Ауыл • 31 Мамыр, 2023

Орны бар ауылды оңалтайық

317 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазір ауыл десең, әр қазақтың бір айтары бар. Мемлекет басшысы да ауыл шаруашылығын көтеріп, көсегесін көгертпей ел экономикасы ешқашан еңсе тіктеп, оңалмайтынына Үкіметтің назарын аударды. Нәтиже жоқ емес, ауыл­ды дамыту тұжырымдамасы жасалып, бағдарламалар іске қосылды. Бірақ «әттеген-ай!» деп сан соғатын тұстары да баршылық. Мәселен, бақандай 2 795 ауыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енбей қалған. Бұл қазақ елінің өзегіне түскен алапат өрт іспетті. Себебін төменде тарқатып көрелік.

Орны бар ауылды оңалтайық

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Ауыл аумақтың инфрақұрылымын жаң­ғыртып, қарапайым шаруаның тұр­мысын түзеп, қала жағдайымен теңес­тіруге жақындататын бірден-бір «Ауыл – ел бесігі» бірегей жобасына енбей, күресінге лақтырылғандай болған 2 795 ауылдың тағдырына алаңдап, Ұлттық экономика министрлігінің құзырына сауал тастағанбыз. Жауап көп күттірмеді.

«Өздеріңіз білетіндей, республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар. Жергілікті атқарушы органдар даму әлеуеті бар 3,5 мың ауылды іріктеп алды. Онда ауыл халқының 90%-ы тұ­ра­ды. Даму әлеуеті бар осы 3,5 мың ауыл­ды қаржыландыру негізінен «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде инфра­құ­рылымды жаңғырту үшін респуб­ликалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Аталған даму әлеуеті бар 3,5 мың ауылға республикалық бюджет тарапынан қаржы бөлінгендіктен, қалған 2 795 өзге де ауылдарда (ауыл елі халқының 10%) инфрақұрылымды салу және жаңғырту үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан басты назар аударуға, қаржыландыруға және басқа да көздер есебінен қаржы бөлуге мүмкіндік береді».

Бастан сипап жұбатқандай болған бұл жауап, көңілге кірген алаңды тыныштандыра алмады. Еліміздегі әрбір ауыл – қоғамдағы әйтеуір бір қауымның алтын бесігі емес пе? Неге оның тағдырына немқұрайды қараймыз? Үлкен ауыл тұрғындарынан кіші ауыл адамдарының құқығы төмен бе? Ата заңымыз бойынша бәріміз тең емеспіз бе?

Демек үлкен ауылға баратын игіліктер мен ізгіліктерді кіші ауылдар да көруге, пайдалануға құқылы ғой. «Орнында бар оңалар» деген халықпыз. Ендеше, неге орнында барды қазір көтеріп, көгертіп жібермейміз? Мемлекет қауіпсіздігінің іргетасы саналатын ауылдар саны сиреп бара жатқандығы ертеңгі күні ел басына қатер болып төнуі бек ықтимал. Оны тағы да бәріміз өте жақсы білеміз. Ендеше, неге иесі қазақ болған иен даланы бос қал­дырып, «жау шақыратын» жерге айналдыратын қадамға аяқ басып тұрмыз?

Көкейді тескен осындай көп сұрақ қаумалап қоймаған соң саланың білгір ғалымы әрі маманы Төлеутай Рақымбековке аталған мәселені айттық.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылдың қараша айында болған, өзін ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде бірінші кезекте шешілуге тиіс мәселелер қатарында ауылды дамыту шарасын арнайы атап айтты. Сөйтіп, сол күнгі №1 Жарлығымен Үкіметке «...2023 жыл, 31 наурызға дейін Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасын қабылдауды қамтама­сыз етуді тапсырды. Бұл тапсырманың үде­сінен шыққан ел Үкіметі ағым­дағы жылдың 28 наурыздағы №270 қаулысымен Тұжырымдаманы бекітті.

