Қоғам • 29 Мамыр, 2023

Алаш мұратын дәріптеген «Kardeş kalemler»

505 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда «Kardeş Kalemler» журна­лының ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаш қайраткері Сейдәзім Қадыр­байұлына арналған сандарының таныс­тырылымы өтті.

Алаш мұратын дәріптеген «Kardeş kalemler»

Түркітілдес 37 елге тарайтын халықаралық журналды Түркиядағы Еуразиялық жазушылар одағы (төрағасы Якуб Өмероғлы)шығарады. Айына бір рет оқырманға жол тартатын басылымның атауы қазақ тілінде «Бауырлас қаламдар» деген ұғымды береді.

Тобыл төріндегі Алаш қайраткері Сейдәзім Қадыр­байұлына арналған халықаралық ғы­лыми конференцияға келген Түркия ғалым­дарының айтуынша, «Kardeş Kalemler» әдеби-публицистикалық журналында елуден астам мем­лекеттің ғалым-қаламгерлерінің мақалалары, өлең­дері мен прозалық шы­ғар­малары жарияланып тұрады. Кейде шыға­рушылар журналдың бүтіндей бір санын басынан аяғына дейін түркі әле­мінің аса көрнекті тұлғаларына арнайды.

– Мысалы, былтыр Ахмет Байтұрсын­ұлы­ның 150 жылдығына орай бұл журналдың қыркүйектегі саны то­лықтай Ақаңа арналды. Ұлт ұстазын зерт­теу­шілердің еңбектерін жинап, баспаға да­йындаған профессор Нергиз Бирай. Бәріміз бір-бір мақаладан қосып, сол жақта Ах­мет атамыздың мұрасын барынша наси­хаттауға үлес қостық. Ол журналдың тұ­сау­кесері Қазақстан Республикасының Түр­киядағы елшілігінде ұйымдастырылды. Биыл журналдың бір саны Алаш қайраткері Сейдәзім Қадырбайұлына арналып отыр. Шындығында, Сейдәзім атамызды шетел тұрмақ, Қазақстанның өзінде көп адам біле бермейді. Сондықтан бастан-аяқ көпшілікке жылдар бойы беймәлім болып келген Алаш ардақтысының өмірбаяны, тұлғасы, елге еткен еңбегіне арнадық. Мұндағы мақ­са­тымыз – қайраткерді Түркиядағы халыққа та­ныстыру және түрікше білетін жұрт­шылық арқылы әлемге таныту, – дейді PhD, Анкара қажы Байрам Уәли университетінің тарих профессоры Гүлжанат Құрманғалиева-Ерджиласун.

«Kardeş Kalemler» журналының бүтіндей бір саны 2020 жылы қазақтың бас ақыны Абайдың 175 жылдығына арналғаны мәлім.

 

Қостанай облысы

 

Соңғы жаңалықтар