Қоғам • 05 Маусым, 2023

«Jasyl el» – еңбекке баулу мектебі

299 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде «Jasyl el» жасағы жасақталып жатыр. 19 жыл қата­рынан ұйым­дастырылып келе жатқан бағдарлама көмегімен 14 пен 35 жас аралығындағы жастар жұмысқа қабылданады. Осылайша еліміздегі 30 мыңнан аса азамат еңбекке араласады.

«Jasyl el» – еңбекке баулу мектебі

Елімізде 2005 жылдан бері «Jasyl el» бағдарламасы тұрақты іске асырылып келеді. Былтыр ілкімді істің игілігін Астана қа­ласы бойынша 4 208 жас көрсе, биыл 4 200 елордалық еңбекке араласады. Бір айта кетерлігі бұл жоба көмегімен қазір 21-35 жас аралығындағы жұмыссыз жастар ғана емес, мектеп оқушылары да табыс таба алады.

– «Jasyl el» жобасы – мемле­кеттің ел ертеңіне деген үлкен қамқорлығы. Бағдарлама бастау алғалы миллиондаған жасыл желек отырғызылды. Еліміз әлі де жа­сыл желекке орана береді. Біз­де 14 жастағы бала кәмелеттік жасқа толма­ған­­дықтан, Еңбек ко­дексіне сәйкес 4 са­ғат жұмыс істейді. Жобаға қатысатын жас­тардың барлығы жабдықтар­мен қам­тамасыз етіледі. Одан бө­­лек, ай сайын 65 мың теңге жа­лақы төленеді. Жыл сайын «Jasyl el» сарбаздары қатарын­да жұмыс істеуге қызығушылық таныт­қан жастардың саны артып келеді. Олар қаламыз­дың құ­рылыс нысанында әртүрлі са­­нат­­тағы шеберлердің (құры­лыс ин­женер­лері, технологтар, мон­­таж-құрылыс жұ­­мыс­тары­ның ше­берлері) көмекші­сі қыз­­мет­терін, қала маңындағы «жа­сыл бел­­­деуде» ағаш отырғызу, тал­дар мен кө­шет­терді қопсыту және суару (сүйелді қа­йың, ұсақ жа­пы­рақты шегіршін, кәдімгі қа­ра­ғай, көде, боз жиде, терек), ағаш­тар мен көшеттерге күтім жасау жұмыстары ар­­қылы табиғат пен қала келбеті үн­дес­тік тапқан бірегей экожүйенің қалып­та­­суына және қала саябақтарының жа­сыл желегінің күтімімен айналысып, та­за­­­лық жұмыстарын жүргізеді, – деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселе­ле­­рі басқармасының басшысы Қайрат Қам­баров.

«Jasyl el» жасағы қатарын­да көп­балалы отбасынан шыққан, әлеуметтік аз қамтылған отба­сы­ның балалары және ата-ана­­сы­ның қамқорлығынсыз қал­ған жет­­кіншектер де бар. Ал жұ­мыс­сыз жас­тар құрылыс компания­ларына орналас­са, сол жерден жалақы алады. Оған қо­­сым­ша жоба аясында 65 мың теңге көле­­мін­де сыйақы тағайындалады. Жал­­пы, жұмыс уақыты 8 сағатты құ­рай­ды. Қатысушылардың бірі Ислам Айтқа­лиев­тың сөзінше, бағ­­дарлама тек табыс тауып қана қой­май, өз ортаңды табуға көмек­теседі.

– «Jasyl el» бағдарламасы бо­йынша биыл осымен екінші рет жұмыс істеп жатырмын. Мұнда жаңа орта таптым және жаңа достармен таныстым. Тап­қан табысымды күнделікті қажеттілікке жұмсадым. Сондай-ақ бір бөлігіне ата-анама сыйлықтар сатып алдым. Жаз мез­гілімен қоса күзде де жұмыс істедім. Күз­де оқумен қатар алып жүруге болады, – деді 1-курс студенті.

Қазір бағдарлама аясында Астана қаласы бойынша 2400 жуық жас еңбек етіп жүр. Оның ішін­де 1560 оқушы, 721 студент, 36 жұ­мыс­сыз жас бар. Биыл жаз­ғы мау­сымда азаматтарды жұ­­мыспен қам­туға «Базис-А» құ­ры­лыс компа­ниясы, «Астана кө­гал­дандыру құрылысы» АҚ, «Астана орманы» ЖШС, 100-ден астам білім беру мекемелері, 20-ға жуық колледж және 10-нан астам жоғары оқу орындары серіктес болуға келісім берген.

