа бейім оқушылар көп болды. Қиын балалар жүздеп саналды. Әлдеқалай боп кетеді деп қауіптенбестен, жаңа мектептің жаңа ұжымы батыл шешімге бел буған. “Эксперименталды мектеп етеміз” дескен. Шымкент қалалық білім бөлімі бірден қарсы болды. “Бастарыңды бәлеге тігіп жүрсіңдер, қалт-құлт еткен, қиын жағдайдасыңдар. Қайдағы эксперимент?!” — десті. Облыстық білім басқармасына озық ойлы Сайлаукүл Барақова жетекшілікке келген. Ол кісі бірден қолдады. Рұқсат берді. Осылайша 1992-1993 оқу жылын бұл мектебіңіз “Гуманитарлық-эстетикалық эксперимент алаңы” атанып бастаған. Бүкіл білім беру мен тәлім-тәрбие жұмыстары сала-салаларға бөлініп жүргізіледі. Қаншама қиын, тәртіптері тіпті төмен, “ойдан қашқан, қырдан қашқан” делінетін оқушылардың өз таңдауларына ерік берілді. Қолданбалы экономика саласы. Қаржы саласы. Технология саласы. Көркемсурет саласы. Шешендік өнер. Музыка. Математика. Физика. Тарих... Кім қай бағытта бейімделеді? Қандай бағдарды қалайды? Нендей саланы таңдайды? Балалардың өз еркінде. Әрбір оқушының өзіндік қызығушылығы ерекше ескерілгеннен кейін, олардың әрқайсысының ынта-ықыласы еселеп артты. 1993-1994 оқу жылында лицей атанды, көп ұзамай-ақ мектеп-гимназия деңгейіне көтерілді. Мектеп басшылығына ата-аналардың өздері келіп, алғыс жаудыратынға айналды. “Айналайындар-ай, өз балаларымызды өзіміз танымайтын болдық! Керемет өзгеріп кетті ғой ұл-қыздарымыз!” — дейтінге көшті. – 1994 жылы Ресейдің Тула қаласында баяншы және аккордеоншы оқушылардың халықаралық жарысы өтті. Сонда үш шәкіртіміз озып шығып, Болгарияға жолдама алды, – дейді Қатира Қырғызбайқызы. – Содан кейін-ақ барлық бағыттарда тірлігіміз алға басты. Тасымыз өрге домалады. Қала бойынша қиын, қауіпті саналған, әупірімдеп әзер қалқайған қазақ мектебіне келіп оқуға таласатындар күрт көбейді. Алтын белгі 1998 жылы белгіленді ғой. Облыс бойынша төрт-ақ түлек сол белгіге ие болды. Төртеудің бірі біздің оқушымыз еді. Келесі жылғы бесеудің бірін тағы да біздің шәкіртіміз иеленді. Содан бері Алтын белгі үзілген емес. 2006-2007 оқу жылында Алтынсарин мектеп-гимназиясы 18 Алтын белгі алды. Қазірге дейін 54 Алтын белгіге, 94 үздік аттестатқа қол жеткіздік. Ұлттық бірыңғай тестілеуден ылғи алдыңғы саптамыз. Он сегіз түлегіміз Елбасымыздың “Болашақ” бағдарламасы бойынша АҚШ-та, Австралияда, Англияда, Жапонияда, Қытайда, Малайзияда, тағы басқа да бірқатар шет елдерде білім алуда. Өткен оқу жылы да біз үшін жемісті болды. Мектебімізді 133 түлек бітірді Олардың оны Алтын белгі, алтауы үздік аттестат иеленді. Бітірушілердің 72 пайызы мемлекеттік гранттарды жеңіп алды. Мәселен, Нұрмұхамбет Кенжебеков КИМЭП-ке, Аман Қонысбеков “Болашақ” бағдарламасы бойынша Оксфорд университетіне қабылданды. Мектеп-гимназия директорының жұмыс бөлмесі. Үлкен қабырға тұтастай Алғыс хаттарға толы. Олардың басым бөлігі ҚБТУ-дан (қазақ-британ университеті) келіпті. Университет президенті Алтынсарин атындағы алтын ұяның басшылығына, мұғалімдеріне, бүкіл педагогтарына рахмет айтады. Грантпен оқып жатқан шәкірттердің білім сапасы үшін. Тәлім-тәрбиесі үшін. Мектеп-гимназияда “Ұрпақ саламаттылығы – ұлт болашағы” – деген бағдарлама бойынша жүйелі жұмыс қалыптасқан. Мұнда құрғақ ақыл айтылмайды. Бәрі тиісті пәндер, жаңа технология, әсерлі әдістемелер арқылы жүзеленеді. Алтын ұяда жүзден аса үйірме жұмыс істейді дегенге алғашқыда онша илана қоймайсыз. Аралап жүріп, бірте-бірте көз жеткізесіз. Таңғы сағат сегізде байқатпай ғана барсаңыз, сексен баланың бір де