Аймақтар • 29 Мамыр, 2023

Махамбетке арналған мүшәйра

2081 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ елінің тәуелсіздігін аңсап, алдаспан жырымен рухын оятқан батырдың қатарында Махамбет Өтемісұлы да бар. Атырауда ақын әрі батыр тұлғаның туғанына 220 жылдығына орай мүшәйра өтті.

Махамбетке арналған мүшәйра

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламановтың ай­туын­ша, мүшәйраға «Тартынбай сөйлер асылмын» тақырыбы таңдал­ған. Республикалық жазба ақындар мү­шәйрасына еліміздің әр өңірінен 18-40 жас аралығындағы 19 ақын қатысты.

– Мүшәйраны өткізудегі мақ­сат – Махамбеттің ақындық қуа­­тын өлеңдері арқылы наси­хат­тап, жас­тарды бабадан мұраға қалған ше­шендік өнерге баулуды көздедік. Жас ақындар осын­дай мүшәйраға қатысып, шығар­ма­шылық шебер­лігін шыңдайды. Кейінгі буынның қазіргі қазақ по­эзиясына деген құш­тар­лы­ғын оятып, рухани тәрбие­сін жетіл­дір­генін қаладық, – дейді Әбіл Жоламанов.

Сайыста ақындар алдымен өз өлеңін оқыды. Содан соң Махамбет шы­ғар­маларынан үзіндіні жатқа айтты. Соңында 8-10 минутта өлең жазып, суы­рыпсалмалық қабілетін танытты.

– Ақындарға өте күрделі талап қойылды. Оның қатарында сөз тап­қырлығы, өлең мағынасының те­реңдігі, шумақ ұйқасының күр­де­лілігі, әдеби теңеу, эпитет, метафора, көркем мәтіннің орындалу ше­берлігі бар. Мүшәйраға қатысу­­шының дауыс мәнері мен тіл таза­лығына, сахна мәдениетіне назар аударылды, – дейді Жазушылар ода­ғының төрағасы Мереке Құлкенов.

Қазылар алқысының шешімімен атыраулық ақын Асыланбек Шығы­ров бас жүлде жеңіп алды. Ал Батыс Қазақстан облысынан қатысқан Әді­лет Орынбасаров бірінші орынды, павлодарлық Жарқын Әбу екін­ші орынды, маңғыстаулық Жұ­­­ма­гүл Мұрсал үшінші орынды ие­­ленді. Өзге қатысушыларға бел­гілі қа­лам­­­герлер Х.Ерғалиев, Ә.Сәр­сен­­­баев, М.Сатыбалдиев, Ж.Нә­жіме­денов, Ф.Оңғарсынова, А.Ер­шуов, М.Отар­алиев, Н.Әжіға­лиев, Т.До­сы­мов, Д.Жа­зықбаев, М.Не­талиев, Қ.Са­ғиев, А.Өте­генов, Қ.Оразов, К.Нә­биева атын­дағы арнайы жүлде берілді.

 

Атырау облысы