19 Шілде, 2014

Бұл сессия маңызды заңдар қабылдауымен ерекшеленді

476 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
111 (1)Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек СӘДІБЕКОВПЕН әңгіме – Ұласбек Сәдібекұлы, бесінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясының басты ерекшеліктері қандай болды? Депутаттар заң шығару қызметін өздерінің жоғары кәсіби деңгейімен және қарқынды еңбек үрдісімен атқара білді. Бұлай деуімізге негіз бар. Өйткені, осы үшінші сессия барысында күрделі кодекстер мен маңызды заң жобалары қабылданды. Жаңа сессияны ашқан кезде Мемлекет басшысы депутаттық кор­пустың алдына жаңа міндеттер қой­ды. Қоғамды алға дамытатын заңдарды қабылдау қажеттігін атап көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзін­де заңшығарушылық міндеттердің төртінші маңызды блогы деп құқық қорғау заңнамасын жаңғырту және терең реформалауды атап өткен еді. Соған орай Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу, Қыл­мыстық-атқару кодекстерінің жобалары жаңа редакцияда қабылданды. Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекс те толықтай жаңартылды. Осы заң акті­лерін қабылдаудың нәти­же­сін­де, Мемлекет басшысының айтуын­ша, Қазақстанның құқық қорғау және сот жү­йесінің әлем­дік тәжірибені қо­л­дан­ған жаңа құқықтық негізі қалып­тас­тырылады. – Осы кодекстерге жеке-жеке тоқталып өтсеңіз. Кодекстердің жаңа редакциясының маңыз­дылығы неде? – Елбасы: «Кез келген қылмыс пен заң бұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығы мен әділдігіне еш­кім­нің ешқандай да күмәні болмауы тиіс. Сонымен бір мезгілде, құ­қық бұзушыларды еркіне қойып, аза­мат­тардың заңға «жеңіл қарауына» есір­кеу­шілік жасауға болмайды. Жаңа актілерді қабылдау қыл­мыстық сот өн­дірісі жүйесін жаң­­ғыртады. Қазақстандық құқық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды мүлтіксіз қамтамасыз ететін сапалы деңгейге көтеріледі», деді. Жаңа кодекстер осы талаптарға жауап береді деген үміттеміз. Қылмыстық кодекс қабыл­данды. Кодексте қылмыстық құқық бұзушы­лық­ты бірінші рет жасаған кәмелетке толма­ған­дарға, әлеуметтік тұрғыдан осал адамдардың басқа да санаттарына қылмыстық саясатты ырықтандырумен және ізгілендірумен қатар, қылмыстың барлық жаңа түрлеріне қарсы күрестің негіздері қаланған. Енді криминалдық қызметтің белсенділігі байқалатын салаларда жазалау қатаңдатылды. Сондай-ақ, ұлттық келісім тұғырына нұқсан келтірудің және әлеуметтік арандатудың кез келген әрекеті үшін қатаң жазалау көзделеді. Кодексті қабылдау адамның құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін сапалы қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді. Сол сияқты Қылмыстық-атқару ко­дексі де қабылданды. Бұл кодекс сот­тал­ған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы дең­гейін және қылмыстық жазалауды орын­даудың тиімділігін барынша арт­тыру мақсатында қылмыстық-ат­қару заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған. Кодексті қабылдау қоғамнан оқ­шау­лаумен байланысты емес қыл­мыстық құқықтық шараларды анағұрлым кеңі­нен пайдалану, сотталған адамдарды және жазаны өткеруден босатылған адам­дарды әлеуметтік оңалту және бе­йім­деу, сондай-ақ, сотталған адамдар­мен жүр­гізілетін тәрбиелік процес­ке жұрт­шылықтың қатысу тетігін қалыптастырады. Қылмыстық іс жүргізу кодексі­нің қабылдануы да маңызды істің бірі болды. Кодексті қабылдаудың мақсаты қыл­мыстық сот ісін жүргізуді одан әрі жетіл­діру және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы тиімді қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады. Биыл Қазақстан Республи­ка­сының Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодексі жаңа редакцияда қабылданды. Бұл құжат Президенттің 2009 жыл­ғы 24 тамыздағы Жарлығымен бекітіл­ген еліміздің 2020 жылға дейінгі кезең­ге арналған Құқықтық сая­сат тұжырым­дамасына сәйкес дайындалған. Кодекс әкімшілік заңнаманы ізгілендіруге бағыт­талған. Әкімшілік жаза ретінде ескертуді қолдану аясын кеңейту, сондай-ақ, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін