Аймақтар • 29 Мамыр, 2023

Алматыда шетелдіктерден 800 доллар алған такси жүргізушісі ұсталды

140 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қоғамдық орындарда жәбірлеу фактісі бойынша (ҚР ӘҚБтК 449-бабы) такси жүргізушісіне қатысты процесс аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда шетелдіктерден 800 доллар алған такси жүргізушісі ұсталды

Сот қаулысымен такси жүргізушісі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қайталап құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім қабылданды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Ер адам бұрын осы баптың 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ол Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 440-бабымен 2023 жылғы 21 мамырда Алматы халықаралық әуежайының аумағында қоғамдық тәртіпті бұзып, Үндістан азаматын тасымалдау қызметін көрсету үшін табандылық танытқан.

Сот отырысында кінәлі деп танылған азамат жасаған құқық бұзушылығының мән-жайын растап, өз кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінгенін жеткізді.

2023 жылдың 24 мамырында Алматыда Үндістан азаматтарын өзіне 800 доллар беруге мәжбүрлеген такси жүргізушісі қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

21 мамырда алматылық жеке жүргізуші көлігіне Үндістаннан келген туристерді тиеп алған. Оларды Алматы халықаралық әуежайынан қонақүйге мың теңгеге жеткізіп беремін деп уәде еткен. Алайда сол жерде такси жүргізушісі жолаушылардан 1180 доллар талап ете бастаған. Нәтижесінде туристер оған 800 доллар беруге мәжбүр болды.