Елордадағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның қолдауымен өткен турнирге 2012-2013 жылы дүниеге келген балалардан құралған алты команда қатысты. Бұл жолғы турнирдің ерекшелігі – арнайы челенджден басталуы. Яғни бір уақытта Астанадағы бірнеше мектепте дәл осындай турнир өткізілді. Сондай-ақ қатысушы командаларға жүлделер мен медальдар тапсырылды.
Жарыс айналмалы жүйемен өтті. Ережеге сай барлық команда бір-бірімен өзара кездесіп, жеңімпазды анықтады.
«Денсаулықтың мықты болуына спорттың пайдасы зор екені белгілі. Осы мақсатта Халықаралық балаларды қорғау күніне орай футболдан қалалық турнир ұйымдастырып отырмыз. Бұл күн – балалар үшін мейрам. Сол себепті турнирге қатысқандардың барлығы жүлдеге ие болды. Мұндай жарыстар мектебімізде жиі ұйымдастырылып келеді», дейді мектеп директоры Айгүл Қашаева.
Турнир қорытындысы бойынша екі топтан суырылып шыққан төрт команда жартылай финалда кездесіп, финалда қай команданың ойнайтынын анықтады. Нәтижесінде, финалдық ойында Alash командасын 5:3 есебімен жеңген Namys командасынан жасақталған «Абай» мектебі жеңімпаз атанса, үшінші орынды «Бірлік» командасынан 2:1 есебімен басым болған «Қазғарыш» мектебі түйіндеді.
– Бізге осындай турнирлер ұнайды. Себебі бұл турнир жеңіске, чемпион болуға ынталандырады. Abay CUP турнирін ұйымдастырушыларға рахмет айтамын, – дейді «Абай» мектебінің оқушысы Заңғар Әбдікерім.
Сондай-ақ командалардан бөлек, жекелей ойыншылардың да шеберлігі ескерілді. «Ең үздік қақпашы» аталымы – Әнуар Жақанға (Namys), «Ең үздік қақпашы» – Жалғас Серікке (Alash), «Ең үздік қорғаушы» – Дархан Шәкірге («Бірлік»), «Ең үздік шабуылшы» – Әлихан Дәулетбекке («Қазғарыш»), «Ең үздік ойыншы» Мансұр Амангелдіге (Alash) бұйырды.