Пікір • 24 Мамыр, 2023

Үйлену – оңай...

698 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда бір жолдасым ұлын үйлендірді. Қуанышында шек болмай, ағайын-туған, жора-жолдастарының бастарын қосып, қаладағы мейрамханада той жасады. Кейін маған: «Айбергенов айтқандай, мен де, әйтеуір, бар жиған-тергенімді бір тамаша той қылып өткердім», деп күлген болды. Бірақ күлкісі шынайы емес, жасанды сияқты көрінді.

Сұрап білсем, расында да, күлетіндей жағдайы жоқ екен оның. Қала іргесіндегі ауылдағы шағын жеке үйінің табалдырығын алғаш аттаған келіні жаңа қосылған жұбайына жұрттың көзінше: «Мен көмір жағатын пешпен жылытылатын, дәретханасы аулада орналасқан мұндай үйде бір күн де тұра алмаймын. Қаладан жайлы пәтер жалдап тұрайық», депті. «Өзім де біреудің әлпештеп өсірген, еркетотай қызы менің жаман үйімді үйсінбес деп ойлап, жинаған 5 млн теңге ақшамның 3 млн-нын той өткізуге жұмсап, қалған 2 млн-нын ұлымның ипотека арқылы пәтер алуына қалдыруды ұйғарғанмын. Алайда құдалардың алдарынан өтуге барғанымызда олар: «Ет жақын он кісімізге киіт кигізіңдер!», деп табандап тұрып алды. Тіпті кімге қандай нәрсе және қанша сомаға әперуіміз керектігіне дейін тәптіштеп айтты. Сөйтіп, қолда бар ақшаның көзіне түгел су құйып тындық. Енді баламның қызметінен тапқан табысының жартысынан астамы пәтер жалдауға кететін болды», деп кейіді жолдасым.

Кейісе, кейігендей-ау. Қазекем дәстүрдің озығын ғана сақтамай, киіт кигізу сияқты тозығын да баз баяғыша жалғастырып жатыр. Жас жұбайлардың үйлі-күйлі болу қамын ойлайтын ата-ана шамалы. Ал тұрмыс қиындығына шыдамай, шырқы бұзылып, шаңырағы ортасына түскен жас отаулар көбейіп тұр. Әділет министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр 129 707 жұп некеге тұрып, 51 220 жұп айырылысқан, яғни жаңа үйленген жастардың 39,4 пайызы ажырасып кеткен. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, жас отбасылардың жиі ажырасуының негізгі себебінің бірі – көбінің өз баспанасы жоқтығы. Бұл қиыншылық екінші қиыншылықты – отбасыдағы табыс жетіспеушілігін тудырып, жас шаңырақтарды шайқалтып жатады.

Бүгінде мемлекеттік тұрғынжай қорынан баспана алу кезегінде 636,3 мыңнан астам адам тұрғанын, оның 415,7 мыңы әлеуметтік осал топтарға жататынын ескерсек, тепсе темір үзетін жас адамдарға алабөтен жақсылық жасап, кезектен тыс тұрғынжай әперу туралы әңгіме қозғаудың әзірге қисыны жоқ. Дегенмен мемлекетіміз жұмыс істейтін жастар мен жас отбасыларға мүмкіндігінше қамқорлық жасап келеді. Мәселен, Отбасы Банк «Жас отбасы» бағдарламасын іске асыру үстінде. Осы банкте депозит ашып, кемінде 1 жыл бойы қаражат жинаған жас отбасыларға жылдық мөлшерлемесі 6 пайыздық, сомасы 100 млн теңгеге дейінгі несие 6-9 жыл мерзімге беріледі. Алайда бастапқы жарна – сатып алатын тұрғынжай бағасының 50 пайызын құрайтындықтан, соншама қаражатты жинау жас отбасыларға оңайға соқпай, аталған бағдарлама онша қолжетімді болмай тұр.

2019-2022 жылдары республикалық бюджет есебінен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін 9 536 жалға берілетін жалдамалы пәтер салынды. Енді осы бағдарламаны жергілікті бюджеттерден қаржыландыру және мегаполистерден басқа өңірлерге де тарату ұйғарылған. Бірақ бұған кей облыстың қаржылық мүмкіндігі жете қоюы неғайбіл. Есесіне, Алматы, Астана қалаларында және Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау облыстарында жастарға тұрғынжай сатып алу үшін жергілікті бюджет есебінен жылдық мөлшерлемесі 5 пайыздық, жеңілдікті несие беру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Үкіметтің мәлімдеуінше, мұндай бағдарлама алдағы уақытта өзге өңірлерде де қолға алынбақшы.

Әрине, 5-6 пайыздық несиенің өзін де ай сайын уақытылы төлеп қайтару жас отбасылардың бюджетіне ауыр салмақ түсіретіні анық. Күркесінен аяғы сыртқа шығып жатқан Жиренше шешеннің: «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім!», дегеніндей, тар болса да, өз баспанаң болғанға не жетсін?! Сондықтан ата-аналар қыз ұзату және үйлену тойларын өткізуге дарақылықпен қыруар қаржы шашқанша, жас жұбайлардың тұрғынжай мәселесін екі жақ болып, алдын ала ойластырса, игі. Себебі қазіргі заманда да үйлену – оңай, бірақ үй болу да, үйлі болу да – қиын.