Дәстүр • 05 Маусым, 2023

Қымыздан асқан дәм бар ма!

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Керекуде «Қымызмұрындық» мерекесі өтті. «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық ұйымы ұйымдастырған ұлтымыздың дәстүрлі мейрамына Қызылорда, Абай облыстарынан және Астана қаласынан қонақтар жиналып, ұлттық сусынымызды дәріптеді.

Қымыздан асқан дәм бар ма!

Суреттерді түсірген Есенжол Исабек

Бие сүтінің адам ағзасына аса пайдалы екені мәлім. Дәруменге бай қымыздың әзірлену жолдары да әртүрлі. Әсіресе Арқаның бал татыған қымызын ыстықта шөліңді қандырып ішкенге не жетсін! Бір қызығы бүгінде Керекуді мекен еткен әртүрлі ұлт өкілдері үшін қымыз достық сусынына айнал­ғандай. Оның қасиетін, пайдасын өзгелер жоғары бағалайды. Жаз­дың алғашқы күндерінде өте­тін «Қы­мызмұрындықты» асы­ға күтіп, ар­қа-жарқа болып қала­тыны да содан.

Бұл жолғы мерекеге Қызыл­орда, Абай өңірлерінен, елордадан арнайы делегациялар келіп, мейман болды. Қонақтар құр келмей, ұлттық бұйымдар көр­ме­сін ұйым­дастырды. Қызылор­далық­тардың айтуынша, ондағы жер­гілікті жұрт негізінен шұбат ашытады.

– Жуықта Астана қаласында ұлттық бас киім – тақиялар фес­тиваліне қатысып, павлодарлық әріп­тестермен таныстық. Олар бізді «Қымызмұрындыққа» шақырды. Мәдени іс-шараға Қызылордадан қол­өнер бұйымдарын жасайтын 10 шебер келді. Тақия, құ­рақ көрпе түрлерін, жайнамаз, тор­сық, ұлттық нақыштағы сөм­ке­лер, түйе жүн көрпе секілді бұ­йым­­дарды ұсындық. Әжелеріміз үйретіп кеткендей, түйенің жүнін өңдеп, одан жылы көрпелер да­йын­даймыз. Керекудің қысы суық болғандықтан, жергілікті ха­лық­тан бұл бұйымға деген сұра­ныс ж­оғары, – дейді Арал қа­ла­сының тұр­ғыны Шамшырақ Сейілова.

Ал Абай облысынан келген Анаргүл Сәтжанова керекулік­тер­дің өте қонақжай екенін атап өтті. Облыс орталығына арнайы экскурсия ұйымдастырылып, кейін Ес­­келдідегі Мәшһүр Жүсіптің ке­се­не­сіне сапарлап қайтқан. Ес­тен кетпес сапар болды дейді қуа­ны­шын жасыра алмай.

Мерекеге жиналғандарға дәм­ді бауырсақ пен қымыз таратылды. Әннен шашу шашылып, көпшілік өнер­паздардың өнеріне тамсана қол соқты. Осылайша, «Қы­мыз­мұ­­рын­дық» өңірде дәстүрлі түр­де өте­тін «Бір шаңырақ астында» жаз­ғы фес­ти­валін ресми түрде бас­тап бер­ді.

 

ПАВЛОДАР