Қазақстан • 26 Мамыр, 2023

«Бұл – министрдің бір бұйрығымен шешіп тастайтын мәселе емес» - Мәулен Әшімбаев су тапшылығы туралы

279 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірлерде су тапшылығы мәселесі ең өзекті проблемалардың бірі болып отыр. Соның салдарынан шаруалар түрлі қиындықтарға тап болып, шығынға ұшырауда және жоспарлағандай өнім ала алмай келеді. Мұндай жағдай кешенді тәсілді сондай-ақ депутаттардың ғалымдармен және сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеуін талап етеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бұл – министрдің бір бұйрығымен шешіп тастайтын мәселе емес» - Мәулен Әшімбаев су тапшылығы туралы

Сенат отырысында Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев осы мәселеге тоқталып, аталған түйткілге салалық министрлік басшылығының назарын аударды.

«Кейбір өңірлерде топырақтың ерекшелігіне байланысты негізінен тек күріш өсірілетіні белгілі. Алайда, бюрократиялық кедергілерді көлденең тартып, шаруаларға күріш егуге шектеу қоя алмайтынымыз түсінікті. Онымен мәселе шешілмейді. Бұл жерде жан-жақты ойластырылған, пысықталған кешенді жұмыс қажет. Қалыптасқан жағдайды зерттеп, өзара ақылдасып, осы саладағы сарапшылармен кеңесіп отырып шешім қабылдау керек. Бұл министрдің бір бұйрығымен шешіп тастайтын мәселе емес», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, Палата Төрағасы осы проблема сенаторлардың аймақтарда жергілікті тұрғындармен кездесулерінде де жүйелі түрде көтерілетінін жеткізді. Сондықтан Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде бұл бағытты үнемі бақылауда ұстайды.

Мәулен Әшімабаев көтерілген тақырыпқа сәйкес басымдықтарды іске асыру үшін Сенат Үкіметпен ынтымақтаса жұмыс істеуге де дайын екенін атап өтті. Отырыс барысында жасалған барлық ұсыныс осы іс-шараның қорытындысы бойынша әзірленетін ұсынымдарға енгізіліп, Үкіметке жолданады.