Бұл күні балалар ауылында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы ашылды. Жас патриоттар ант беріп, балалар мен жасөспірімдер қозғалысының куәлігін алды.
– Біздің қозғалыстың құрамында 250 мыңнан астам адам бар. Сіздер үшін әскери-патриоттық клубтағы сабақтарды қызықты, танымдық және пайдалы етіп өткізуге тырысамыз, – деді қозғалыс жетекшісі, майор Мейірбек Меңдіғалиев.
Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы Арман Әсенов тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтап, осынау істе жауапкершілік танытуға шақырды. «Сіздер бірер жылдан соң Отан қорғаушы атанасыздар. Бұл өте абыройлы әрі жауапты міндет», деді ол өз сөзінде.
«Жас сарбаз» шығармашылық студиясы дайындаған мерекелік концерт, аниматорлар мен түрлі ойындар балаларға керемет көңіл күй сыйлады. «SF» тәтті тағамдар желісінің қолдауымен 150 балаға дәмді ас таратылды.
Еске сала кетейік, «SOS балалар ауылы» – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ұзақ мерзімді отбасылық қамқорлық көрсету бағдарламасы.
Мерей АУҒАЛИ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті