Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жазғы демалысты пайдалы әрі тиімді ұйымдастыру кезінде ауыл балалары көбіне ұмыт қалатынын, демалыс іс-шаралары мағыналы өтпейтінін айтқан еді. Биыл жазда өңірлердегі мектептердің оқушыларына басымдық беріліп, ауылдық елді мекендер оқушыларының демалыс кезеңін барынша қызықты етуге күш салынып жатыр.
Жазғы демалыс уақытында Керекуде 108 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарланып отыр. Бұл – 1-10-сыныптарда білім алып жатқан балалардың 98,4 пайызы. Ауылдық мектептерде білім нәрін сіңіріп жатқан зерек шәкірттерге, түрлі білім сайысы мен байқауының жүлдегерлеріне «Қазақстан халқына» қоры есебінен лагерлерге жолдама беріледі. Тағы 700-ден астам бала облыстық сауықтыру лагерьлеріне бағытталса, 200 жасөспірім Астанадағы Назарбаев университетіне 10 күнге саяхаттайды. Өзге шәкірттер де ұмыт қалмайды. 40 мыңнан астам оқушыны қамтитын 326 мектеп жанындағы лагерь мен алаңдардың жұмысын ұйымдастыру қарастырылған.
– Жалпы білім беру мектептерінің барлығында дерлік жазғы лагерьлер ұйымдастырылады. Олар өз жұмыстарын 5 маусымнан бастап жүргізсе, одан соң қалалар маңындағы лагерьлер кестеге сәйкес ашыла бастайды деп күтіп отырмыз. Орта және жоғары сыныптардағы оқушылар үшін өңірімізде салалық лагерьлер ұйымдастырылады. Мысалы, мұндай жазғы лагерьлер балалардың көркемсурет мектептерінде құрылып, балалар пленэрге шыға алады, танымал суретшілермен кездесіп, шеберліктерін шыңдайды. Музыкалық мектептерде салалық ауысымдар пайда болса, ал жас құтқарушылар жасақтары олимпиялық резервтегі мектептермен жұмыс істейді. Мұның барлығы балалар үшін өте қызықты болатынына сенімдіміз, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанова.
Білім беру мекемелерін ынталандыру мақсатында жазғы уақытта облыстық деңгейде конкурстар өткізу де жоспарда тұр. Қалалық және аудандық білім бөлімдері арасында «Жаз-2023» шығармашылық жобалар байқауы, үздік педагогикалық жасақты анықтайтын «Бала достары» облыстық байқауы және білім беру ұйымдарының оқу-тәжірибелік алаңдары үшін «Жасыл желек» облыстық байқауы ұйымдастырылмақ.
Бүгінде өңір бойынша қала сыртындағы балаларға арналған лагерлердің саны – 12. Олардың тоғызы – мемлекеттік, өзгесі жекенің қолында. Бұларда жазда шамамен 6 мыңнан астам бала тынығады деп күтіліп отыр. Демалыс орнының барлығы ашылмас бұрын төтенше жағдайлар қызметінің және санитарлық қызмет мамандарының тексеруінен өтеді.
Р.Ақанова әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың балалары және жетім балалар да демалыспен қамтылып, бұл санаттағы 12 мыңнан астам оқушы тынығу орындарына жіберілетінін айтты. Бұл мақсатқа шамамен 300 млн теңге бюджет қаражаты жұмсалады. Маусым айының ортасынан бастап тамыз айына дейін балалар үйлерінің тәрбиеленушілері қалалар маңындағы лагерьлерге жіберіліп, бұл іске меценаттар мен демеушілер де тартылмақ. Қазірдің өзінде жалпы сомасы 30 млн теңгеге 600 жолдама сатып алынған.
Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында жаз мезгілінде түрлі танымдық жоба да қарастырылған. «Ұлы дала кереметі» туристік сапарлары аясында облыстың, республиканың киелі жерлеріне экскурсиялар ұйымдастырылады деп күтіліп отыр.
Павлодар облысы