Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Іс-шара «Отан Ана» монументіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Салтанатты рәсімді Қарулы Күштердің ардагерлері, гарнизон әскери қызметшілері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, әскерге шақырылушылардың туған-туыстары тамашалады.
Көктемде әскер сапын толықтырған жастар ант қабылдаған сәттен бастап Қарулы Күштер қатарына қосылады. Әскери ант беру рәсімі – әрбір жас өреннің өміріндегі маңызды оқиға. Дәл осы кезден бастап жас жауынгерлер Отанымыздың нағыз қорғаушысына айналады. Міне, кезекті толқынға да бұл күннен бастап Отанды қорғау деген құрметті миссия жүктелді.
Бұған дейін әскерге келген жастардың бәрі жас жауынгер курсынан абыроймен өтіп, бір ай ішінде әскери істің негіздерін игерген болатын. Олар жалпыәскери жарғыларды оқып, саптық, атыс және дене шынықтыру дайындығымен айналысты. Әскери бөлім командирі, подполковник Абай Әлібеков жас жауынгерлерді айтулы оқиғамен құттықтады. Офицер оларға антқа адал болып, әскери қызметтің міндеттеріне жауапкершілікпен қарау керек екендігін баса айтты.
«Бүгін сендер өмірдің жаңа кезеңіне қадам бастыңдар. Әскер – әр жігіт өтетін өмір мектебі. Әскери қызмет сендерді шынықтырып қана қоймайды, мұнда шыңдалып, өз қабілеттеріңе деген сенім пайда болады», деді қатардағы жауынгер Даниил Павловтың анасы, алматылық Ольга Александровна сарбаздарға арнаған тілегінде.
Елордалық бригада командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Талғат Құлманов әскери қызметпен өтетін бір жыл жас жігіттер үшін қандай пайдасы болатынына кеңінен тоқталды. Олар дене дайындығы тұрғысынан нығайып, нағыз сарбаз атанады. Сонымен қатар олар ЖОО-ға жеңілдікпен түсу мүмкіндігіне ие болады.
Алматы облысынан шақырылған қатардағы жауынгер Дінмұхамед Нұрболат та өз ойын білдіріп, Отан қорғау қызметі олардың күш-жігерін сынауға, әскерді қуатты етуге және жауынгер достар табуға тамаша мүмкіндік екенін атап өтті. «Бір айда мен әскердің күнделікті өміріне үйрендім, – деді ол. – Ал әскери ант қабылдаған күн әрқашан есімде қалары сөзсіз».
Бұл күні «Оңтүстік», «Шығыс», «Астана» өңірлік қолбасшылықтарында қызмет өткеріп жатқан Құрлық әскерлері әскери бөлімдерінің үш мыңнан астам азаматы әскери ант берді. Жас жауынгерлердің ата-аналары казарма, асхана және оқу сыныптарын аралап көріп, сарбаздардың тұрмыс жағдайымен танысты.
Сондай-ақ осы күні әскер саласында тағы бір салтанатты іс-шара өтті. Ол – Алматыда ұйымдастырылған «Жас ұлан» республикалық мектебінің қырық жылдық мерейтойы. Оған осы мектептің түлектері – Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов, Аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Борамбаев, Қорғаныс министрлігі аппараты басшысының орынбасары, полковник Төлеген Бөлежанов арнайы қатысты. Сонымен қатар шақырылған қонақтардың қатарында Қарулы Күштердің ардагері, Халық Қаһарманы, отставкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев, Бауыржан Момышұлының келіні, этнограф, жазушы Зейнеп Ахметова да болды.
«Бұл мектептің тәрбиеленушілері мемлекетке қызмет етудің озық дәстүрін және өз Отанына адал болудың үлгісін көрсетіп келеді. Олар әрқашан шыдамдылық, төзімділік, моральдық және психологиялық беріктікпен, кез келген қиындықты жеңе білумен ерекшеленеді. Бұл оқу орнында мемлекетіміздің жауынгерлік дайындығының іргетасы қаланып жатыр», деп атап өтті Бақытжан Ертаев.
Іс-шарада аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рәсімге қатысушылар әскери қақтығыстарда қаза тапқан мектеп түлектері – подполковник Ерлан Науановты, подполковник Қайрат Мұхамадиевті, капитан Қайрат Құдабаевты бір минут үнсіздікпен еске алды.