Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Әсіресе қандай өсімдіктерді тегін пайдаға жаратуға болады, қандай өсімдіктерді қолдануға тыйым салынғаны жөнінде жалпы жұртшылық тегіс біле бермейтін жайт көп. Соның аражігіне аз-кем тоқталып өтсек. Мәселен, Экология және табиғи ресурстар министрінің дерегіне сүйенсек, елімізде 11 мыңнан аса өсімдік түрі бар екен. Оның ішінде 1,5 мыңға жуық түрі дәрілік өсімдік болса, 390 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген, 110 түрі – реликті, 700-і эндемикалық өсімдік түрлеріне жатады. Бұған қоса елімізде суда өсетін өсімдіктердің 63 түрі бар және дүниежүзі бойынша оның ең көнесі біздегі су бассейнінде екен. Алматының алмасы жер бетіндегі алманың атасы екенін ғалымдар дәлелдеді. Жабайы алмалардың алғашқы түрі Жетісу өңірінде шығыпты. Алайда бұрынғы жайқалған алма бақтарының қазір сирегені де рас. Алма ағаштарын қажетті мақсаттарға отап тастап, Қытай мен Өзбекстанның алмасына жүгіндік. Тізбектей берсек, өсімдіктер дүниесінде де қордаланған түйткіл көп.
Сонымен қатар ел арасында мия тамырын қазып, заңсыз экспорттау мәселесі де жиі айтылады. Мия сирек кездесетін өсімдіктер тізіміне енбегендіктен, оны ұрлаушылар ешқандай құқықтық жауапкершілікке тартылмай келді. Сондықтан жөн-жосықсыз өсімдік тамырын қазушылар табиғатқа орасан зиян келтіргені жасырын емес.
Кедендік статистика дерегінше, отандық мия тамырын өткізудің негізгі нарығы – Қытай, Түркия және АҚШ. Мысалы, Қытайға 2018 жылдан 2021 жылға дейін 32,7 мың тонна мия тамыры экспортталыпты. Бұл жалпы Ботаника және фитоинтродукция институты ұсынған мия тамырын нақты өңірлер бойынша дайындау көлемінен едәуір асып түседі екен. Бұл – сыртқа шығатыны. Енді елімізге енетін, яғни жерсіндіруге әкелген өсімдіктердің де әлегі бар. Мәселен, ел аумағына өсімдіктің бөтен түрлерін бақылаусыз енгізген жағдайлар тіркелген. Бір ғана мысал – «Медеу» өңірлік табиғи паркінің аумағында Солтүстік Америкадан әкелінген «Асер Негундо» үйеңкі ағашының көптеп отырғызылуы. Бұған қатысты былтыр мамандар кәдімгі өрік пен жергілікті сиверс алмасын ығыстырып жатқанын айтып, дабыл қаққаны есімізде.
Бұған қоса елімізге инвазиялық зиянкестермен және аурулармен залалданған бөгде өсімдік ресурстарын әкелу қаупі бары да айтылып жүр. Мысалы, Алматы қаласының жасыл екпелерінде Каштанды зақымдайтын Охрид кенішінің және емен екпелеріне зиян келтіретін емен игеуішінің белсенді таралуы байқалған.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ғылым мен заң зерттеп, реттеп болғанша біршама кілтипанның басы қылтиғаны рас. Осыған байланысты 2020 жылы 13 тамызда ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасы көпшіліктің талқысына ұсынылып, Үкіметтің қаулысымен Мәжілістің қарауына жіберілді. Сөйтіп, өткен жылы Мәжілісте «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасы ілеспе құжатымен бірге қаралып, келісілген заңға биыл 2 қаңтарда Мемлекет басшысы қол қойды. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында осынау «Өсімдіктер дүниесі туралы» заңның нормаларын түсіндіру мақсатында өткен жиында бұл мәселелер егжей-тегжей талқыға түсті.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаевтың айтуынша, енді өсімдіктер дүниесін пайдалану арнайы бекітілген тәртіппен жүзеге асырылады.
