Форум • 04 Маусым, 2023

Бағалаушылардың Түркістандағы басқосуы

264 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркістанда Орталық Азия және Түркі әлемі бағалаушыларының ­І ха­лық­ара­лық форумы өтті. Маңызды бас­қосуда бағалау қызметінің өзекті ­мә­се­лелері талқыға салынып сарапшылар өзара тәжі­рибе алмас­ты. Пленарлық оты­рыс­та Түркия, Әзер­байжан, Өзбек­стан, Қырғыз­стан және өзге де мемле­кет­терден келген баға­лау­шылар өз пікір­лерін айтты. Баға­лау қызметін дамыту, тәжірибе алмасу бағытында ­да маңызды баяндама­лар жасалды.

Бағалаушылардың Түркістандағы басқосуы

Форумның ашылу салтанатында «Қазақ­станның бағалаушылар достастығы» өзін-өзі реттейтін ұйымы, бағалаушылар пала­та­сының басқарма төрағасы Асқар Омар­беков халықаралық форумының мақсаты – іскерлік ынтымақтастықты нығайту, баға­лау қызметінде де түркітілдес мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдету екенін атап өтті. «Тарихи тамыр­ластықты нығайта түсу үшін түркі мем­лекеттері бағалаушы палаталарымен іскер­лік байланысты нығайту туралы шешімге келдік. Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітіл­дес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы ретінде ресми түрде жариялағаны баршаға мә­лім. Сондықтан киелі қаланың тарихи маңы­зын ескере отырып, форумды қасиетті Түр­кістанда өткізуді жөн санадық», деді Асқар Омарбеков. Түркі әлемінің тарихи және мәдени мұрасын, түркі мемлекеттерімен ынтымақтастық қатынастың артып келе жатқанын ескере отырып, түркі мемлекет­тері бағалаушы палаталарының тығыз және үйлестірілген өзара іс-қимылы туралы пікір туындаған. Түркі мемлекеттерінің ын­ты­­мақтастығы мәселелерінің жандануы­на – Түркі мемлекеттері ұйымын құру­ға бай­ла­нысты оның шеңберінде Түркі мем­ле­кет­терінің банктік қауымдастықтары кеңесі құрылды. Басқарма төрағасының айтуынша, біртұтас саясаттың қалыптасу үрдісін ескере отырып, кәсіби қызметтің жаңа субъектісін – Түркі бағалаушылар кеңесін құру туралы тұжырым жасалған. Түркі бағалаушылар кеңесінің қызметі түркі мемлекеттерінің бағалаушылар палаталары мен оларға мүше ұйымдар арасындағы өз­ара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталатын болады. «Түркі бағалаушы­лар кеңесін құру және оның қызметі еліміз­де және жалпы өңірде бағалау қызметін дамыту үшін тағы бір қадам болмақ. Инвестиция­лық жобаларда және кәсіпкерлік субъектіле­рін дамытуда маңызды рөл атқаратын баға­лау қызметі­нің ерекшелігін ескере отырып, сондай-ақ серпінді дамып келе жатқан мамандық бола отырып, біздің еліміздің кәсіби бағалаушылар қоғамдастығы үкімет алдына қойылған міндеттерді іске асыру бойынша күш-жігерін жұмсайтыны және кәсіпкерлікке кәсіби қолдау көрсететіні сөзсіз», дейді басқарма төрағасы. Ал Қар­жы министрлігіне қарасты департамент дирек­торының орынбасары Бекзат Айқымбаева бағалаушылардың қоғамдағы орнына тоқ­талып, бұл саланың аса маңызды әрі жауап­ты қызмет екенін жеткізді.

Сондай-ақ форумда Түркі мемлекеттері­нің бағалаушылар бірлестіктерінің кеңесі құрылып, халықаралық ұйымның құрылғаны туралы маңызды құжатқа Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың сенат залында қол қойылды. Кеңесті құру туралы құжатқа Қазақ­станның атынан «Қазақстанның баға­лау­шылар достастығы» өзін-өзі реттейтін ұйымы, бағалаушылар палатасының бас­қарма төрағасы Асқар Омарбеков, Түркия атынан Түркия бағалаушылар бірлес­тігінің басқарма төрағасы Яшар Бахшеджи, «Өзбекстан бағалаушылар қоғамы» қоғам­дық бірлестігінің төрайымы Наргиза Мир­зарахимова, «Әзербайжан бағалаушылар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Орудж Вугар Аловсат оглы және Қырғызстаннан «Қырғыз бағалаушылар бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің басқар­ма төрағасы Советбек Закиров қол қой­ды. Халықаралық кеңестің жарғысы да бірауыздан бекітіліп, ресімделді. Халық­аралық кеңестің жұмысы осы кеңеске мүше елдердің мемлекеттік тілдерінде жүр­гізіледі және ортақ тіл ретінде ағылшын тілі таңдалып алынды. Енді түркі елдерінің бағалаушы мекемелері, ұйымдары, сарапшылары, мамандары өзара тығыз байла­ныста жұмыс істейді. Түркі мемлекеттерінің бағалаушылар бірлестіктерінің кеңесін құру бойынша жұмыс алты ай бойы жүргізіл­ген. Осы уақыт ішінде қол қоюшы елдердің бағалау бірлестіктері басшыларының екі кездесуі онлайн режімде өткізілген. Баку қаласында офлайн режімде бір кездесу ұйымдастырылып, онда құрылтай құжат­тарының мәтіндері, құрылатын халықаралық ұйымның даму стратегиялары мен жоспарлары, оның ішінде бағалау қызметінің өзек­ті мәселелері талқыланып, кейбір тұстары түзетілген. Форумға қатысушылар маңызды құжатқа Түркістанда қол қойылуын тарихи оқиғалардың бірі ретінде атады.

Айта кетелік, «Қазақстанның бағалау­шылар достастығы» өзін-өзі реттейтін ұйымы, бағалаушылар палатасы ұйым­дас­тырған халықаралық форумға Түркістан облысының әкімдігі мен Қазақстан Рес­пуб­ликасы банктерінің қауымдастығы қол­дау көрсетті. Осылайша, Түркістан қаласы халық­аралық деңгейдегі маңызды бас­қосулар өтетін орталыққа айналып келеді.

 

ТҮРКІСТАН