
Қазір әлем соңғы он жылда орын алған геосаяси шиеленістің түйінін шешуге тырысып жатыр. Жекелеген мемлекеттер арасында болған, әлі де болып жатқан қақтығыстар – әлемдік экономикалық, қаржылық дағдарыстардың басты себебі.
Сонымен қатар қаржы сарапшылары әлем әлі коронавирус пандемиясының салдарынан арыла қоймағанын алға тартып отыр. Ал ғалымдар геосаяси тұрақсыздық әрбір мемлекетке әртүрлі әсер еткенін айтады.
Саясаттанушылардың айтуынша, жаһандағы геосаяси тұрақсыздыққа соңғы 30 жыл ішінде әлемде болған 170 әскери қақтығыс себеп болды. Соңғы 10 жылда Ирак, Ливия, Сирия, Украина, Таулы Қарабақ және басқа аймақтардағы қанды қақтығыстардың куәсі болдық. Ал соғыстан көз ашпаған Руанда, Сомали, Шығыс Тимор, Босния, Косово, Дарфур, Конго секілді елдердің экономикасы тіпті толық жойылудың алдында қалды.
Шетел ғалымдарының пайымдауынша, геосаяси шиеленістердің асқынуына қарамастан қазір жаһандық экономика қалпына келуін жалғастырып жатыр. Мәселен, өткен жылы жаздың ортасына дейін жаһандық өнеркәсіптік өндіріс пен әлемдік сауданың индекстері ең жоғары деңгейде болды, бірақ кейін бірқатар ел жоғары инфляция, тауар нарығының құбылуы, ақша-несие саясатының қатаңдауы және санкциялар салдарынан экономиканың қарқыны төмендей бастады.
Өткен жылы 2020-2021 жылдардағы нәтиже бермеген ақша-несие саясатының, энергия бағасының өсуі мен логистикалық үзілістердің салдарынан 30 жылда болмаған жаһандық инфляция деңгейі 8-9 пайызға жетті. Мәскеу Экономика жоғары мектебінің әлемдік экономика кафедрасының доценті Александр Зайцев 2023 жылы бұл көрсеткіш 6,5%-ға дейін төмендейді деп болжайды. Ол азық-түлік бағасының күрт өсуі өткен жылдың наурызында Украинадағы қақтығыс пен тыңайтқыш бағасының өсуіне байланысты болғанын атап өтті. Ал жылдың соңына қарай баға астық мәмілесіне байланысты төмендеді, бірақ Ресей мен Украинадан жеткізілетін өнімдер Африка мен Таяу Шығыс елдері үшін сол қолжетімсіз бағада қалған. Мұнай бағасы 2011 жылдан бері шекті мөлшерге дейін көтерілді, кейін Ресейден тасымалдау ретке келіп, экономикалық белсенділік бәсеңдеп, Қытайдағы локдаундарға байланысты қайта төмендеді.
Экономиканың құлдырауына әкелген геосаяси тұрақсыздық әрбір мемлекетке әртүрлі әсер етті. Александр Зайцевтің айтуынша, АҚШ-та мемлекеттік және әскери шығындардың ұлғаюы есебінен инфляцияның өсуі жалғасты, Еуроодақ елдерінде энергетикалық дағдарыс пен мемлекеттік қарыздың ұлғаюына байланысты баяу өсті. Ал Қытайда ковид шектеулеріне байланысты өсім 1,5 пайызға дейін төмендеді. Осы орайда сарапшы биылғы көрсеткіштер болжанған 2,3-2,4 пайыздан төмен болуы ықтимал екенін айтады. «Алайда бұл рецессия ұзаққа созылмайды, бірақ энергетикалық дағдарыс, қарыз проблемалары және геосаяси шиеленістер тоқтамаса, одан әрі жалғасады», дейді Александр Зайцев.
Сондай-ақ ол келесі жылы Азияның жаһандық экономикадағы рөлі арта түседі деген пікірде. Логистикалық мәселелерді әр аймақтың өзі шешіп, дамушы және дамыған елдер арасындағы технологияларды дамытудағы бәсекелестік күшейе түспек.
Сонымен қатар жаһандық инфляцияның күрт өсуіне байланысты орталық банктер де ақша-несие саясатын қатаңдатты, мәселен, 2022 жылдың шілде-желтоқсанында дамыған және дамушы елдердің 72 орталық банкі несиеге мөлшерлемелерді көтерсе, оның тек 9-ы ғана (Ресей, Түркия және Қытайды қоса алғанда) мөлшерлемелерді төмендетті.
Мәскеу Экономика жоғары мектебінің сарапшысы Ксения Бондаренко Орталық банктің несие мөлшерлемелерін арттыру әлемнің дамыған елдерінің фискалдық тұрақтылығына қатысты елеулі проблемалар туғызатынын айтады. Пандемия кезінде қарыз ауыртпалығы айтарлықтай өсті, бюджет тапшылығы мен фискалдық теңгерімсіздіктің өсуінен инвесторлар мемлекеттік облигацияларға деген сұранысын азайтты. Соның салдарынан қаржы реттеушілері бағалы қағаздардың едәуір бөлігін сатып алуға мәжбүр болды. Ксения Бондаренконың айтуынша, өткен жылдың тағы бір маңызды үрдісі әлемдік қаржы жүйесінің архитектурасының өзгеруі болды. Қазіргі уақытта доллардан толыққанды шығу мүмкін болмаса да, резервтерді әртараптандыру, Қытай саудасының өсуі, әлемдік энергетикалық нарықтағы АҚШ доллары үстемдігінің әлсіреуі (басқа факторлармен қатар) биполярлық сипатқа әкелуі мүмкін, мәселен доллар мен юань, бұл 2030 жылға дейінгі жаһандық қаржы жүйесінің көрінісі.
