Байбарыс мешiтi сол кездегі Каир қаласының сыртында орналасқан ашық майданда салынған. Қақпасы Байбарыс медресесiнiң есiгiндей, михрабында Шафиғи күмбезiндей күмбез тұрғызылуын талап етедi. Сұлтандықтың тараптарына гранит бағаналар жеткiзуге хат жазады. Елдiң түкпiрлерiнен түйе, қодас, сиыр, темiр құрал-аспаптар, мешiттiң есiктерi мен төбесiн жабуға сапалы таңдаулы ағаш жеткiзуді бұйырады.
1265 жылы Байбарыс Шам елдерiне сапар шегедi. Жолда христиандар аманатқа берген Яффа бекiнiсiне соғады. Бекiнiс тұрғындарын уәлайяттарға таратып, қиратуға бұйырады. Мұнараларын бектерге бөлiп бередi. Қаланы қирату, әсiресе биiк қамалды қирату оңайға соқпайды. Бекiнiс негiздерi тереңге кеткен, өте сапалы салынған екен. Соған қарамастан қамалды құлатуды сұлтан өзiнiң нөкер, мәмлүктерiмен өзi бастайды. Әскерлер қамалды күндiз-түнi тынбай қиратып, ағаш, граниттерiн Яффа портында тұрған кемелерге тиеп, Мысырға жөнелтедi. Ағашты Байбарыс мешiтiне мақсура, граниттен михраб салуға мiндеттейдi. Байбарыс Яффа, Триполи, Антакия және басқа христиан иелiктерiн бағындырған жорығынан оралғанда мешiтке келiп, құрылысының тез аяқталғанына таң-тамаша қалады. Құрылысшыларға мол сый-сыяпат көрсетедi.
Байбарыс мешiтi төртбұрышты, төбесі бағандар ұстап тұрған, тегіс шатырлы ғимарат. Бүгінде мешіт күмбез, мұнаралар, шатыр және әшекейлердің көп бөлігін қоса алғанда, көптеген ерекшеліктен айырылған. Бірақ аумағы 10 мың шаршы метрден астам және биіктігі 12 метр болғаны оның кезіндегі салтанатын көрсетеді. Мешіттің үш шығыңқы кіреберісі бар, олардың ең үлкені батыс қабырғада орналасқан. Қаланың солтүстік-батысында орналасқандықтан, келушілер оның артқы жағынан шығады. Алайда тіпті артқы жағында да мешітті Меккенің бағытын көрсететін кибла қабырғасының ортасындағы михрабтың үстінен көтерілген үлкен ағаш күмбезі алыстан көрінетін. Әр кіреберістің үстінде, барлығы 3 мұнара болған. Мешіт құрылысы бір жарым жылға созылған және құны бір миллион дирхамға түскен.
Байбарыс мешітіндегі порталдар «аблак» дизайнында жасалған. Мешіт күмбезінің асты ерекше үлкен. Күмбез боялған, ал кибла қабырғасы ағаштар мен басқа да жасыл желектерді бейнелейтін мәрмәр және шыны мозаикамен безендірілген. Бұл мешітте көрініс тапқан «аблак» дизайны таста көрінетін жолақты өрнек кейін мәмлүк архитектурасының танымал безендіруіне айналды. Мешіттің қасбетінде және михраб үстіне жазуы бар тақтайшалар орнатылған. Мешіттің сырты тастан өрілсе, ішкі жағы ойылған қалыптармен безендірілген. Қабырғаның жоғары жағындағы терезелердегі торларының бетінде куфалық жазу жолағы бар.
Мешіт құрылысы аяқталғаннан кейін Байбарыс оның әсемдігіне риза болды және мешіттің айналасындағы жерді ғимаратқа табыс әкелетін уақып ретінде сыйға тартты. Уақып жүйесі бай және ықпалды адамдардың қоғамға қайырымдылық жасайтын ислами маңызды құралы болды.
Наполеон Мысырға жасаған жорығы кезiнде француз әскерi оны қорғаныс ретiнде Мұхаммед Әли деген уәлидің тұсында әскери казарма етіп, ал ағылшындар наубайхана ретiнде пайдаланған.
Кезінде қала сыртына салынған мешіт қазіргі кезде көпқабатты биік үйлердің құрсауында қалған. Оның үстіне мешіт айналасындағы жер биіктеп, мешіт еңіс жерде тұрғандай әсер береді. Күмбезі, үш мұнарасы, михрабы сақталмаған.