Саланың жанашыры әрі ол құжатты түсінетін маман ретінде оның әр сөз-сөй­леміне зер салып, зерделеп көрдік. Сондағы көз жеткізгеніміз, мына тұжырымдама осы хал-күйінде еліміздегі ауыл аумақтарын және ауыл шаруашылығын түбегейлі өзгертіп, жағдайын жақсартуы екіталай деген қорытындыға келдік. Бұл мен үшін өте өкінішті», деді ғалым.

Біз себебін сұрап, дәлелін айтуды өтіндік.

«Жарайды, ойым негізсіз, тақыр болмасын. Әуелі Үкімет бекіткен құжаттар­дың формасы мен мазмұнын бірге отырып қарастырайық. Бірінші формаға сәйкес Мемлекет басшысы өз сөзінде ауызша және жазбаша түрде арнайы Жарлығымен Үкіметке «Тұжырымдаманың қабыл­дануын қамтамасыз» етуді тапсырды. Осы жерде назар қойыңыз, Президент басқа құжатты емес, міндетті түрде тұжы­рымдама екенін қадап көрсеткен.

Ал біздің шенеуніктер бағдарлама мен тұжырымдаманың міндеттері мен қызметтерін шатастырып алған сияқ­ты. Осыған қарағанда, Үкі­меттегі қызметкерлер «Стратегия», «Бағдар­лама», «Іс-шаралар жоспары», «Шара­лар кешені», «Тұжырымдама», т.б ұғымдардың айырмашылығын ажырата білмейтіндей. Негізінде, бұл құжаттардың әрбірінің бөлек-бөлек өз мақсаты бар және олар орындалу барысында өз қағидаларын қатаң сақтауға тиіс.

Тұжырымдама – бұл бір нәрсеге, негізгі ойға көзқарастар жүйесі. Яғни негізгі идеяға, теориялық құрылысқа деген әртүрлі түсініктердің ортақ пікірі.

Тұжырымдама үш мәселені шеше­ді: Бірінші, негізгі идеясы мен даму бағыттарын анықтау, екінші, болашақ пайдаланушылардан осы идеялардың бағасын алу, үшінші, барлық қатысушылар үшін біртұтас, тым құрығанда көзқарас жағы­нан көп ұқсас, идеологиялық базаны қалыптастыру. Терминнің мәнін әрі қарай тарата берсек тереңдеп кете береді.

Бір сөзбен түйіндеп айтқанда, тұжы­рым­дама – белгілі бір мәселені шешу үшін қолданылатын біртұтас мақсат немесе стратегия. Сонда «Тұжырымдама» алға қойған мақсатқа «қалай жету керек?» деген сұраққа жауап береді. Ал алға қойған мақсатқа жету үшін «не істеу керек?» деген сұраққа жауап беретін ол – «Бағдарлама».

Міне, тұжырымдама мен бағдарлама мәнінің түпкі айырмашылығы осында. Біздің шенеуніктер осыны есепке алмаған немесе не дайындап жатқандарын өз­дері анық ұқпайды», деп ойын жалға­ған Төлеутай Сатайұлы, құжаттың формасы туралы ойын түйіп, мазмұнына көшті.

«Тұжырымдаманың дәл осы мазмұн бөлімінде нақты, анық-айқын жауаптарға қарағанда, қадам сайын мәселе туындататын сұрақтар көп. Әуелі «Ауылдық клас­тер» ұғымы неліктен енгізілді?» деген сұрақ­тан бастайын. Неге біз сонау 2005 жыл­дардағы ескірген сәнді сөздерден әлі құтыла алмай жүрміз? Күмәнім айқын әрі дәлелді болғандықтан ашық айтайын, алдағы 50-75 жылда Қазақстанда ешбір саланы, ешқандай орынды кластерлеу болмайды. Себебі оған жағдай жоқ. Сондықтан өтінерім, «кластер» терминін халқы тығыз орналасқан, өндірістері жиі шоғырланған, бәсекелестік деңгейі жоғары Еуропа мен АҚШ сынды елдерге қалдырған абзал.

