Музей • 23 Мамыр, 2023

Мұстафаның мөрі

793 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанадағы Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясында тағылымды бір шара өтті. Түркі әлемінің көсеміне айналған тұлғаның өзі пайдаланған үш дана мөртаңбасының түпнұсқасы аталған білім орда­сындағы ұлт қайраткерінің музейіне салтанатты түрде табыс етілді. Мазмұнды шараға шоқайтанушы ғалым, Түркиядағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара, саяси ғылым­дар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір және Шоқай әулетінің бүгінгі ұрпағы қатысты.

Мұстафаның мөрі

Бұл мөрді музейге Мұстафа Шо­қай ұрпақтарының бірі, журналист Гүл­баршын Зайырова тапсырды. Оның айтуынша, Алаш ардақтысы 1939 жылға дейін құжаттарында өз қолымен осы мөрін басқан. Мұнда оның аты-жөні мен тұрғылықты мекенжайы француз тілінде жазылған.

 «Бұл мөрді негізі Мұстафа атамның аяулы жары Мария Шоқай өмірден өтер алдында өзінің рухани баласы Әлім Алматқа тапсырып кеткен. Сонымен қатар Мария әжеміз ол кісіге ерінің жазу машинкасын,отбасылық альбомын, хаттары мен құжаттарын аманат етіп беріпті. Кейін Әлім атамыз бұл заттарды қартайған шағында белгілі шоқайтанушы ғалым Бақыт Садықоваға өз қолымен өткізген. Біз осы музей ашыл­ғанда Бақыт апамызды арнайы іздеп барып, біраз жыл көзінің қа­ра­шығындай сақтаған атамның жазу машинкасын алып, осында әкеп қойдық. Енді мөрін әкеліп отырмыз. Бақыт Са­дықованың шоқайтанудағы еңбегі өте зор. Ол кісіге алғысымыз шексіз», дейді Г.Зайырова.

Одан кейін сөз алған профессор Әбдіжәлел Бәкір түркі әлеміне ортақ тұлғаның қайраткерлігі туралы парасатты ой қозғады. Ал осы іс-шараға сонау Түркиядан келіп қатысқан шоқай­танушы Әбдіуақап Қара Мұстафа Шоқайдың ұлт тәуелсіздігі тарихында орны бөлек тұлға екенін айтты.

«Біз бүгін тәуелсіздігімізге тәубе дейтін болсақ, ол – Мұстафа секіл­ді Алаш арыс­тарының азаттық жо­лын­дағы күресінің жеңісі. Отаршыл елдер Мұстафа Шоқайдан қатты қорықты. Шын­ды­ғында, Мұстафаны ақтау қажет емес. Оның ешқандай қылмысы жоқ. Тек ұлы тұлға туралы тарихи әді­лет­тілікті орнату керек. Бүгінгі іс-шара – соның бірі көрінісі. Жүз жылдан кейін көр­некті қайраткердің мөрі елорда төріндегі өзінің атындағы мектептің мұражайына тапсырылып отырғаны – әділеттіліктің орнағаны деп білеміз», – деді ғалым.

Сондай-ақ іс-шара аясында Мұс­тафа Шоқай атындағы мектеп оқу­шылары әзірлеген алып тұлға өмірінен бір үзік сыр шертетін әдеби-компо­зи­ция көрсетіліп, «Мен қашанда жан-тәнім­мен сенімен біргемін» атты көрме ұсынылды.