Сырлы Сырымбеттің етегі. Қозыкөш жерде суы мөлдір, жағасы құмдақ Баскөл он бесінде толған айдай тебірене толқып, ақтарыла шалқып жатыр. Майда толқындар бір-бірімен жарысып, жағалауға жеткенше асығады. Жолбарыс жонды жотаның етегіндегі ауылда бүгін мәртебелі, әдейілеп шақырсаң келтіре алмайтын қонақтар бар. Қонақ болғанда да бұл күні атағы алысқа кеткен Ақан сері. Екіншісі – Мезгіл, Шалқар болыстарына 29 жыл билігін жүргізген, көшелі ақсақал Оспан Тілембаев.
Бесін уақыты. Салқын самал есіп тұр. Аяқкөлден ат суарған Ақан серінің көзі Оспан болыстың Ақшатырына түсті. Екі көзі шырадай жанып тұр екен. Астыңғы ерні етектей. Бауыздау жері піскен алмадай. Құлжа мойын. Ежелден ат баптап, жүйрік жаратып жүрген Ақан сері қас жүйрікті жазбай таныған. Дос-жар Оспан болысқа жарыстырып көрсек қайтеді деп қолқа салады. Болыс болса ел сыйлайтын Серінің меселін қайтарғысы келмеген.
– Тәйір-ай, сен айтсаң аттың терін аяп не қылайын, – дескен.
Қос жүйрік Баскөлден бастау алып Тораңғыл көлін жанай өтетін айдау жолға түскен. Құлагер бабында еді. Ал Ақшатыр қыс бойы жылқыға мініліп, ерте көктемде ерден босап, көбең семірген. Әйтеуір, жілігінде май бар. Әдейілеп жаратқан емес, Жаратқан ие әу баста құйынперен шабыс сыйлаған хас жүйріктің өзін-өзі жаратуы әрі жүген-құрық тимеген асау биелерді көген басына иіріп, қашаған қуып ащы терінен арылған. Күндердің бір күнінде дәл осындай бәйге жолына түсерін, шын тұлпарлық сынаққа салынатынын әлдебір түйсік сездірген де болар. Қос тұлпар етпісірім уақыт жарысса керек. Ақан сері Ақшатырдың туа бітті жүйріктігіне қатты сүйсініпті. Үйір-үйір жылқы біткен, босағасына байлық үйірілген Оспан болыс жүйрік жаратып, бәйгеге қосуды әдет етпеген.
– Жүз жылда бір туатын жүйріктің бағы байланған екен, – депті Ақан сері.
Бұл әңгімені Оспан болыстың ұрпағы Марат Оспанов айтып беріп еді. Ата байлығы кешегі үркіншілік жылдары ұстағанның уысында, тістегеннің аузында кеткенімен, «шөп те шыққан жеріне шығады» дегендей, жұқанасы қалған. Әрине, мал байлығы емес, жан байлығы. Ешкім тартып ала алмайтын рухани байлық. Ілкіден қалған асыл сөз, жанға қуат беретін көне дерек ағамыздың көкірегінде қат-қабат қазына болып жинақталып қалған.
– Атам қазақта «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген сөз бар, дейді Марат аға, – ол заманда жүйріктің көп болатындығы жылқының көптігінен. Алашта атағы алысқа кеткен тұлпар аз болған ба, Батыраш пен Қотыраштың Құлайкөгі мен Топайкөгі, Қорғалжынның Торысы, Қаракесектің Шабдары, Тарбағатайдың Тарланкөгі, Тобықтының Тортөбелі, Бәсентиынның Қызылы. Әлденеше мың жылқының ішінен бір жүйрік, шын жүйрік неге шықпасын! Оспан атам да есепсіз байлық біткен адам. Ат жүгіртіп, құс салмаса ел билігінде жүрген адам болғандықтан қолы тимеген болар, әйтпесе арыдағы қазақтың қай-қайсысы болсын жылқыны қадірледі ғой. Кейін кеңес өкіметі орнаған соң, тіпті бертінірек техника қаптады да, қайран да қайран жылқы қадірсіз болып қалды. Тұқым азды, тұяқ тозды, қан сұйылды. Жүйрік шықпайтыны содан. Тәуір жылқының тегі, тұлпар туатын кебеже қарын, кең құрсақ бие «ақ қашып, қызыл қуған» аласапыранда үдере көшкен жұртпен бірге шекараның арғы бетіне ауып кеткен. Біздің аталарымыз Түменнің қалың қарағайын паналаған. Ата малы да бірге ауған. Мұнда қалғаны ыңыршағы айналған, тұяғы тозған тулақ. Қайтып ес жиып, әуелгі кенересіне келе алмай жатыр. Келтіру атбегілердің қолындағы дүние.