«Республикалық, облыстық маңызы бар қалалармен қатар Астанадағы құзырлы мекемелердің шешімімен бекітілген лимиттер бойынша азаматтар (жеке және заңды тұлғалар) жабайы өсімдіктерді тегін жинауға болады. Яғни тұрғындар жаңғақ, саңырауқұлақ, жидек, дәрілік шөптер және басқа да өсімдік ресурстарын жеке шаруашылық қажеттіліктері үшін өтеусіз жинауға хақылы. Оның мөлшері геоботаникалық және ресурстық зерттеу негізінде белгіленеді. Бұл ретте 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап өсiмдiктер дүниесiн арнайы пайдалану тәртiбiмен өсiмдiк ресурстарын қолдану үшiн төлемақы төленеді», деді Е.Құтпанбаев.
Оның айтуынша, төлем мөлшері осы ресурстардың табиғи қорлары, таралуы, құндылығы, молайту мүмкіндігі, өнімділігі ескеріле отырып белгіленеді. Әрине, жүйелі тәртіп болса, әр түп жусанның да құны әділ бағаланғаны құба-құп. Әйткенмен, шөп болсын, шөңге болсын, орны қайта толуы қиын табиғи жаратылыстың құнына баға жете ме? Әр өсімдіктің эквиваленті тек өзімен ғана өлшенсе керек. Өйткені мамандар өсімдік ресурстарын тиімсіз пайдалану, олардың өсу орындарын жою, адамдар жерсіндірген бөтен түрлердің көбеюінен жергілікті өсімдіктердің ығысуы, әр алуан түрлердің азаюы табиғи экологиялық жүйенің бұзылуына алып келуі мүмкін екенін алға тартады.
«Заңды әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе ескерілді. Өйткені заңның реттеу саласы жабайы өсімдіктерді, олардың популяциялары мен табиғи жағдайда өсетін қауымдастықтарды, генетикалық қорды сақтау мақсатында ерекше жағдайларды және жасыл алқаптарды қамтиды. Заңның ережелері ауыл шаруашылығы өсімдіктеріне, сондай-ақ жекеменшік жерлерде өсетін өсімдіктерге, қосалқы шаруашылыққа арналған жерге, бау-бақшаға, саяжайға және көгалдандыруға қолданылмайды», дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі.
Аталған жиынға қатысушылардың айтысына қарағанда, бұл заң жобасының негізгі жаңалығы – өсімдік дүниесіне қатысты жекелеген түрлер туралы хабарлама жасау тәртібін белгілеу. Бұл отандық кәсіпкерлік субъектілерінің фармацевтикалық, азық-түлік және техникалық өнімдерді өндіру үшін өсімдік ресурстарын заңды негізде ұтымды пайдалану мүмкіндігіне ие болатынын білдіреді. Сонымен қатар бұл шағын және орта бизнесті дамытуға, осы салаға инвестиция тартуға жол ашпақ. Сондай-ақ бизнес-субъектілердің өсімдіктер дүниесін арнайы пайдаланғаны үшін төлемақы енгізуі есебінен мемлекеттік бюджеттің кірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді деген сөз.
Спикердің айтуынша, қабылданған «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң халықаралық конвенциялардың ережелеріне сай негізделген. Жалпы алғанда, заң жобасы өсімдіктер дүниесі саласындағы мемлекеттік міндеттерді шешуді көздейді. Сонымен қатар «Өсімдіктер дүниесі туралы» заңның нормаларын толық іске асыру – Орман, Жер, Кәсіпкерлік, Салық кодекстеріне, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Жайылымдар туралы» заңдармен байланысты екені ескерілді.
Өсімдіктер дүниесіне қатысты нормативтік-құқықтық базаны дұрыс түсінбеу салдарынан оны бақылаусыз пайдалану жағдайы орын алғанын айттық, осыған байланысты табиғи өсімдіктер ресурстарының сақталуына жауапкершілікпен қарау секілді мәселелерге ақпараттық қолдаудың қажеттігі байқалады. Егер бұл мәселелерден жиі ши шығара берсе, өсімдіктерді өндіруге және қайта өңдеуге салынатын инвестицияға көп кедергі келтіретінін айтады мамандар.