Осы күйі біздің заманымызға жеткен. 2007 жылы Каирде Қазақстан Үкіметі мен Мысыр Араб Республикасының Үкіметі арасындағы Каир қаласындағы Байбарыс сұлтан мешітін қалпына келтірудегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Осы құжатқа сәйкес, Қазақстан Каир мешітін қалпына келтіру үшін 4,5 млн доллар бөлді.
Сол жылы Қазақстан Үкіметі әл-Фараби мәдени орталығын салу және Дамаскідегі Байбарыс мазарын қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыруға шешім қабылдады.
2008 жылғы желтоқсанда Парламент Сенатының депутаттары пленарлық отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мысыр Араб Республикасының Үкіметі арасындағы Каир қаласындағы Байбарыс мешітін қалпына келтіру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылдады. 2007 жылы Қазақстан бұл жобаны іске асыруға 140 млн теңге, 2008 жылы 153 млн теңге бағыттаған. 2009 жылғы бюджетте мешітті қалпына келтіруге 271,7 млн теңге қарастырылған. Ал Мысыр тарапының үлесі 20 млн долларды құрайды. Бұл заң Мемлекет басшысының 2007 жылғы наурыздағы Мысырға ресми сапарының қорытындысы негізінде әзірленді. Онда біздің тараптың түркі халықтарына, әсіресе қазақстандық тарих пен мәдениетке қатысы бар осы сәулет ескерткішін қалпына келтіруге қатысу ниеті туралы жариялады. Қалпына келтіру жұмыстары 3 кезеңге бөлініп, сәтімен аяқталды. Қазақстан Үкіметі мен Мысыр Үкіметі арасындағы Каирдегі Байбарыс мешітін қалпына келтіру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес біздің ел қайтарымсыз негізде 4,5 млн доллар бөлу жөніндегі міндеттемелерді мойнына алады. Бұл құжатқа 2007 жылғы 28 қазанда Каирде қол қойылды. Жобаны іске асыру үшін Мысыр тарапы біздің тарап бөлетін қаражатты аталған ел заңнамасында белгіленген салықтар мен алымдарды төлеу үшін пайдаланбайтын болады.
Бүгінде мысырлықтар Каир қаласындағы Байбарыс мешітін қалпына келтіру жұмысын толығымен аяқтады. Үшінші кезеңде күмбез, бөлменің ішкі көрінісі, сондай-ақ іргетас құрылысы, бағаналар, бөренелер, ғимарат және мешіт төбесінің бұзылған бөлігі қалпына келтірілді. Жоба 2011 жылы аяқталуы керек еді. Алайда осы уақытта Мысырдағы саяси және экономикалық дағдарыс барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндік бермеді.
Мысырдың Көне ескерткіштер министрі Халед әл-Ананидың айтуынша, Байбарыс мешіті Қаир қаласындағы екінші ең ірі мешіт болып саналады. Сондықтан бабамыздың мұрасы – бұл ел үшін тарихи маңызды нысан, ал саяси тұрғыдан Қазақстан мен Мысыр арасындағы достық қатынастардың рәмізі.
Байбарыстың кіндік қаны тамған жері Қазақстанның халқы мен басшылығы жобаның аяқталуына үлкен мән берді. Бұл Мысыр президенті Абдель Фаттах әс-Сисидің 2016 жылғы ақпанда Астанаға жасаған сапары барысында екі мемлекеттің басшылары арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың бірі, деп мәлімдеген мысырлық министр оны орындау басты назарда болатынын атап өтті. Оның айтуынша, жобаны техникалық қадағалауды мысырлық археологтер мен тарихи сәулетшілерден құрылған арнайы комиссия жүргізеді. Бұл комиссия мешіттің ішкі бағаналарына қаланған қызыл кірпіштерді жарамсыз деп тауып, өзінің түпнұсқасына көбірек ұқсас жоғары сапалы граниттік қыштар пайдалануды ескертті.
Қазақстан екі ел арасындағы тарихи байланыстардың символына айналған Байбарыс мешітіндегі реставрациялық жұмыстарды аяқтауды кешіктірмеуді құптады. Ортақ мұраны сақтауға деген Мысыр басшылығының қамқорлығын жоғары бағалай отырып, қазақ жағы Мысырды мұсылман әлемінің орталығына, ал Каирді Халифат астанасына айналдырған кемеңгер тұлға Байбарыс дәуірінен мирасқа қалған мешітті тарихи ескерткіш деп санайды. Мешіт қайта қалпына келтіріліп, Мысырдың мұсылман әлеміндегі ерекше рөлінің, Таяу Шығыстағы беделі мен абыройының тағы да бір рәмізіне айналды.