бірі кешікпестен каратэ үйірмесіне қатысып жатқанын көресіз. Қолданбалы өнер үйірмесіне қатысатындардың өнеріне таңғаласыз. Графика, керамика үйірмелеріне дейін бар. Домбыра, қобыз, пианино, ән мен би, хор, “Толқын” атты драма үйірмесі, шешендік өнер... Футбол секциясының өзі әлденеше топқа бөлінеді. Волейбол да солай. Қыздар бірнеше топ, ұлдар бірнеше топ. ЮНЕСКО-ның “Балалар әлемі бейнелейді” бағдарламасы бар. Сол бағдарламаның аясындағы конкурста Алтынсарин атындағы алтын ұя жыл сайын жүлде алады. Арнайы кітаптарына шыққан. Қолданбалы экономикадан АҚШ-ыңыздың Колорадо штатында өткен конкурста үшінші орынға ие болған. Саз сыныбының түлегі Ерден Жақсыбековтың АҚШ-та өткізілген ән байқауында бас бәйгені жеңіп алғаны да жұртшылықтың есінде. Шет елдерге шығуға жол қаражат, т.б. материалдық көмек керек, әрине. Осы орайда “ПетроҚазақстан Ойл Продактс” ААҚ-ның демеушілік қамқорлығы айтарлықтай. Күні кеше ғана Шымкентте Шәкәрім шығармаларын жатқа айтуға арналған қалалық байқау өткен еді. Сонда жетінші сынып оқушысы Шыңғыс Әбдірайым бірінші орынды, ал Махамбет оқуларында оныншы сынып оқушысы Қажығали Боранбаев бас жүлдені иеленді. Мұндай мысалдар тіпті көп. Бұл алтын ұяның ұстаздары да небір жарыстарда озып шығып жүр. Мектеп директорының орынбасары Әлима Мәлікова Білім және ғылым министрлігі мен “Бөбек” қоры ұйымдастырған байқауда республика бойынша “Ең үздік мұғалім” атағын жеңіп алды. Қатира Қырғызбайқызы айтады: “Біздегі оқушылардың өзін-өзі басқаруына арналған бағдарлама “Болашақ” деп аталады. Мектебімізде ауланы ластау, қабырғаларға жазу, партаны сызу, дөрекі сөйлеу сияқты қылықтар ұмыт болғалы қашан. Мәдени-эстетикалық деңгей биік. Тәртіп пен тазалық деңгейі жоғары. Ұстаздар оқушыларға толық сенеді, толық ерік береді. Солай қалыптасқан. Шәкірттер өздерінің арасынан “Білім министрін”, “Мәдениет министрін”, “Спорт министрін”, “Экология министрін”, “Тәртіп және тазалық министрін” сайлайды. Олардың жүргізетін жұмыстары өте қызық, қиындықтары да бар. Іс-шаралар, жарыстар, байқаулар, баспасөз мәслихаттары, талқылаулар қызу өтіп жатады. Қысқартып айтсақ, оқушылардың бөтен-бөгде қылықтармен айналысуына уақыт та жоқ. Оқушылардың өтінішімен, “министрліктердің” қолдауымен кітапханаға да компьютер қойып, интернетке қосып бергенбіз. Кітап әлеміне шәкірттеріміз өте жақын. Талантты ұстаз шәкірттерін шабыттандыра біледі деген қағида мұнда ерекше ескеріледі. Саз кафедрасының жетекшісі Роза Әмірина, қолданбалы өнерге баулудың бапкері Айман Саудагерова, математика майталманы Ғалия Қожахметова, бастауыш сыныптардың саңлақтары Зәбира Сұраншиева, Несіпкүл Әлімтаева, Нұржамал Қыпшақбаева, Гүлләззат Рүстембекова мектеп ашылғалы бері осы ұжымда. Географ Лиза Қожақова, ағылшын тілінің білгірлері Марфуға Күнтаева, Аманкүл Шынәлиева, физиканың білімпазы Зеберкүл Төлекова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің дүлдүлдері Әлия Тұрсынбекова, Гүлфара Бекжанова, Нұржамал Сұлтанбекова, орыс тілі мен әдебиетінің әйдіктері Аида Айтқожаева, Гүлнәр Ошқарова, бейнелеу өнерінің дәріскері Ләззат Жүзеева, тағы басқа да ізденімпаз мұғалімдер әрбір оқушының жан-дүниесіне үңіліп, ерік-жігерін жалындата жұмыс істейді. Жақында біз мектептегі “Толқын” драма үйірмесі қойған спектакльді көрдік. Дулат Исабековтің “Тыныштық күзетшісі” деген дүниесі сахнаға шығарылды. Ұстаздар, ата-аналар, ардагерлер, өзге де көрермендер ризалықтарын білдірді. Шәкірттер шабыттана ойнады. Мархабат БАЙҒҰТ, “Егемен Қазақстан”.