Ел Тәуелсіздігі экономиканың мықтылығымен ғана мығым екені мәлім. Ал экономиканың қуатты болуы елдегі әр мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өндірілген өнімдерді толық өңдеп өз қажетіңе жарата білуде. Одан қалса, әлем нарығына шығарып пұлдай білу екені белгілі. Сонда ғана экономикалық тәуелсіздік нығайып, ел іргесі беки түспек. Бүгінгі мақаламызға Ататүріктің «Бір зауыт – бір қамал» деген қанатты сөзін тақырып етіп алуымыздың мәнісі де осында.
Қазақстанның тұрақты экономикалық өсуі мен келешек мақсаты дүниежүзілік нарыққа еркін еніп, мүдделес елдермен экономикалық тұрғыда ықпалдасу екені аян. Осы мақсатқа жету үшін арнайы бағдарламалар түзіліп, ірі жобаларды іске де асырып жатыр. Үдемелi индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы дайындалып, елді индустрияландыру шарасы қолға алынды. Нәтиже жаман емес. Десек те, мақсатты бағдарламаны жүзеге асыру ісінде шалағайлықтар да бар. Соны байқаған ел Үкіметі бағдарламаның екінші бесжылдығын дайындауда орын алған кемшіліктерді жібермеуге барын салуда. Әсіресе, жеңіл өнеркәсіпті өсіріп, өрлетуге ынталы болып отыр.
Бағдарламаның негiзгi мiндеттерiнің бірі, шикiзатты толық өңдеп, сыртқы нарықтарға бағытталатын мүмкіндігі мол, сапасы жоғары өнiм өндiру болып тұр. Соның есебiнен жеңiл өнеркәсiп өнiмдерiне деген iшкi нарықтың қажеттiлiгiн қанағаттандыру да ойда бар. Осы мақсат толығымен жүзеге асырылса еңбекке қабiлеттi халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі өздігінен шешіледі екен. Қазіргі уақытта республикада 1,5 мыңнан астам жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыс істейді. Оның 90 пайыздан астамын шағын және орта кәсіпорындар құрайды. Олардың басым көпшілігінде қызмет тұтқасын нәзік жандылар ұстаған. Нақты мәліметтерге жүгінсек, салада 12 мыңнан астам адам еңбек етіп жүр. Ал 800 мыңнан астам шағын және орта кәсіпорындарда 2,4 млн. адам еңбек етеді. Аталған секторда өндіріс көлемі соңғы 4 жылда 1,6 млрд. теңгеден 8,3 млрд. теңгеге дейін өсіпті. Оны Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Бақтыбай Қасымбеков айтты.
Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінде шығарылатын өнімдердің 51 пайызын тоқыма бұйымдары, 42 пайызын киім өндірісі, 7 пайызын былғары мен соған қатысты өнімдер құрайды. Өткенге көз салсақ, 2008-2013 жылдар аралығында жеңіл өнеркәсіп саласында экспортталатын бағалы өнімдердің бағасы 2,4 есеге өсіп, 39,3 млн. АҚШ долларынан 95 млн. АҚШ долларына дейін жеткен. Тоқыма саласындағы негізгі шикізат көзі мақта мен жүн. Қазіргі уақытта елімізде шамамен 100 мың тонна мақта талшығы өндіріліп, оның 95 пайызы экспортталады. Осылайша, мақта талшығының 95 пайызы шикізат күйінде шетел асып, отандық тоқыма кәсіпорындарына тек 5 пайызы ғана, яғни жылына 5 мың тоннасы ғана қалады екен.
Негізі елімізде өндірілетін мақтаның 30 пайызын отандық кәсіпорындар игеріп, өңдей алады. Алайда, басқару жұмысындағы ұқыпсыз менеджменттің салдарынан «Textiles.KZ» компаниялар тобының тарақтық және кардтық жіптер өндіретін «Ютекс» АҚ және «Меланж» АҚ кәсіпорындары 2010 жылдан бері қаңтарылып, тоқтап тұр. Енді оларды қайта іске қосу шаралары қарастырылып отыр. Арнайы жоба да жасалып қойған. Ол Қазақстан Даму банкі мен «ҚДБ-Лизинг» қолдауымен іске асырылып жатыр. Жобаның құны 5,4 млрд. теңге болды. Қазір Оңтүстік Қазақстан облысының тоқыма кластері кәсіпорындарын айналым қаражатымен қамтамасыз ету үшін несие бөлу жұмысы жүргізілуде. Аталған кәсіпорындар толық қуатында іске қосылғанда тоқыма кәсіпорындарының мақта-мата жіптеріне деген мұқтаждығын толықтай қамтамасыз етіп, жаңадан 500 жұмыс орны ашылады.
Әйткенмен де, қазіргі күнде де ауызды құр шөппен сүртпеген дұрыс. Себебі, әлемдік экономикалық дағдарыс кезеңдеріне қарамастан, үздіксіз жұмыс істей білген кәсіпорын да бар. Ол мақта-мата жіптері мен мата өндіретін SouthTextiline.kz компаниясы. Оның 2013 жылғы жүктемесі 65 пайызды құраған. Бұдан көретініміз, отандық кәсіпорындарда кейір басшылар жұмысын дұрыс жоспарлай білсе, ендігі біреулері мемлекетке қол жайып, көмек күтіп отыр. Десек те, ағымдағы жылы Индустрияландыру картасы шеңберінде кілемдер мен кілем бұйымдарын шығаратын «Бал Текстиль» фабрикасы іске қосылды. Оның жылдық қуаты 2,3 млн. шаршы метр кілемді құрайтын болады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру басталғалы бері жеңіл өнеркәсіп саласында 15 кәсіпорын іске қосылған. Бұйыртса, осы жылдың соңына дейін тағы 4 кәсіпорынды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның бәрі қазіргі заманғы жоғары технологиялы өндірістік жабдықтары бар кәсіпорындар.
Жүн тоқыма талшықтарының ішіндегі ең қымбаты екені мәлім. Елімізде жүн өндіру 2000-2013 жылдар аралығында 14,7 мың тоннаға артып, 37,6 мың тоннаны құрапты. Республикада жүнді бастапқы өңдейтін, жалпы қуаты 30 мың тоннадан асатын 15 кәсіпорын жұмыс істейтін көрінеді. Жыл сайын 40 мың тонна жүн қырқылады. Оның 15 мың тоннасы биязы, қалғаны жартылай биязы жүн. Өкініштісі, отандық сала кәсіпорындары осы азғана жүннің 70 пайызын ғана игеріп отыр. Бүгінде осы олқылықтың орнын толтыру шаралары қарастырылып жатыр. Әйтпесе, қазіргі уақытта елімізде жүн жіптер өндіретін жалғыз кәсіпорын – «Қостанай жіп иіру-тоқыма фабрикасы» ЖШС ғана. Ол жылына 180 тонна биязы және жартылай биязы жүн өңдеп, одан 60 тонна жіп иіреді.
Негізі елімізде жүннен иірілген жіптерге деген қажеттілік 200 тоннадан асады екен. Қазіргі уақытта бар-жоғы 5 пайызға дейінгі жуылған биязы және жартылай биязы жүн ғана өңделеді. Осыған қарағанда, екінші индустрияландыру бағдарламасының аясында республиканың барлық өңірлерінде жіп иіру-тоқыма фабрикаларын салу мәселесін қарастыру қажет болар.
Тері илеп, былғары жасау халқымыздың ежелгі кәсібі болғаны аян. Бабаларымыз былғарыдан киім, аяқ киім және түрлі тұрмыстық бұйымдар жасап шығаратын. Бұл заттың бәсі мен бағасы қазіргі заманда да жоғары болып тұр. Осы кезде елімізде жыл сайын 10 млн. тері, оның ішінде 2,5 млн. ірі қара мен 7,5 млн. ұсақ малдың терісі жиналады екен. Қолда бар кәсіпорындардың 175 млн. шаршы дециметрге дейін тері өңдеу мүмкіндіктері болса да, дәл осы кезде тек 100 млн. шаршы дециметрге дейін тері өңделіп жатыр. Жиналған терілердің жалпы көлемін тағы да шотқа салып көрсек, республиканың қолданыстағы кәсіпорындары толықтай жұмыс істеген күннің өзінде, барлық жиналған терінің 10 пайызына дейін ғана өңдеуге қауқарлы. Тіпті, өңдеу үлесі осыншалықты аз ғана болса да, кәсіпорындар шикізатпен қамтамасыз етілмей отыр. Былғары шикізатының 90 пайызы Қырғыз еліне асып, одан әрі Қытайға экспортталады.
Осы келеңсіздіктің алдын орау мақсатында, осы уақытта терілердің республикадан тыс шығарылуына уақытша тыйым салу мәселесі көтеріліп, мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталуда. Мысалы, бір одақ аясындағы Беларусь мемлекетіне өңделмеген тері шығаруға толықтай тыйым салынды. Терілерді жинау және оларды өңдеу теңгеріміне жүргізілген талдауларға зер салсақ, терілерді экспорттауға тыйым салынған жағдайда, республикада жалпы қуаты 900 млн. дециметрге дейін тері өңдейтін кәсіпорындар салуға мүмкіндік туады. Олардан түсетін қыруар пайда мен жаңадан ашылатын жүздеген жұмыс орындары еліміздің экономикалық тәуелсіздігін қазіргіден де нығайта түседі.
Шындығына қарасақ, Қазақстан жеңіл өнеркәсіптің барлық секторларын лайықты дамыту үшін жақсы нарықтық мүмкіндіктер ауқымына ие. Алайда, бұл мүмкіндіктер толықтай пайдаланылмай отыр. Жыл сайын импорт артып келеді. Импорт экспорттан 10 есе асып түседі.
Қазіргі уақытта тігін және тоқыма саласындағы кәсіпорындар зияткерлік жабдықтарды қолданып жүр. Десек те, саланы тұтастай алғанда, әзірше оларды пайдалану жеткілікті түрде дами қойған жоқ. Қазіргі өндірісте қарқынды дамып келе жатқан ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы инновациялармен өзара алмасу мәселесі бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізу үшін аса қажетті шарт және ол тұрақты түрде инвестициялар салуды қажет етеді, деді Б.Қасымбеков. Оның айтуына қарағанда, қазір үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша енгізілетін технологиялардың инновациялығына, ғылымды қажет етуіне мән берілетін екінші бесжылдықтың бағдарламасы әзірленуде. Ғылым экономиканың салаларын дамытудың болашағын айқындауы тиіс. Бұйыртса, салада жұмыс істейтін ғалымдар, жеңіл өнеркәсіп технологиялары және сала бұйымдарын құрастыру мамандықтары бойынша оқып жатқан студенттер бұл мақсатты жүзеге асыра алатыны кәміл. Міне, солар болашақта аталған саланы дамыту бағыттарын айқындайтын болады.
Нәтижесінде заманауи зауыт-фабрикалар бой көтеріп, ел экономикасының тәуелсіздігіне тірек болып, бір-бір берік қамалға айналады.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».