«Astana Hub»-тың хабарлауынша, жас IT-компаниялар «Hero Training» бағдарламасының екінші кезеңіне сәтті өтті. Бағдарламаны «Draper University» мен «Draper Fisher Jurvetson» венчурлық компаниясының негізін қалаушы Тим Дрейпер ашты.
Бастапқыда бағдарламаға 199 стартаптан өтінім түскен. Соның 80-і преакселерациядан өтіп, нәтижесінде 15 үздік жоба таңдалған. Олар – «Flowsell.me», «ozen», «CITIX», «SpaceLab», «Smartestprep», «BEEP», «Beyne.ai», «Sqm-invest», «Connected Home Ltd.», «Med365», «Big Dream Lab», «Alaqan Technologies» (барлығы – Қазақстан), «Smart Technologies» (Қырғызстан), «FIBO CLOUD» (Моңғолия), «Medixbot» (Түркия).
Сондай-ақ төрт стартап («Beyne.ai», «GoDays», «BEEP» және «Smartestprep») әрқайсысы 30 мың доллар тұратын «my ventures» бағдарламасының серіктесінен инвестиция алды.
«Бұл – біздің стартаптарымызға алғаш рет ұсынылып жатқан бірегей мүмкіндік. Қатысушылардың құрамы әртүрлі болғанына қуаныштымыз. Отандық стартаптармен қатар Қырғызстан мен Моңғолиядан келген стартаптарға Кремний алқабында оқуға мүмкіндік бердік. Сондай-ақ біздің бағдарламаға алғаш рет Түркия стартапы қатысып жатыр. Сонымен қатар екі апталық преакселерация нәтижесі бойынша «Draper University Ventures» командасы 15 финалистен басқа «follow-up meeting»-ке тағы да бірқатар жобаны шақыру туралы шешім қабылдады. Бұл қатысушыларға «Draper University's dedicated alumni fund» атынан 100 мың долларға дейін қаржыландыруды тартуға қосымша мүмкіндік беріледі», деді «Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев.
«Astana Hub» және «Draper University» серіктестігі аясында Кремний алқабында стартаптар қарқынды акселерация бағдарламасынан өтеді және өз жобаларын әлемдік нарыққа, оның ішінде АҚШ нарығына масштабтауға мүмкіндік алады.
Қарқынды акселерациялық бағдарлама «Draper University»-дегі кампус базасында өтеді. Алты ай бойы барлық стартапқа баспана мен жұмыс кеңістігі ұсынылады. Осы кезеңде қатысушылардың тәжірибелі технологиялық кәсіпкерлер мен «Draper» экожүйесі сарапшыларының жетекшілігімен инвестиция тартуға және АҚШ нарығына шығуға бірегей мүмкіндігі болады.
Кремний алқабындағы оқу кезінде стартаптар үшін «Demo Day»-ге қатысу (офлайн), нетворкинг, сарапшылардың сараптамасы мен тәлімгерлігі қолжетімді болады әрі оларға АҚШ-тағы «Astana Hub» халықаралық агенттігі қолдау көрсетеді.
Айта кетейік, осы жылдың 10 наурызында Сан-Матеода (Калифорния штаты) еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің АҚШ-қа ресми сапары кезінде «Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев пен «Draper University» президенті Асра Надим ынтымақтастық туралы шартқа қол қойған болатын.
«Draper Ecosystem» – инновациялық экожүйені қолдау үшін озық фасилитаторлар мен тәлімгерлердің, салалық сарапшылардың, корпоративтік серіктестердің және инвесторлардың теңдесі жоқ желісін ұсыну арқылы таланттарды, сарапшыларды және инвесторларды біріктірудің бірегей тәсілі. «Draper University» негізін венчурлық капитал бизнесінде 38 жылдық тәжірибесі бар Тим Дрейпер қалаған. Оның басқаруында 11 қор бар, оған 7,7 млрд доллар инвестиция салған.