Қазақстан шетелде мәдени орын салуға ХХІ ғасырдың басында кіріскен болатын. 2007 жылы еліміз Сирия астанасы Дамаскідегі Байбарыс кесенесін қайта қалпына келтіруді, осы ежелгі Шам шаһарында даңқты бабамыз әл-Фарабидың тарихи-мәдени орталығы мен кесенесін салуды, Каирде Байбарыс мешітін қалпына келтіруді қолға алып, қаржы бөлді. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы шет мемлекеттің аумағында тұрғызылған тұңғыш ірі мәдени нысан. Ескерткіш тек Қазақстан, Сирия және Мысыр үшін ғана емес, сондай-ақ бірқатар Шығыс және Еуропа елдері үшін де зор тарихи-мәдени маңызға ие. Қазақстанның ілгерілетуімен 2007 жылдан кейін құрылыс жұмыстары басталған. Алайда Мысырда туындаған саяси-экономикалық ахуалға, революциядан кейінгі күйзелістерге байланысты бұл іс тоқтатылды. Оның үстіне бас мердігер көп ақша сұратып, жөндеуді доғартып қойғаны да есімізде. Тіпті жергілікті тұрғындар құрылысты жүргізгендердің тірлігінен түңіліп, оларға «ұяты жоқтығын, он жыл бойы түк бітірмегендерін» айтып, ренжіп жатты.
Қазақстан бөлген қаржы жерасты суынан қорғайтын жүйе салып, іргетасты қайта құюға, мешіт қабырғаларын қалпына келтіруге жұмсалды. Бірақ бұл істі аяғына дейін жеткізіп, әлем жұртшылығына ұялмай ұсынылатын сәулет туындысы деңгейіне дейін жеткізуге де аз қаржы жұмсалған жоқ.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, мешітті реставрациялау жобасының қазіргі жалпы құны 12 млн долларды құрайды. Оның 4,5 млн Қазақстан Үкіметі кезінде бөлді. Мысыр болса, қоса қаржыландыру мақсатында 100 млн мысырлық фунт (шамамен 5,6 млн доллар) аударған. Қазақстан басшылығы мен халқы жобаның аяқталуына көп көңіл бөлді.
Сонымен 2018 жылы Каирде Байбарыс мешітін қалпына келтіру қайта басталды. Археологиялық және архитектуралық зерттеулер, сондай-ақ жерасты жұмыстары мен іргетастың құрылысы аяқталды. Біраз уақыт күмбезді үй-жайларды, дәліздерді, мұнараларды, орталық алаңды және сыртқы қабырғаларды қайта жаңартуға жұмсалды. 2018 жылы Алматы қаласында «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасына арналған конференция өтіп, оған Қазақстандағы Мысыр елшілігінің өкілдері де қатысқанын білеміз. Мысырлықтар XIII ғасырдың ұлы қолбасшысы Байбарыс сұлтанның заманынан бері сол кездегі ежелгі қалалардың аумағында мәмлүктердің мол мұрасы – қазақстандық ғалымдарға қызықты тарихи және сәулеттік ескерткіштер сақталғанын атап өтті.
Осы орайда Қазақстан ислам тарихы мен мәдениеті үшін маңызды ескерткіштің бірі Байбарыс мешітін салуға қатысуы еліміздің халықаралық беделінің өсуіне септігін тигізді. Мысалы, әзербайжандық БАҚ «Байбарыс мешіті – қалпына келтіруді қажет ететін көптеген нысандардың бірі. Қайта құру құны 12 млн долларды құрайды, оның 4,5 млн долларын Қазақстан бөлді. Байбарыс – қазақ халқының тарихи батырларының бірі», деп жазды. Ресейлік БАҚ беттерінде «Қазақстан өзін ресми түрде әйгілі сұлтанның отаны деп санайды және оны мемлекеттік деңгейде құрметтейді: онда Байбарысқа ескерткіштер қойылған, ол туралы фильмдер түсірілген», деген ақпарат таратылды.
Кеше ресми ашылған Байбарыс мешіті алдағы ғасырлар сынынан мүдірмей өтіп, мұсылман жұртының рухани игілігіне аса береді деп сенеміз.
Қайрат СӘКИ,
Нұр-Мүбәрак Мысыр ислам мәдениеті университеті Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері