Қоғам • 01 Маусым, 2023

Abay CUP-та «Абай» мектебі топ жарды

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада 1 маусым – балаларды қорғау күні аясында шағын футболдан Abay CUP турнирі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Abay CUP-та «Абай» мектебі топ жарды

Фото: Адильбек Тауекелов

Елордадағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының қолдауымен өткен турнирге 2012-2013 жылдары туған алты команда қатысты.

Бұл жолғы турнирдің ерекшілігі - арнайы челендж. Яғни бір уақытта Астанадағы бірнеше мектепте дәл осындай турнир бастау алды. Сондай-ақ қатысушы барлық командаға жүлделер мен медальдар үйлестірілді. Жарыс айналмалы жүйеде өтті. Ережеге сай барлық команда бір-бірімен өзара кездесіп, жеңімпазды анықтады.

.


«Балаларымыздың дені сау болуы үшін спортпен айналысу керек екені белгілі. Сол мақсатта біз 1 маусым – балаларды қорғау күніне орай футболдан қалалық турнир ұйымдастырып отырмыз. Бұл күн балалар үшін мейрам. Сол себепті де турнирге қатысқан балалардың барлығы жүлдеге ие болады. Мұндай жарыстар мектебімізде көптеп ұйымдастырылып келеді», дейді мектеп директоры Айгүл Қашаева.

Турнир қорытындысы бойынша екі топтан суырылып шыққан төрт команда жартылай финалда кездесіп, финалда қай команданың ойнайтынын анықтады. Нәтижесінде финалдық ойында Alash-2014 командасын 5:3 есебімен жеңген Namys командасынан жасақталған «Абай» мектебі жеңімпаз атанса, үшінші орынды «Бірліктен» 2:1 есебімен басым болған «Қазғарыш» мектебі түйіндеді.

.

«Бізге осындай турнирлер ұнайды. Себебі бұл турнир жеңіске жетуімізге, чемпион болуымызға мотивация береді. Abay CUP турнирін ұйымдастырушыларға рахмет айтамын», дейді «Абай» мектебінің оқушысы Заңғар Әбдікерім.

Аталған турнирде жекелей командалардан бөлек, жекелей ойыншылардың да шеберлігі ескерілді. «Ең үздік қақпашы» аталымы – Ануар Жақанға (Namys), «Ең үздік қақпашы» – Жалғас Серікке (Alash), «Ең үздік қорғаушы» – Дархан Шакирге («Бірлік»), «Ең үздік шабуылшы» Әлихан Дәулетбекке («Қазғарыш»), «Ең үздік ойыншы» Мансұр Амангелдіге (Alash) бұйырды.