Экономика • 02 Маусым, 2023

Атыраулықтар «көгілдір отыннан» тарықпайды «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының екінші тармағы іске қосылды

449 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«QazaqGaz» компаниялар тобы еліміздің 11 өңіріне – Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарына және Астана, Алматы, Шымкент қалаларына «көгілдір отын» жеткізеді.

Атыраулықтар «көгілдір отыннан» тарықпайды «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының екінші тармағы іске қосылды

Осы мақсат үшін пайдаланылатын магистралды газ құбырларының жалпы ұзындығы – 21 мың шақырымға, ал газ тарату желілері – 63 мың шақырымға жетіп, халықты газдандыру көрсеткіші 59 пайызды құрап отыр. Жақында Атырау облысындағы «Мақат – Солтүстік Кав­каз» магистралды газ құбырының екін­ші тармағы іске қосылды. Ол Мақат ауда­нынан бастау алып, Махамбет ауда­нын­дағы Талдыкөл ауылына дейінгі 130 шақырымға тартылды. «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің айтуынша, бұл – мұнайлы өңір үшін маңызды әлеуметтік және стратегиялық жоба. Оған салынған инвестицияның жалпы құны – шамамен 86 млрд теңге.

– Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ұлттық компанияның «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесе қолға алған инвестициялық жобасының бірнеше стратегиялық маңызы бар. Өйт­­кені бұл жоба Атырау облысының эко­номикасын өркендетуге үлкен сеп­ті­гін тигізеді. Біріншіден, өңірдің энер­ге­­тикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету­­ге бағытталып отыр. Екіншіден, газ­­бен жабдықтауды сенімді және үз­дік­­сіз қамтамасыз етуге, өндірістік ны­сан­дар мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді отынның экологиялық түріне – табиғи газға көшіруді іске асы­ру­ға мүмкіндік туғызады. Үшін­ші­ден, тұрғындардың өмір сапасын арттыру, еңбек және тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін қолға алынып отыр. Төртіншіден, бір желілік газ құбырын жөндеуге тоқтатуға байланыс­ты төтенше жағдайларды болдырмау мақсаты көзделді. Бесіншіден, Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы эконо­микалық аймағын газбен үздіксіз қам­та­масыз етуге мүмкіндік береді, – деді Санжар Жаркешов.

Қосымша желінің технологиялық сызбасына сәйкес жобалық қысымы – 7,4 МПа, тұрбаның диаметрі – 1000 мм. Жаңа желінің жобалық қуаты жылына 13,147 млрд текше метрді құрайды.

– «Мақат – Солтүстік Кавказ» магис­тралды газ құбырының іске қосылғанына 30 жылдан асты. Жер астындағы құбырда техникалық мәселелер туындап, ақаулар табылды. Егер магистралды газ құбыры істен шығатын болса, онда облыстың тұрғындары мен ірі кәсіпорындары, әсіресе балабақша, мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандар газсыз қал­уы мүмкін. Сол себептен, біздің облыс үшін жобаның маңызын ескерсек, «QazaqGaz» компаниясы магистралды газ құбырының екінші тармағын дер кезінде іске қосты. Бұл – Атырау об­лысы үшін әлеуметтік маңызы бар инвестициялық жоба, – деген пікірін білдірді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.

Мақат желілік өндірістің басқар­ма­сы­ның басшысы Манарбек Тұрсиевтің айтуынша, магистралды газ құбыры 1987 жылы іске қосылған. Бастапқыдағы газ тасымалдау қуаты тәулігіне 75 млн текше метрді құраған. Қазір Солтүстік Кавказ бағытына тәулігіне 43 млн текше метр, ал «Орта Азия – Орталық» құ­бырымен Саратов бағытына 42 млн текше метр газ тасымалданады.