Алматыда да «Jasyl el» жобасы аясында 2 мыңнан астам жас жұмыспен қам­тылады. Жоба­ның ашылу салтана­ты қаладағы демалыс саябағының бірін­­­де өтті. Эстрада жұлдыздарының қа­ты­­суымен өткен концерттік бағдар­лама­дан кейін, «Jasyl el» еңбек жасағының қатысушыла­ры сол аумақты тазартуға бірден кірісті.

– «Jasyl el» жобасы жаз мез­гілінде жүргізіледі. Маусым, шіл­де, тамыз айларында қаты­сушылар еңбек етеді. 2022 жылы еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері – 60 мың теңге төленді. Биыл жалақы 70 мың теңгеге көтеріліп отыр. Өтінім қабыл­дау кезінде баланың жеке куәлік көшірмесі немесе туу туралы куә­лік көшірмесі, есепшот иесі­нің жеке куәлік көшірмесі, 20 сан­дық есеп шот туралы анықтама, әлеуметтік жағдайын растайтын құжат (көпбалалы екендігі тура­лы куәлік, әлеуметтік аз қам­тыл­ған от­басылар үшін атаулы әлеу­мет­тік тө­лем туралы анықтамасы), ­баладан және заң­ды өкілінен өті­ніш алынды, – деді «Jasyl el» мау­сымдық жұмысқа орналастыру жобасының жетек­шісі Зухра Иманбаева.

Жоба жетекшісінің сөзінше, өткен жылы бағдарламаға 1900 алматылық қатысса, биыл олар­дың саны 2000-нан асқан. Қаты­сушылар экологиялық рейдке шы­ғып, құқық бұзушылықтың да алдын алады.

– Биыл жобаға төртінші рет қаты­сып отырмын. Жаңа таныс, орта та­ба­мыз. Белсенділігіміз­ді арттырамыз. Жатақха­наның те­гін болуы жастарға үлкен көмек, екінші жағынан, 70 мың теңге айлық бар. Онда қиналып кір­піш тасымаймыз, үй салмаймыз. Табиғатқа жанашырлығымыз­ды көрсетеміз, – дей­ді жобаға қаты­сушы Дана Білдебаева.

Мұнайлы өлке Аты­рауға да бағ­дар­ла­ма өз септігін тигізбек. Ол облыс­тың жеті ауданында жә­не қалаға қарас­ты 7 ауылдық округ (Ақсай, Еркін­қа­ла, Дам­бы, Қайыршақты, Атырау, Ал­малы, Кеңөзек) аумағына жұмысқа қа­был­дайды. Шаһарда «Jasyl el» жобасымен жастарды тек 1 ай ғана еңбекке баулиды. Бір ес­кере кетерлігі, маусым айында жұмыс істе­ген сарбаз шілде, та­мыз айларына қабыл­дана алмай­ды. Сондай-ақ, биыл жыл сайын бөлінетін квотадан бөлек, «Jasyl el» жобасы аясында 14 пен 29 жас ара­лығындағы жетім және ата-ана қам­қорлығынсыз қал­ған балаларға жеке орындар қа­растырылған.

«Jasyl el» бағдарламасын іске асыру – мемлекеттік жас­тар саясатының не­гізгі басым ба­ғыты. Жоба елімізді көгал­­дан­дыру, абаттандыру арқылы жас­­­тарды жұмыспен қамтуды мақ­сат етеді. Сонымен қатар тек жұ­мыс­сыздық деңгейін төмендетіп қоймай, жастардың туған жерге, табиғатқа, Отанға деген пат­риот­тық сезімін оятады.

Айта кетейік, Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев та жас­­тардың эко­логиялық іс-ша­ра­ларға қатысуына үнемі мән бе­реді. Өзі де Астана қала­сын­дағы Линейный саябағында «Жасыл Астана» акциясы аясында 30-ға жуық бел­сен­ділермен бірге ағаш отырғызуға қатыс­қан еді. Іс-шара барысында жас­­тарға өз тілектерін жеткізіп, елорда­ны көркейтуге ба­ғыт­талған жоспарлармен танысқан-ды.