«Бүгін – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл – тарихтан тағылым алатын және бабалар рухына тағзым ететін маңызды дата. Шын мәнінде, халқымыздың басынан өткен қасіретті кезеңдерді ұлт жадынан өшірмеу айрықша мәнге ие. Сол арқылы тарихи санамызды жаңғыртып, ұлттық бірегейлігімізді нығайтамыз. Бұл күн Тәуелсіздіктің қадірін түсіну үшін де аса қажет.
Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы мәселеге үнемі баса мән беріп келеді. Президентіміздің тапсырмасы бойынша Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Жүйелі жұмыстың арқасында бұрын құпия болып келген көптеген архив материалына қолжетімділік қамтамасыз етілді. Бұл ретте Сенаттың қолдауымен жарық көрген алапат Ашаршылыққа қатысты жеті томдық құжаттар жинағын да атап өткен жөн», деп жазды М.Әшімбаев.
Бұдан соң ол өткен аптада осы атаулы күнге орай «ҚарЛаг» музейіне арнайы барып, жазықсыз жала жабылғандардың рухына тағзым еткенін жазған.
«Ұлт үшін өмірін құрбан еткен арыстарымыздың есімдерін ұлықтау, қате саясаттың салдарынан опат болғандардың соңынан дұға бағыштау – баршамыздың перзенттік және азаматтық борышымыз. Сол себепті бүгінгі буын мен келер ұрпақ үшін бұл күннің мәні терең, маңызы зор болып қала берері сөзсіз. Енді ешқашан қазақ даласында мұндай қасірет болмасын! Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», делінген жазбада.