Негізі өткен жылы геосаясат әлемдік экономика үшін соққы болған секілді. Өйткені 2022 жыл халықаралық қатынастардағы геосаяси шиеленіс деңгейі бойынша соңғы 20 жылдағы рекордтық деңгейге жетті. Баспасөздегі жарияланымдарды талдап отырсақ, геосаяси тәуекел индексі (Geopolitical Risk Index), АҚШ-тың 2001 жылы Ауғанстандағы операциясы мен 2003 жылы Ирактағы соғыстан кейінгі ең жоғары көрсеткіш болып шықты. Мәселен, өткен жылы жаздың ортасында шиеленістің біршама төмендеуі байқалды, бірақ АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Тайваньға сапарынан кейін және Украинадағы қақтығыс қимылдарының күшеюінен, сондай-ақ ядролық риториканың қатайтуынан кейін, геосаяси тәуекел индексі күзде қайта көтеріліп, қыстың басына салыстырмалы тұрақтанды.
Сарапшы Лев Сокольщиктің айтуынша, 2022 жылы әлемде орын алған оқиғалар Орталық Азияның беделін арттырды. Мәселен, Украинадағы жағдай, АҚШ пен Қытайдың Тайваньға байланысты текетіресі, Түркияның Сирия мен Ирактың солтүстік аймақтарындағы оқиғаларға араласуы, ішінара Батыстың ықпалының әлсіреуі Орталық Азияның күшеюін көрсетеді. Оның пайымдауынша, бұл күрделі әлеуметтік-саяси динамика – батыстық орта таптың популистік тенденциялардың өсуі және ішкі мәселелерді сыртқы контурға ауыстыру әрекеттеріне себеп болып отыр, бұл геосаяси жағдайды одан әрі ушықтыратын әрекеттер.
Сондай-ақ сарапшының пікірінше, қазіргі жағдай ТМД кеңістігінде үшінші ойыншылардың, соның ішінде АҚШ, Қытай және Түркияның белсенділігін арттырады. Жалпы сарапшы «Әлемде Қытай, Үндістан және Ресей рөлі артып келеді», деген пікірде. Бұған қоса ол Алжир мен Мысыр БРИКС-ке қосылуға дайын екенін еске салды.
Осы орайда, Лев Сокольщиктің бұл пікірін Президент Қ.Тоқаевтың өткен жылы АӨСШК-нің VI саммитінде айтқан сөзі дәлелдей түседі.
«ХХІ ғасыр Азия ғасыры болады деген болжам бүгінде шындыққа айналды. Азия номиналды ішкі жалпы өнім мен сатып алу мүмкіндігі бойынша әлемдік экономикалық көшбасшы ретінде мойындалды. Аймақ айтарлықтай адами және табиғи ресурстарға ие. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың қажетіне жұмсалатын 30 триллион доллардың тек 1 триллион доллары батыс экономикасына тиесілі болмақ. Дегенмен Азияның болашағы мәдениеттер, дәстүрлер мен дүниетанымдар арасындағы диалогті нығайтуға ұжымдық дайындығымызға байланысты», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал АҚШ болса әдеттегідей әлемдегі дағдарысқа Ресейді кінәлайды. Электр энергиясының, жанар-жағармайдың, азық-түліктің күрт қымбаттауы Украинаға басып кірген кезден бастап орын алғанын алға тартады. Ал әлемдік нарықта сұранысқа ие «McDonald’s» корпорациясының Ресейден шығарылуы да тегіннен-тегін емес, әрине салынған санкцияларға байланысты болды. Бұл Ресейдің 2022 жылы Украинаға басып кіруіне жауап ретінде АҚШ қабылдаған шаралардың бірі ғана», дейді «Ropes & Gray LLP» заң фирмасының серіктесі Брендан Ханифин. «McDonald’s» корпорациясы Ресей нарығында отыз жылдан астам уақыт қызмет етті. «Йель» менеджмент мектебінің мәліметтері бойынша тұтынушы брендтерден заң фирмаларына дейін мыңнан астам компания Украинаны басып алғаннан кейін Ресейден кетіп немесе бизнес операцияларын қысқартқан. Мәселен, кәсіпорындар Ресейдегі операциялардан кейін 59 миллиард доллардан астам шығынға ұшырады. АҚШ, Ұлыбритания және басқа да санкциялар ондаған миллиард доллар активтерді бұғаттады. Бір ғана Ресей мен Украина қақтығысынан Батыстың өзі өткен ғасырдың соңынан бергі болмаған қаржы дағдарысы мен экономикалық қиындықтарды бастан кешіп отыр.
Десе де сарапшылар биыл жаһандық дамудың оң динамикасы байқалатынын болжап отыр.