санкциялар мөлшерін екі есе және жеке тұлғалар үшін кейбір айыппұлдар құрамдарын азайту көзделді. Әкімшілік жауапкершілікке тарту рәсімдері жаңғыр­тылды. – Қандай жаңа заңдар қабылданды? –­ Бұл сессия маңызды заң­дарды қа­был­дауымен ерекше­ленді. Осы сессия барысында республикалық бюджет сала­сына, қаржыға қатысты бірқатар заңдар қабылданды. Оның бәрі ел экономикасын тұрақты дамытуға, бюджеттің кірісі мен шығысын дер кезінде реттеп отыруға ық­пал етеді. Ең бастысы, нақты бағдарламалар бойынша жыл басында бөлінген қаражаттардың мақсатты жұмсалуына және олардың толықтай игерілуіне баса маңыз беріліп отыр. Қаржы саласының күрделі екенін жақсы білеміз. Жуырда қос палатаның бірлескен отырысында Үкіметтің және Республикалық бюджеттің ат­қарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2013 жылға ар­нал­ған есептері тыңдалды, оның қалай атқарылғаны жөнінде жан-жақты хабардар болдық. Орын алған кемшіліктердің себептері ашып көрсетілді. Депутаттар тарапынан ұсы­ныстар мен ескертпелер айтылды. Жалпы, тұтастай алғанда, республикалық бюд­жет­тің атқарылуы 99,3 пайызды құрады. Сенат және Мәжіліс депутат­тары өткен жылдың есебін бекітті. Елбасының парламентшілерге жүк­теген міндеттерінің бірі – халықара­лық келісімдерді заң­дастыру. Өз сөзінде Президент біздің еліміз үшін маңызды бағыттың бірі Қазақстанның өзге елдермен қол қойған мемлекетаралық келісімдерді ратификациялау екенін атап өткен еді. Соған орай осы сессияда көптеген елдермен Қазақстан арасында жасалған келісімдер, шарттар және хаттамалар заңмен бекітілді. Бұл құжаттар елдің экономикалық әлеуетін арт­тыруға, инвестиция тартуға, Қазақстанның әлем алдындағы сая­си ұстанымдарын нығайта түсуге қызмет етеді. Міне, осындай 30-дан астам халықаралық құжаттар ратификацияланды. Сонымен қатар, Кейбір заң­на­ма­лық актілерге Қазақ­стан­ның пошта байланысы сала­сы­н­­дағы заңнамасының норма­ларын Дүниежүзілік пошта ода­ғы актілерінің нормаларымен біріз­дендіру және пошта опера­тор­ларының қызметін реттеу мәселе­лері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізілді. Бұл заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына жетекшілік жасадым. – Бұл депутаттар әзірлеп, Мәжіліске ұсынған заң жобасы ғой? – Иә, осы заң жобасына әріп­тестеріміз Ш.Өтемісов, З.Балиева, Х.Валиев, Г.Исім­баева, С.Оспанов, М.Пішембаев, А.Самақова, Г.Сейітмағанбетова, Е.Тарасенко бастамашы болды. – Енді қоғамдық маңызы зор заңнамалық актілерге тоқталсаңыз. – Осы сессия кезеңінде «Кәсiптiк одақтар туралы» жаңа заң жобасы қаралып, мақұлданды. Заң жобасының жаңа редакция­сы Мемлекет басшысының 2012 жылғы 10 шілдедегі «Қазақ­станның әлеуметтік жаң­ғыр­тылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында және Президенттің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жол­дауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген. Қазақстан қоғамының әлеу­меттік-экономикалық жағ­дайы, қазіргі кез­дегі құқықтық болмыс кәсiптiк одақ­тар туралы заңнаманы одан әрі жетіл­діру қажеттілігін айқындап берді. Кәсіподақ­тар еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінде жаңа заманның сын-қатерлеріне жауап беруі тиіс. Заң жобасы қызметкерлердің мүдделерін білдіру және қорғауға, әлеу­меттік-еңбек дауларының алдын алу бойынша кәсіподақ ұйымдары қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Осы сессияда еліміздің кейбір заңна­ма­лық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін реттейтін заң қабылданды. Заң нормалары тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне қарсы іс-қимыл және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған адамдарға жәрдем көрсету жөніндегі құқықтық шаралар кешенін көздейді. Соған орай бірқатар кодекстер мен заңдарға түзетулер енгізілді. Маңызды заң жобаларының бірі деп «Қазақстан Республика­сындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасын айтар едім. Бұл жаңа заң жо­ба­сы талқылану үстінде. Бүгінгі таңда атал­ған заң жобасы бойынша құрылған