Болмайтын жерден қора жасап, ерекшеленудің қажеті не еді? «Негізгі ауылдық елді мекен» терминін ойлап табу не үшін керек болды? «Ауылдық округ» ұғымы несімен ұнамайды? Бұл ұғым еліміздің заңнамасында қолданылады ғой.

Мұндағы ең маңыздысы, расталмаған статистикалық ақпараттардың тым көптігі көңілге кірбің ұялатады. Өйткені осы статистика негізінде тұтас тұжырымдама құрылды, ауылдық аумақтарды дамыту­дың барлық шаралары ұсынылды. Дәлел керек пе? Оны да айтып көрейік.

Біріншіден, ауылдардағы ең өткір мәсе­ленің бірі – сумен қамту. Тұжырым­даманың «Кіріспе» төртінші абзацында қазірдің өзінде «...2011-2021 жылдары ауылдық елді мекендерде ауыл­дарды орталықтандырылған сумен қам­тамасыз ету 42,5%-дан 66%-ға дейін өсті...» деп көрсетілген. Мен «орталық­тан­дырылған» деген сөзді ерекше атап өттім, бұл – өте маңызды. Себебі тұжы­рым­да­маның алғашқы нұсқаларының бірінде ауыл­дарды сумен қамтамасыз ету 75%-ға жеткені жазылған. Мұнда «орталықтандырылған» деген сөз жоқ. Бірақ 50%-ы орталықтандырылған сумен қамтылғандығы туралы қосымша айтыл­ған. Мұндағы айырмашылық 25 пайызды құ­рай­ды. Демек Қазақстанның әрбір төр­тін­ші ауылы ашық су көздерінен сусын­дап отыр деген сөз. Негізі тұрғын­дарды ор­та­­лық­тандырылған немесе құбыр­лармен тар­­тыл­ған сумен жабдықтауға қолжетім­ді­лік­­­ті қамтамасыз ету мемлекеттің ең ма­ңыз­­­­ды міндеті болып табылады. Өйткені аза­­­ма­т­­­т­ардың өмірі мен денсаулығының қауіп­­­сіздігі осыған байланысты. Бұл әлі бәрі емес.

Сондай-ақ «Ауылдық аумақтардың жалпы сипаттамасы» құжатында «...2022 жылдың басында республикада 6 293 ауылдық елді мекен көрсетілген …» делін­ген. Сонда қанша ауыл сумен қамта­масыз етілді – 55%, 66%, 75% немесе 78 пайызы ма? Бұл сұрақтың түбін тексерсе, бірталай дүниенің беті ашылуы ықтимал.

Екіншіден, «...2017-2021 жыл­дар­ға арналған ауылдық елді мекендерді газдандыру деңгейі 7%-ға өсті және 25%-ды құрады ...» деп көрсетілген. Енді бұ­ған илану қиын болып тұр. Себебі, елор­даға газ құбыры келгеніне бірнеше жыл болды. Сонда да астанамыздың өзі әлі күнге газбен толық қамтамасыз етілмей тұр! Сонда еліміздегі әрбір төртінші ауыл қалай газбен қамтамасыз етілген? Ақылға сыймайды.

Үшіншіден, тұжырымдамада сондай-ақ «Қазақстанда барлығы 3 млн 530,6 мың адам ауылдық жерлерде жұмыспен қамтылған, оның ішінде 1 млн 201,3 мың адам, яғни 34%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» деп тұр. Сәл төменірек «50,7 мың дәрігер мен орта медицина қызметкерлері ауылдық жерлерде жұмыс істейді», деп көрсетілген. Ауылдық жерлерде барлығы 209,6 мың мұғалім бар».

