Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Өкінішке қарай, бұл жағдай алыс ауылдағы тіршілікті сипаттауға қолданылатын әдеби шендестіруден гөрі реализмге жақын. Өйткені, елдегі жылу, жарық өндіретін аса маңызды нысандар тозып, тоқтаудың алдында тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде өткен кеңейтілген кеңесте: «Жылу электр орталықтарының жартысынан көбі қауіпті деңгейде, кейбір қалаларда тозу деңгейі 80 пайыздан асқан. Елдегі жылу желілерінің орташа тозу көрсеткіші 54 пайыздың төңірегіне жеткен. Ал орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген 80 қалада бұл көрсеткіш 75-тен 92 пайызға дейін жеткен. Коммуналдық саланы жаңғырту мақсатында мен «Инвестиция орнына тариф» саясатына көшуді қамтамасыз етуді тапсырдым. Қазіргі жағдайда Үкімет жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге мәжбүр болады. Басқа жол жоқ», деп қадап тұрып айтты. Яғни, коммуналдық инфрақұрылымды одан əрі дамыту жөніндегі жұмыстың өзіне жаңа көзқарас қажет болып отыр.
Бір қызығы, кейінгі кездері жылу мен суға деген зәрулік аймақтарды былай қойғанда Астананың өзінде сезіле бастады. Оған бірер ай көлеміндегі суға қатысты шудың көптеп шығуы дәлел болады. Мұны атқарушы билік те растап, ахуалдың күрделі екенін мойындайды.
Қалыптасқан жағдайды Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек: «Қаланың өсу қарқыны жылдам, әсіресе, соңғы 2-3 жылда айтарлықтай күрделене түсті. Қала тұрғындарының саны, әсіресе құрылыс кезеңінде, 1,5 миллион адамға жетеді, 1,3 миллионы қалада ресми тіркелген, жыл сайынғы өсім – 70-80 мың, демек, инженерлік инфрақұрылымға деген сұраныс та өседі деген сөз. Осыдан барып қаланың тұрғындарды қажетті су қорымен толыққанды қамту мәселесі туындайды», деп түсіндірді.
Қазір бұл мәселені шешу үшін жанталас жүріп жатыр десе де болады. Яғни, Астанада үшінші сорғы-сүзгі стансасының құрылысын аяқтау күн тәртібінде тұр. Стансаны іске қосудың бірінші кезеңі енді жүзеге аспақшы. Ал толық қуатында іске қосылуы тамыз айына тура келеді екен.
«Бірінші кезең мамыр айының соңында немесе маусым айының басында аяқталады. Біз қаланы қосымша сағатына шамамен 100 мың текше метр сумен қамтамасыз етеміз. Қазір тапшылық шамамен 30 мың текше метрді құрайды. Сондықтан бұл станса бізге су тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Алдағы бірер жылда біз осыған ұқсас төртінші стансаның құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз», дейді Жеңіс Қасымбек.
Жөн-ақ. Алайда, елорданың жылу-энергетикалық орталығына қатысты тағы бір күрделі мәселе туындап отырғаны айтыла бастады. Әсіресе, орталықтандырылған жылу желісімен қамтуға қатысты жағдай ушығуы мүмкін. Мәселенің мәнісі мынада: 2010 жылы Астананы жылумен қамтамасыз ету үшін үшінші орталық «ЖЭО-3» құрылысы басталды. Ал межелі мерзім жақындаса да, әлі күнге дейін жылу орталығындағы құрылыс жұмысының бітер түрі көрінбейді. Бітпек түгілі, уақты өткен сайын құрылысқа қажетті қаржының құны жоғарылап, бюджетке өтінім беру жиі қайталана бастаған. Енді бұл мәселеге «Amanat» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес назар аударып отыр. Аталған кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров жылу электр орталығын салуға алдымен 86 млрд теңге жұмсалғанын, содан кейін бұл сомма 120 млрд теңгеге дейін өскенін, ал қазір Астана қаласының әкімдігі құрылыс құнын 170 млрд теңгеге дейін арттыру мәселесін қарастырып жатқанын айтады.
«Игерілген қаржы бар, жылу электр орталығы жоқ. Құрылыстың бас мердігері – «Центрказэнергомонтаж» акционерлік қоғамы. Ал құрылыстың жобасын жасап, жабдықтармен қамтамасыз ету жұмысымен «ЦАТЭК» АҚ-пен үлестес компаниялар айналысып жатыр. Сарапшылар бұл компаниялардың барлығы олигарх Александр Клебановқа тиесілі деген пікір айтады. Мердігер нысанды биыл жаздың соңына дейін аяқтауға уәде беріпті. Бірақ көріп отырғанымыздай, бұл мүмкін емес, өйткені олар бюджеттен қосымша қаражат сұрап отыр. Егер нысан уақытында салынбаса, елордада жылу энергиясы тапшылығы туындауы мүмкін», дейді Ерлан Сайыров.
Депутаттың уәжіне құлақ ассақ, «ЖЭО-3» нысанына арналған жабдықтар құрылыс жұмыстарының бастапқы кезеңінде сатып алынған көрінеді. Яғни, ондаған жыл бойы тұрып қалған құрылғылар ескіріп, одан мүлдем істен шығып, тұтынбай жатып тозығы жеткен болуы мүмкін.
«Осы фактілер бойынша кеңестің атынан Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хат жолдап, «ЖЭО-3» құрылысын жүргізуші мердігерлердің және Астана қаласының құзырлы органның жұмыстарын жіті тексеруді талап етеміз. Егер әкімдік қызметкерлері, мердігерлер халықтың қаржысын талан-таражға салғаны анықталса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет. Ал «Центрказэнергомонтаж» акционерлік қоғамының қожайыны Александр Клебановтың өзі мемлекеттің қаржысын заңсыз шетелге шығару, бюджет қаржысын жымқыру күдігі бойынша жіті тексерілуі керек», деген пікірде екен кеңес төрағасы.
Жалпы, елдегі жылу-энергетика саласының негізгі бөлігі жеке компаниялардың қолында. Ал олардың арғы жағынан олигополияның құлағы қылтиятыны жасырын емес. Депутат Ерлан Сайыров сөз еткен Александр Клебанов та сол тізімде.
Айтпақшы, өткен қыста Клебановтың иелігіндегі компанияның біріне тиесілі «Екібастұз жылу-энерго» орталығында апат болып, тұрғындар қақаған күндерінде суық үйлерін паналауға мәжбүр болған. Сол кезде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр «Бұған кім кінәлі?» деген сұраққа: «Екібастұз қаласындағы апатқа олигарх Клебанов та, мәселені жылы жауып келген облыс басшылығы да айыпты емес, жылу орталығының қызметкерлері кінәлі» деп жауап берген еді...