04 Маусым, 2010

ҮРІМШІ ЖӘРМЕҢКЕСІНІҢ ҮЙРЕТЕРІ КӨП

738 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Алматыда “Қазақстан” қонақ үйінде “ҚХР-2010 Үрімші сыртқы сауда-экономикалық жәр­меңкесі” және “2010 Қазақстандағы Қытай тау­ар­ларының 8-ші көрмесі” атты баспасөз мә­с­лихаты болып өтті. ҚХР коммерция министрлігі, ҚР Сауда-өнеркәсіптік палатасы және Шыңжаң экономикалық газетінің ұйымдастыруымен өт­кен жиында Үрімшіде және Алматы қаласында өтетін жәрмеңкелер төңірегінде кеңінен сөз болды. Баспасөз мәслихатында сөз алған Суар қа­ласындағы коммерция департаменті басты­ғының орынбасары Сунь Чжэньсяо екі мем­лекет ара­сындағы сауда, экономика, мәдениет және өзге де салалардағы ынтымақтастық арта түскендігін атап айтты. Үрімші жәрмеңкесіне Қазақстан және Азия­ның бірқатар елдерімен бірге Ресей өкілдері де шақырылған. Жәрмеңкені ұйымдасты­ру­шы­лар тұжырымдауынша, мұндай жүздесу Орталық Азия елдерінің саудасы үшін бірлескен тұғыр­на­ма болатындығы сөзсіз. Ал, мұның өзі, түптеп келгенде, мемлекеттердің экономикасы мен әлеу­меттік жағдайын арттыруға қосылған үлкен үлес. Сөз реті келгенде атап айтарлық жәйт, соңғы жылдары Шыңжаң экономикасының даму қар­қыны арта түсуде. Өткен 2009 жылы шың­жаң­дық GDP – 427 миллиард 357 миллион юань­ге жетті. Мұның өзі өткен жылдың осы мер­­зімімен салыстырғанда 8,1 пайыз көлемінде өсімге қол жеткенін көрсетеді. Ал, импорттық-экспорттық сауда көлемі 13 миллиард 82 миллион 800 мың дол­ларды, экспорт орташа алғанда – 13 мил­ли­ард 82 миллион 300 мың долларды құрайды. Бүкіл ел бойынша импорттық-экспорттық көлем он алтыншы орында тұр. Ең бастысы, Қазақстан мен Шыңжаң арасындағы сауда саласындағы көрсеткіштер де уақыт өткен сайын даму үстінде. Бақыт БАЛҒАРИНА. АЛМАТЫ.