Білім • 05 Маусым, 2023

Сәт сапар, сары автобус!

830 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түсімен ерекшеленіп, алыс­тан менмұндалап тұра­тын сары автобустарды­ ке­зінде америкалық кино­фильм­дерден ғана көре­тін едік. Америка Құра­ма­ Штаттарының үлгісін­де­гі мұндай ерекше көлік­тер бүгінде елімізде құ­рас­­­тырылып, шалғай ауыл­дар­ға үлестіріліп жатқаны қуан­тады. Жуықта Ертіс-Баян өңіріндегі ауылдық 16 білім ұясына заманға сай­ жабдықталған жаңа қоғам­дық­ көліктер тарту етілді.

Сәт сапар, сары автобус!

Жас ұрпақтың алаңсыз бі­лім­ алып, оқу орнына жайлы да қауіпсіз қоғамдық көлікпен же­туі­не мемлекет тарапынан барынша көңіл бөлініп отырғаны мә­лім. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өңірдегі ауылдық 16 мектепке заманға сай жабдықталған сары автобустар берілді. Жаңа автобус­тар қауіпсіздік белбеулерімен, оқушылардың рюкзактарына­ арналған сөрелермен, бейнекаме­ра­лармен жабдықталған. Мүм­кін­дігі шектеулі балаларды салон ішіне көтеріп кіргізуге арналған тетігі де инклюзивті бі­лім берудегі маңызды қадамдарды аңғартса керек. Мұндай жай көтер­гіштің өзі ауылдық жерлер­де­ өзге қатарластарымен сыныпта оты­­рып білім алғысы келетін мүм­кін­дігі шектеулі жасөспірімдер үшін аса қажет. Ал автобустың өзі ақыл­ды­ жүйемен қамтылған. Жүр­гізу­ші­ есіктердің барлығы жабыл­ға­ны­на­ көзін жеткізу үшін салон­ды мін­дет­ті түрде аралап шы­ғуы керек. Олай етпесе, сары авто­бус орнынан қозғалмайды. Каме­ралар жүр­гізушінің іс-қимы­лы дұрыс бол­ға­нын құптап, қозғал­т­қыш­ты іске қо­суға рұқсат береді. Ал көліктің өзі көлемі 3,5 литрлік дизельді мотор­мен қамтамасыз етілген. Қыста іші­ жылы болуы үшін салонда 6 жы­лыт­қыш радиатор қойылған.

Мұндай ерекше автобустың бірі Баянауыл ауданының Қошке Ке­меңгеров атындағы орта мек­те­біне берілді. Шоманкөл бө­лім­ше­­с­інен келіп оқитын оқушылар ес­­кі «ПАЗИК» автобустан құтыл­ған­­дарына мәз.

– Қ.Кемеңгеров мектебі ок­руг­­ орталығы – Жұмат Шанин ауы­­­лында орналасқан. Жеті ша­­қы­рым жердегі Шоманкөл бөлім­ше­сінен 19 бала күнделікті қа­ты­­найды. 2017 жылы ауылдық әкім­дікке «ПАЗИК» маркалы авто­бус беріліп, осы күнге дейін оқу­шыларды сонымен тасымалдап­ келдік. Ол көлігіміз де ескіріп қал­ды. Мына автобустың тех­но­ло­­гиялық қамтылуы көңілімізден шы­­ғып отыр. Салонында сал­қын­­датқышы бар, күн ыстықта бала­­лар мектепке жайлы жетеді. Кө­лік дизель отынымен жүреді екен. Қыста қозғалтқышы мен жа­нармай жүйесін алдын ала жы­лытып қоятын құрылғысы да бар. Бұл, шынымен де, біз­дің­ балаларымызға тамаша тарту болды, – деп қуанышы­мен бөліс­ті­ мектеп директоры Мадиян Қаб­ду­ова.

Қ.Кемеңгеров мектебінде ал­дағы оқу жылында 104 бала бі­лім алады деп күтіліп отыр. Көп­қабатты білім ордасының ғи­мараты ескіріп, көп жылдан бе­рі күрделі жөндеуге сұранып тұ­р­ған жайы бар. Оқу ұйымын жөн­ге келтіру жобасын облыс би­лі­гі келер жылдың бюджетіне ен­гіз­ген екен. Жалпы сомасы 329 млн теңгеге смета жасалыпты. Жо­ба­ бойынша мектептің қасбеті, есік-терезелері жаңарып, едені қай­тадан құйылады. Қабыр­ға­лары әр­леніп, электр жүйесі, ішкі жылу жүйесі толықтай жа­ңа­рады.

Ал Павлодар ауданының тұр­ғыны Жанна Татиева балалары Заңғар орта мектебінде оқитынын, оқушыларды тасымалдайтын ескі қоғамдық көлік жиі сынып, ата-аналар үнемі алаңдап отыратынын жеткізді. Енді қыстың суығы, жаздың ыстығында балаларын тасымалдайтын жайлы автобус бар. Оқушылар күнделікті сабаққа барудан бөлек, түрлі спорт сайы­­­сы­­на, білім байқауына осы автобус­пен қатынайды.

Айта кетейік, сары автобустар Баянауыл, Павлодар, Май, Успен, Ақтоғай, Тереңкөл, Шарбақты аудандарына және Ақсу мен Екібастұздың шалғай ауылдарына берілді. Жаңа оқу жылына дейін облысқа тағы осындай 30 көлік жеткізіледі.

 

Павлодар облысы