Осыны дұрыс есепке салып көре­йік: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 1 млн 201,3 мың адам, медицина және пе­да­гогикалық қызметкерлер 260 мың болды. Бұған қоса мәдениет, спорт, полиция, әкімдік қызметкерлері және ветеринарлар – 1 ауылдық округке шаққанда 20 адамнан есептегенде, ең көп болса 40 мың адам.Сонда 1,5 миллион адам болып шықты. Статистикалық мәліметтерге сәйкес ауыл шаруашылығы құрылымдарында шамамен 1,2 миллион адам жұмыс істейді. Дегенмен ауыл шаруашылығында 500 мыңнан астам ғана адам тұрақты жұмыспен қамтылған деп есептеймін. Ал 700 мың адам – маусымдық жұмысшылар. Олар көктемде және күзде бір ай ғана жұмыс істейді.

Жарайды, ауыл шаруашылығы өнді­рі­сінде жұмыс істейтіндердің санын 1 миллион 200 мың адам деп алайық. Жалпы саны, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2,7 миллион адамды есепке алғанда шығады. Сонда тұтас миллионға жуық, 800 мың адам қайда? Олар не істеп жүр? Жұмыс­сыз ба? Сонда Үкімет көрсеткіштері бо­­йын­ша жұмыссыздық деңгейі шамамен 23%-ды құрайды, бұл сіздің 4-5% дең­гейі­нен әлдеқайда жоғары ғой. Айтпақшы, ауылдардың басым көпшілігінде, шынын айтқанда, нақты жұмыссыздық деңгейі 85-90%-ға жетеді. 

Құжаттағы орасан қателіктер мен кем­шіліктерді тізбелей берсек, тым ұзаққа жалғаса бермек. Сондықтан біздің нақты ұсынысымызды айтайын. Мысалы, ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында екі концептуалдық негізді алға шығардық: Бірінші, барлық инвестициялар, тіпті әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салуға арналған бюджеттік инвестицияларда, әуелі экономикалық даму әлеуеті жоғары ауылдарға бағытталуы керек. Онда ауыл тұрғындарының табыс деңгейі оның негізі болуы керек. Адам баласы әрқашан өзін және отбасын асырай алатындығына байланысты, қай жерді мекен етуді таңдаған. Осыған орай адамдар әуелден теңіз, мұхит, өзен жағалауларына қоныстанды.

Екінші, ауыл тұрғындарын қайта­дан өзендер, магистралдық және авто немесе темір жолдар бойына қоныс­тан­дырудың оңтайлы үлгісі жасау керек еді. Ал енді әлемдегі тез өзгеріп жатқан геосаяси жағдайларды ескере отырып, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі талаптарын қарастыру қажет. Сондықтан жұмыс күші мол оңтүстік өңірлердегі халықты сол­түстік, шығыс және орталық аймақ­қа көшуге ынталандыру бойынша нақты қадамдар жасалуы керек. Оның үсті­не әрқайсысы 500-1000 адамнан тұра­тын үлкен туыстар қауымының қоныс аударуын ынталандырған абзал. Осылайша, олар тұрғылықты жерінен кету кезінде болашақ ауылының әкімін, кооператив төрағасын сайлай алады. Мектеп директоры және балабақша меңгерушісіне дейін өз іштерінен шығады. Бұл үшінші тұжырымдық негіз болуы керек еді.

Енді қойылған сұрақтың жауабы өзі шықты. Демек 2 795 ауылды шетқақ­пай қылмай, керісінше қайта көтеріп, жандандырған дұрыс. Сонда мемлекет бір қармап, екі мың есе табысқа жетері хақ.

Айтқандай, ауданның бюджеті­нен тәуелсіздігін арттыру мақсатында ауыл әкімінің бюджетін толтыру шара­лары қаралуы қажет болды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының әлеуметтік қорларға – зейнетақыға, медициналық, әлеуметтік сақтандыруға жинақтауын қамтамасыз етуді тиянақтау керек», дейді Р.Сатайұлы.

Ауыл тұтас мемлекеттің тағдырына айналар тұста тұжырымдаманың қателіктерін түзетіп, қажет жерлерін жетілдіре түсуге әлі де кеш емес.