Атбегі демекші, Құлагердің шабысын көрген Көкше топырағында некен-саяқ болса да жылқының жайын ойлайтын жампоздар бар. Соның бірі – ұзақ жыл бойы Краснояр ауылындағы балалар мен жасөспірімдердің ұлттық спорт мектебінің ат бапкері болып жұмыс істеген Қалым Құлтасов. Зейнетке шыққан соң Краснояр ауылындағы тұрғын үйінің жанынан еңселі ат қора салып алған. Қазір он шақты жүйрікті жас баладай мәпелеп, үкілей үлпілдетіп бағып отыр. Ендігі үміт – ұлы Алмаста. Алмасы жеті жасында бәйге атының басына мінген. Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына қарасты Қарағаш ауылында облыстық ат жарысы өтіп, Тобор атты Қостанай жылқысымен бірінші орын алыпты. Бәйге атына тұңғыш мінуі. Қалым аға жанын қоярға жер таппаған. Аламан бәйгеге қосылған тәмам жүйріктің қарасы көрінгеннен бері аяғын баса алмай, қиқулап қана отырса керек.
– Бәйгенің қызуын, жүйрік аттың желігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, дейді атбегі Қалым Құлтасов, – қазақтың қанында бар қасиет. Бұл өзі тұқым қуалайтын дүние. Әкем Қаймолда да жүйрік жаратып, бәйгеге ат қосқан кісі. Қазір осы бір ұлы дәстүрді балам Алмас жалғастырып жүр. Менен көріп үйренгені бар, өзінің ізденгені бар, әйтеуір тәжірибесі толығып келеді.
Әкесі Қаймолданың жүйрік қарагер биесі болыпты. Ес біліп етек жапқанда көрген тұңғыш жүйрігі осы. Бірақ ол кезде, кешегі кеңес заманында Көкше топырағында бәйге сирек. Содан ба екен, жұрт ынтасы жылқыға ауа қоймайды. Қалым аға ілкіден жалғасып келе жатқан ат баптау сынды ақсүйек өнерді әкесінен үйренген. Бәлкім қанмен біткен қасиет шығар. Ал әкесі арыдағы жылқы десе ішер асын жерге қоятын ақсақалдардан естіп, көкірегіне құйып алған. Бір сөзбен айтқанда, шып-шырғасы шықпаған көне заманнан жеткен қағида. Байыптап қарасаңыз, бүгінгіден мүлдем басқа сипатта. Ертеректе өзіндік ғұрпы, ұстанымы болыпты. Мәселен, ұдайы болмағанымен, арагідік бәйге атының басына мылқау балаларды мінгізіп шапқызады екен. Себеп, тағдыр сынағына алып, сан жылатқан баланы Жаратушы ие бір рет қуантуға тиісті ғой. Мүмкін сол қуану сәті осы бәйге шығар. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, жүйрік ат семізінен қайырылып, жаратылуы керек. Басты шарт, жілігінде май болуы. Оны анық білу үшін бәйге атының жанына жай жылқыны қоса семірткен. Қоң бітіп, қазы байланып, жілігі майға толды-ау деген кезде жай атты сойып, жілігін жарып көретін болған.
Атбегінің айтуына қарағанда, көп дүние тегіне байланысты екен. Тексізден тұлпар шығуы әсте мүмкін емес. Өзекті өртер өкініш, бүгінгі күні қазақтың төл жылқысынан ерен жүйрік некен-саяқ шығып тұр. Өткен жылы бір ағайын қазақы атын жаратып бәйгеге қосшы деп тапсырып кетіпті. Алмас жаратқан. Үш рет бәйгеге қосып, бірінші орын алыпты. Әне қазақ жылқысы шабудан қалған деген үкімге бергісіз деген түсінікті терістеп тұр емес пе!