жұ­мыс тобының мү­шесімін. Жұмыс тобы­на әріп­­тесім Мейрам Бегентаев жетекшілік етеді. – Шынымен де, жастарға қатысты өзекті мәселелер аз емес. Бұл заң жобасына қандай ұсыныстар беріп отырсыз? – Заң жобасының мақсаты – жастарды мемлекеттік және қоғамдық өмірге тарту, олардың бәсекелі артықшылығын арттыру үшін жағдайлар жасау, жастарға арналған әлеуметтік инфрақұрылымға тең қол жеткізуді қамтамасыз ету. Бұл заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделген. Бұл өте мән беріп қабылдайтын заң болуы керек деп есептеймін. Жастар туралы заңның өміршең болып шығуына депутаттар өте белсенді атсалысуда. Көп­теген күрделі мәселелер осы заңнамалық актіде шешімін табады деген сенімдеміз. Депутаттар заң жобасын әлі де жетілдіре түсу бағытында еңбектенуде. Шын мәнінде, жастар бізді қолдайтын заң қабылданады деп күтіп отыр. Сондықтан ол жастардың проблемаларына жауап табылатын заң болуы тиіс. Жастардың өркениетті заманда жан-жақты дамуына, қоғамда өздерінің орнын көрсете білуіне мүмкіндік жасайтын заң ғана өміршең болатыны сөзсіз. Жастардың алдында тұрған мәселелер жетерлік. Жұмысқа орналасу, оқу орнын бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша жұмыспен қамтылуы, сондай-ақ, студент жастардың жатақханада тұру, қоғамдық көлікте жеңіл­дік­пен жүру мәселелері кешенді түрде шешуді қажет етеді. Әри­не, мұның барлығы қосымша қомақты қаржыны талап етеді. Заңға осындай нормалар көзделуі тиіс деген оймен біздер бұл ұсы­ныстарымызды Үкіметке жолдап отырмыз. Сонымен қатар, осы жұмыс кезеңінде парламентшілер дене­шынықтыру және спорт туралы және басқа да заңдар­ды қарау және қабылдау барысында тыңғылықты еңбек етті. Өйткені, елімізде бұқаралық спортты дамытуға, сол арқылы халық денсаулығына ерекше мән беруге баса назар аударылып отыр. – Жаһандық дамуға байланысты өзіңізді алаңдатқан, ұрпақ тәрбиесі үшін аса қажет заң жобасы деп қайсы құжатты атар едіңіз? – Бұл ретте, әріптестерім А.Смайыл, С.Бычкова, Г.Исім­баева, Г.Сейітма­ған­бетова бастамашы болған «Балалардың денсаулығына және дамуына зиян тигізе­тін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасының маңыздылығы туралы айтар едім. Бұл құжат әлі талқылану үстінде. Өзім осы заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының мүшесімін. Заң жобасы балалардың ақпараттық қауіп­сіздігін қамтама­сыз етуге бағыттал­ған. Осы заңды қабылдаудың өзектілігі балалардың әлсіз топқа айналуымен түсіндіріледі, олар жаңа ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында (Интернет, ұялы және басқа да байланыс түрлері, сандық хабар тарату) ақпараттың теріс ықпалына ұшырап отыр. Таратылатын ақпарат, көбінесе, балаларға пси­хи­калық кері әсер етіп, агрессияға, қатыгездікке, қоғамға қарсы әре­кеттерге итермелейді. Қазір Мәжілісте «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнама­лық актілеріне мақта саласын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Бұл заң жобасына Парламент депутаттары Қ.Айтаханов, А.Қоңыров, Р.Мәдинов, О.Рахманбердиев, Р.Халмұрадов бар бәріміз бастамашы болдық. – Заң жобаның мақсаты қандай? Аталған салада кездесіп отырған проблемаларды шешудің жолдары қарастырылған ба? – Еліміздің оңтүстігінде мақта өндірі­леті­ні белгілі. Олардың бүгінгі күні кезде­сіп отырған проблемалары да аз емес. Со­ған орай заңда Қазақстанның мақта сала­сын дамытуды мемлекеттік қолдаудың бір­қатар жүйелік шараларын заңнамалық дең­гейде бекіту қарастырылады. Заңның же­ке­леген ережелері уәкілетті органның Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасымен, сондай-ақ, мақта саласына қатысушылардың одақ­­тарымен (қауымдастықтарымен) өз­ара іс-қимыл жасау нысандарына арналған. Осы заңның қабылдануы Елбасының Жолдауында Үкіметке орта және ірі тауарлық ауыл шаруашылығы өндірістерін құруға байланысты берген тапсырмасын орындауға ықпал жасайды. Бұған дейін орын алған әкімшілік кедергілерді жоюға және мақта саласындағы заң­намалық реттеуді жетілдіруге бағытталған. Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».