Өткенде мамырдың демалыс күндерін пайдаланып оңтүстік жаққа барып қайтқанмын. Сол кезде «бақытсыз» екеніме көзім анық жетті. Басынан бастап баяндайын. Бағытым – шырайлы Шымкент қаласы еді. Елордадан әжептеуір қашық. Демек оңтүстікке жету үшін менде үш таңдау бар. Біріншісі – ұшақ арқылы жету. Екіншісі – пойыз. Үшіншісі – автобус не жеңіл автокөлік. Бақытсыздығыма дәл осы көктегі ұшаққа билет алмақшы болғанда байқадым.
Елімізде «FlyArystan» деп аталатын лоукостер компания бар. Лоукостер болғандықтан, бағасы да арзан болуға тиіс. Компания да талай мәрте билет құны арзан екенін айтып мақтанғаны есімізде. Бірақ сапарымды екі ай бұрын жоспарласам да, «Ұшатын Арыстанның» құны ұшып тұр. Компанияға сенсек, бәрі арзан, бәрі керемет. Бірақ дәл мен билет сатып алатын кезде қымбаттап кеткені. Барып-қайтуымыз орташа жалақы мөлшеріне жақындап қалғандықтан, басқа таңдау жасауға тура келді.
Лоукостер дегеннен шығады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Англияда «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген едік. Сол кезде лоукостердің рахатын көрдік. Еуропаның біраз түкпіріне темір сұңқарларға мініп араладық. Тұманды Альбионның астанасынан Италиядағы Венеция шаһарына дейін шамамен 9 мың теңгеге ұштық. Римнен Ниццаға дейінгі билетіміздің құны сол кездегі бағамен 6-7 мың теңге көлемінде болды. Тіпті жолдас жігіттердің бірі Ливерпульден (Англия) Дания астанасы Копенгагенге дейін құны екі мың теңгеден сәл асатын билет сатып алды. «EasyJet» пен «RyanAir» аман болсын.
Ұшақ тақырыбынан ауытқымайық. Тоғынызыншы территорияда әуе тасымалдаушы компаниялар динамикалық баға саясаты жүйесін қолданады. Яғни ерте алған билет арзан, кеш алсаңыз қымбатқа ұрынасыз. Бірақ басқа елдерде тұрақты баға қолданатындары да жетерлік. Мәселен, бауырлас Түркиядағы «Pegasus Airlines» де «Turkish Airlines» компаниялары уақыты жақындаған рейстің жолақысын қымбаттатпайды. Бір жыл бұрын алсаңыз да, бір күн бұрын алсаңыз да баға бірдей.
Хош, сапарымызға қайта оралайық. Амал жоқ, қалтаны қақпайтын қарапайым пойызға билет алуға тура келді («Тальгоның» бағасы да шашасына шаң жұқтырмай тұр). Межелі мерзім жеткен соң жолға шықтық. Тағы да сол ресми мекемелерге сүйенсек, елімізде жолаушылар вагондары түгелге жуық жаңартылған. Уақытынан кешікпейді. Бірақ мен «бақытсыз» екенмін. Небәрі мың шақырымнан сәл асатын қашықтыққа бір тәулік жүруге тиіс пойыз 27 сағатта әрең жетті. Жоғарыда тілге тиек еткен Англиядан тағы бір мысал келтірейік. Ағылшындардың локомотивтері мықты ма, кім білсін, басқа көліктерге қарағанда өте шапшаң. Тіпті әуежайға келу, күту, қонғаннан кейін жүкті алуға кететін уақытты ескерсек, пойыздар кей қашықтыққа ұшақтан бұрын жетеді.
27 сағат бойы жол жүрген адам не істейді? Әлбетте, он үшінші мүшесіне айналған телефонға шұқшияды. «Бақытсыз» екеніме осы сәтте тағы бір мәрте көзім жетті. Астананың орталығында мінсіз істейтін телефоным қаладан сәл шыға бере тұтығып қалды. Жылт еткен интернет көрсе де жұмыс істей беретін WhatsApp мессенджері «Жаңа хаттар болуы мүмкін» деген күйі Қарағанды секілді үлкен қалаларға жеткенше өзгерген жоқ.
Ресми деректерге сүйенсек, еліміздің 99 пайызы интернетпен қамтылған. Мұны ойдан шығарып отырғанымыз жоқ, салаға жауапты министрлер мен шенеуніктердің аузынан шыққан сөз. Демек елдің қай түкпіріне барсаңыз да, желіде мін болмауға тиіс. Бірақ құрғыр менің он үшінші мүшем ресми мәліметке бағынбайтын антұрған екен. Үлкен стансалар болмаса, жол бойы қамтылған интернетті таппай әбден әбігерге салды. Мұндай телефонның барынан жоғы. Пойыз терезесінен лақтырып жіберейін деп тұрдым да, ойымнан айнып қалдым. Төленбеген несиесі бар екен ғой әлі...
Негізі, «бақытсыз» екенімді кеш байқаппын. Әйтпесе ылғи осындай келеңсіздікке тап бола береді екенмін. Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде инфляцияға қарамастан, азық-түлік бағасы бақылауда. Тұрмысқа қажетті өнімдер құны қымбат емес. Өкінішке қарай, мен базарға барған күні бүкіл тауардың бағасы аспандап кетеді. Бақытсыздық емей немене? Ресми жиналыстан ресми бағаны естіп шығып, бейресми базарға келгенде бейресми бағаны көремін де, сәйкеспейтініне қайран қаламын. Көремін де, «бақытсыз» екеніме тағы көзім жете түседі.
Осыншалықты «бақытсыз» еткені үшін кімге ренжимін?..