19 Шілде, 2014

Соғыстың соңғы солдаттары

472 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мектеп аксакал Балалық шақтың да, одан кейінгі соғыстың да тауқыметін бір тағдыр иесіндей тартқан адам Мектеп Дүйсенбіұлы дер едік. Ол Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған. Жұт жылдарында Сәркей дейтін әпкесін аш адамдар жеп қойған. Сол сұмдыққа куәгерлердің айтуынша, кісінің төбе шашы тік тұратын бұл қасіретке шыдамаған әке-шешесі көп ұзамай көз жұмады. Осыдан кейін қараусыз, жол бойында бір жақ жамбасы езіліп, өліп жатқан шешесін еміп жатқан алты айлық сәбиді құрсақ көтермеген бір әйел тауып алып, бауырына басады. Мектеп аға шаранасында езілген сол жамбасында қалған тыртықты ашаршылық жылдардың таңбасы екенін немере-шөберелеріне ара-тұра мұңдана айтып отыратын. Айтқандай, Мектеп атаны алты айлығында бауырына бас­қан екінші анасы Ұлтудың ниетін Құдай оңдап, бірнеше жыл­дан соң өзі де ұлды болады. Ол кісі соңынан ерген осы бауы­рын өле өлгенше жалғыз інісі ретінде қабылдап, қадірлеп, жақ­сы көріп өтті. Кейін Мектеп ағаны туысқандары Ташкентке алып кетеді де, 1945 жылдың ақпа­­нында әскер қатарына шақы­ры­лы­п, артынша соғысқа аттанады. Атқыштар мектебін бітірген Мектеп Дүйсенбиев 2-гвардиялық танк дивизиясының 51-дербес мина-саперлік батальонына лейтенант шенінде келіп, взвод командирі ретінде қан майданға араласады. Осы кезде соғыс аяқталып, әрі қарайғы әскери қызметін Германиядағы кеңес жауынгерлерінің шек­теулі контингенті құра­мында өткізеді. Кейін Ленин­град әскери округіне жіберіліп, Эстонияның Пала стансасындағы мина алаң­дарын, Новгород облысының аудандарындағы жарылғыш заттар қоймаларын залалсыздандырады. Сөйтіп, жас қазақ аға лейтенанты Еуропаның Австрия, Венгрия, Чехос­ловакия, Польша, Румыния, Болгарияны жаяу кезіп, Ресейдің Ле­нинград облысын аралап, олар­дағы егістік алқаптар мен жолдарды миналардан та­зарт­қан жауынгерлердің бірі. Мектеп ағай 1953 жылы Австрияда саперлік взвод­тың командирі ретінде әске­ри қызметін атқарып жүр­генде Қазақстаннан хат кел­ді. Сөйтсе, соғыстан кейін­гі жылдары оның салдарымен күресіп жүрген кеңес жауын­герлері қатарында М.Дүйсенбиевтің де шетелде жүргенін білетін алыс бір ағайыны оны іздестірген екен. Колхоз төрағасы болып жұмыс істейтін Шарапа дейтін көзі ашық жамағайыны бауырының жат жерде жүргеніне жаны ауырып, елге қайтарудың қамымен тиісті мекемелердің есігін қаққан ғой. Елге келген соң отызға жа­қындап қалған жігітті туыстары ортаға алып, ер жігіттің тамыры туған жерінде екенін айтумен болады. Өзін іздеген Шарапа көкесі Мектептің қазақ қызына үйленіп, Қазақстанда қалғанын қалайды. Үлкендердің кеңесін құп көрген ол досы Андреймен ақылдасып, қай жерде қазақтың жақсы қыздарымен танысуға болатынын сұрастырады. Құрдасы Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесін жағалауды айтса керек. Расында да, білім іздеген, өнер іздеген бойжеткендер мұнда баршылық екен. Сұңғақ бойлы Ұлбан атты шашы ұзын бойжеткен Мектептің көзіне өзгелерден ерек болып көрініп, бірнеше күннен кейін-ақ осы қызбен тағдыр қосақтауға шешім қабылдайды. Мұнан кейінгі жылдарда ағайынның алдында да, қызмет бабында да Мектеп ағамыздың жүзі жарық, абыройы биік болыпты. Сауатты адам Жамбыл облыстық сотында хатшы, аудандық спорт комитетінің төрағасы болып қызметтер атқарады. Мектеп Дүйсенбиев аудандық спорт комитетінде жұмыс істеп жүргенде оның командасы облыстық жарыстардың барлығында жүлделі орындарды ешкімге бермеген. Кейін ол кісі Красногор зооветеринарлық техникумында оқып, өңірдің мал шаруашылығын өркендетуге көп еңбек сіңіреді. Ақсақал Жамбыл облысының Сарысу ауданында зейнетке шыққанша өңірдің өркен­деуіне айтарлықтай үлес қос­қан адамның бірі. Жан жары Ұлбан Әлім­құловамен 12 баланы дүние­ге әкеліп, осылардан көзі тірі 7 ұл-қыз­­ды тәрбиелеп, өнегелі ұрпақ өсірді. Немерелі-шөберелі болды. – Әкеміз бір жағы қатал сияқ­­ты көрінсе де, біз үшін жер бетін­де­гі ең мейірімді, ең қамқор, өмір­ге құштар адам еді. Туылмай ­жатып бүкіл туысқандарынан, әке-шешеден айырылып, соғыс көріп, жат елде өмір сүрсе де, ешқашан айналасындағы адамдарға деген сенімін жоғалтпағаны бізді таңдандыратын. Достарын туыстарынан да артық сыйлап, бағалайтын. Әркімнің әке-шешесі өзіне керемет қой. Бірақ, біздің әкемізді білетін адамдар ол кісіні өте әділ, таза адам деп айтушы еді. 90 жасқа жүзі жарқылдап жеткені де сол абыройы мен адалдықтың арқасы деп ойлаймыз. Қиыншылықты көп көрсе де өте қызықты, күрделі, мағыналы өмір сүрген адам. Әкеміздің айтқан әңгімелері, өмірде көрген оқиғалары талай кітапқа сыяды, – дейді Мектеп ағаның елуге жақындағанда көрген кенже қызы Гауһар. – Біз ол кісінің ши­рақтығына, көңілді отыратынына қарап, Құдай қуат берсе жүз жасайды әлі деп ойлап жүргенімізде өкпесіндегі кінәратын бір емдетіп алайын деп, сергек қалпында аурухана жатты. Соңғы сәтіне дейін ақыл-есін де, өмірге деген құштарлығын да жоғалтқан жоқ. Елде, әлемде нендей жаңалықтар болып жатқанын сұрап, біліп отырды. Әрқайсымызға ақылын айтып, жақсы бір кеңестер беріп, жөн сілтеп отырды. Кенет... Ауруханада көз жұмды. Мектеп Дүйсенбиев өткен жылы ғана өзінің 90 жасқа кел­ген майдандас досы Аман Алпыс­баевтың туған күніне барып, иығына шапан жауып құттықтаған екен. Ғасырға жуық ғұмыр сүрген сүйегі асыл әкелердің де достығы қастерлі. Әр жылғы 9 мамырды бірге қарсы алып, солдат ботқасын ортаға алатын сол досымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығын бірге қарсы алуға сенімді болып жүргенде пәниден бақиға озды. Соғыстың соңғы солдат­та­рының бірі балаларына да, халқына да сүйкімді күйінде соңғы демін үзді. Отанына қорған болды, отбасының тірегіне айнала білді. Соңында жақсы із, жарқын естеліктер қалдырды. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.