Мұнда 2001 жылдан бері құбыр мен компрессорлық стансадағы негізгі және қосалқы жабдықтардың өткізу қабілетін әрі сапасын жақсарту үшін жаңа қондырғылар, оның ішінде агрегаттар мен бақылау автоматикасы, стансалар орнатылған. Сол жылы Мақат ауданын газбен қамту үшін Доссор кентінде «Саратов – 10» арналы газ тарату стансасы іске қосылған. Дәл осындай станса 2010 жылы Миялы ауылында да пайдалануға берілген. Мақсат – Қызылқоға ауданын газбен қамту.

Әр жылдары бірнеше турбокомпрессор цехы салынды. Сондай цехтың бірі 2013 жылы АҚШ-тағы «Solar turbines» компаниясының заманауи 7 агре­гатымен жабдықталған. Жыл са­йын дерлік құбырмен «көгілдір отын» тасымалын тоқтатпау үшін газ айдау агре­гаттары ауыстырылып, күрделі жөн­деу жұмыстары жүр­гізіледі. Газ құ­быр­ларының ішкі беті дефек­тос­ко­пия­лық тексеруден өткі­зі­ле­ді.

Әрине, мұндай жұмыстарды бі­лік­ті мамандарсыз іске асыру мүм­кін емес. Қазір Мақат желілік өнді­рістік басқармасында 147 маман ортақ іске ұйымшылдықпен жұмылып, газ тасы­ма­лының үзілмеуін мінсіз қамта­ма­сыз етіп отыр. Оның ішінде желілік бө­лім­ше­лерде – 136, «Қашаған» сы­ғым­дау компрессорлық стансасында 11 маман жұмыс істейді. Инженерлік техникалық құрамда 26 қызметкер бар. Бәрі де өз ісін жетік біледі. Олардың арасында «Үздік маман», «Жыл үздігі», «Үздік өндірістік сала қызметкері» атағын иеленгендер бар.

– Бізде, ең алдымен, еңбек қауіп­сіз­дігін сақтауға баса мән беріледі. Ма­мандарымыз жұмыста қателесуге бол­майтынын біледі. Сол себептен, қыз­мет­кер­лерімізді салалық конкурстарға жиі қатыстырып, кәсіби біліктіліктерін арттыру жолға қойылды, – дейді басқарма басшысы Манарбек Тұрсиев.

Оның айтуынша, осы кезге дейін құбырдың негізгі тармағында жоспарлы күрделі жөндеу жүргізілгенде, газ беру уақытша тоқтатылатын еді. Сондай кезде тұтынушылар бір апта, тіпті 10 күнге дейін газсыз отыратын-ды. Енді екінші тармақтың іске қосылуы газ тасымалдау кезінде мұндай үзілісті болдырмайды. Өйткені негізгі құбырда жөндеу жүргізу қолға алынса, газ тұтынушыға екінші тармақпен жеткізіле береді.

Газ тасымалдау саласында 46 жыл жұмыс істеген ардагер Таңбай Наушиев еңбек жолын Мақат желілік өндірістік басқармасында бастаған. Бастапқыда тех­нологиялық компрессордың маши­ни­сі болған. Кейін 90-жылдары құрылған «ҚазақГаз» холдингіне басшылық жаса­ған ардагердің айтуынша, бұрын «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырымен тәулігіне 190-195 млн текше метрге дейін газ тасымалданған. Қырық жылға жуық қолданыста болған құбыр бүгінде тозып тұр.

– Қазіргі кезде бұл құбырмен «Те­ңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» кен орындарының газы тасымалданады. Экологиялық таза отын түрі ретінде қол­данылатын газдың бір текше метрін де жо­ғалтуға болмайды. Себебі газды тұтыну көлемі жылдан-жылға ар­тып келеді. Тұтынушы көбейген кезде газды тозған құбырмен тасымалдай беретін болсақ, онда компания шығынға батады. Сондықтан қо­мақты инвестиция салынған екінші тармақты өзін ақтайтын жоба деуге болады. Ең бастысы, бұл – ел игілігі үшін іске асырылған жоба, – дейді Таңбай Наушиев.

 

Атырау облысы