– Мақтаулы араб, ағылшын жылқысы да түгел жүйрік емес қой. Олардың ішінен де жүзінен, әлде мыңының арасынан біреуі шығуы мүмкін. Рас, тұрқы әдемі, құдды сурет тәрізді. Әйтсе де көбінің тілерсегі осал, белі бекем емес. Тыз етпе. Жақын қашықтықта ғана жұлдыздай ағуы мүмкін. Ал алысқа, аламанға қосу – бос дәме. Мұндай қашықтыққа мейлінше төзімді, тынысы кең, тілерсегі мықты, белі бекем қазақ жылқысы ғана шыдайды, дейді атбегі Алмас. – Менің ойымша, қазіргі аламан бәйге деп жүрген қашықтық – шамамен 25-30 шақырым. Ал жүйріктің бойындағы бабы мен маңдайындағы бағы қатар сыналатын арыдағы азуын айға білеген аталарымыз ат шаптыратын аламан бәйгенің қашықтығы алпыс шақырымға дейін болған. Мұндай қашықтықта ең алдымен жүйріктік емес, талмай шабатын шыдамдылық, қажыр мен қайрат сынға түседі. Бүгінгі күні жылқы тұқымын жақсарту үшін алдымен қолтума жылқының басын көбейтсек деп отырмыз. Бұл арада ескере кететін бір жай, әуелі бітімі бөлек, пішіні жақсы, бойында жүйрікке тән айрықша қасиеті мол қазақы бие керек. Өйткені құлын енесіне көбірек тартады. Қазақтың «жатырынан» дейтін сөзі бар емес пе, қазір менің Гауһартас атты жақсы бием бар. Бір құлын алдым. Енді ағылшын айғырымен будандастырып, тұқым алуға көңілім ауып жүр.
Атбегінің айтуына қарағанда, жатырында жақсы қасиеттермен толыққан болашақ тұлпардың бойында қазақы жылқының төзімділігі болмақ әрі төл малымыздың аяғы сіңірлі. Сондықтан да алысқа шабуға жарамды, тұяғы да мақтаулы шетелдің жүйріктерімен салыстырғанда әлдеқайда мықты, құйматұяқ. Арқа даласы борпылдақ, жұмсақ топырақта емес, қатты болып келеді. Қатты жер жат жерлік жүйріктің тұяғын алып тастауы мүмкін. Ал қазақы тұлпар тасқа салсаң да тасырқамайды. Түйетабанды жүйріктер жұмсақ топырақта шабуға жақсы. Зайыры Табиғат-ананың өзі сан ғасыр бойы сұрыптаған, електен өткізгендіктен бе екен, төл жылқымыз туған табиғатымыздың болмысына әбден көндігіп, біте қайнасып кеткен.
Атбегі Алмас баптаған сәйгүліктер сан жарыста олжа салыпты. Алматыда өткен 31 шақырымдық аламан бәйгеде екінші орын алса, 2011 жылы республикалық аламан бәйгеде екі аты бірінші және екінші орын иеленген. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты Көкбастауда өткен аламан бәйгеде Падиша атты жүйрігі олжа салған. Бүкілқазақстандық супер Дерби ойындарында жүлделі болған.
– Жаратқан жүйріктерін сан бәйгеде олжа салыпты. Қанша көлік ұттың? – деп сұрадық біз.
Әуелі сұрағымызға түсінбегендей әнтек бұрылып қараған. Содан соң биязы ғана тіл қатты.
– Он бес көлік, – деді атбегі Алмас, – мен бірақ, ат жарыстырып дүние жинайын деп жүрген жоқпын. Қазақ жылқысының бағын асырып, бабын келтірсем, ең үлкен бәйге сол. Қазір жер-жерден қазақы жылқының тұлпар шығар тұқымын сарылып іздеп жүрген жай бар.
Шынында да, ел ішінде тұлпар туар биенің болуы мүмкін ғой. Небір жүйріктің атбегінің көзінен таса қалуы да ғажап емес. Қолтығы сөгіліп бір шаба алмай кетуі де ықтимал. Баяғы Оспан болыстың Ақшатыры іспетті.
Тау-теңіз құм ішінен бір шөкім гауһар іздегендей өнімсіз, бірақ, түбі қайыр осы құмарлық – атадан қалған аманат іспетті. Сол із сорабын жалғастырып келе жатқан Алмастар барда ата малының бағы жанатын күн де алыс емес шығар, сірә!
Ақмола облысы