Жоба мақсаты — Шемонаиха мен Қатон-Қарағай аудандарында жаңа талшықты оптикалық байланыс желісі инфрақұрылымын құрып, тұрғындарды нарықтағы бағадан арзан құнмен ең аз дегенде жылдамдығы секундына 15 Мбит болатын интернетпен қамтамасыз ету.
Жобаға Aitas Foundation компаниясы бастамашы болып отыр. Жоба жетекшісі Ен Сан Лидің айтуынша, қор бұған дейінгі жобаларды жүзеге асыру барысында интернетке қолжетімділік ауыл халқының өмір сапасын, мектептегі білім сапасына тікелей әсер ететініне көз жеткізді.
«Өткен жылы Aitas Foundation білім беру жобаларын жүзеге асыру барысында ауылдардағы нашар интернет мәселесіне немесе тіпті болмауына байланысты қиындықтарға тап болды. Алғашында жобаға 5 мектеп қатысқандықтан мәселенің өзектілігі байқалмады, алайда мектеп саны өскен сайын интернет тапшылығы жұмысты тежей түсті. Осы кезде қызметкерлеріміз бен министрлік өкілдері мәселені шешу жолдарын қарастыра бастады. Қорымыз жұмыс істейтін аймақтарда әсіресе өзекті бола түсті. Сондықтан Қатон-қарағай және Шемонаиха аудандарында «Ауылдық аймақтардағы интернет» пилоттық жобасын іске қостық. Жобаны сәтті жүзеге асыру үшін қор осы мәселені қолға алатын компанияларды іздей бастады. Сол кезде ФастЛайн компаниясы өз қызметтерін ұсынып, жобаға коммерциялық негізде кірді. Бүгінде Шемонаиха ауданындағы 3 елді мекенді қамтитын жобаны бастап отырмыз», деді жоба жетекшісі Ен Сан Ли.
Бұл жоба аясында Қатон-Қарағай мен Шемонаиха аудандарына қарасты ауылдардың үйлері мен мекемелері жылдам интернетке қосылады. Ол үшін әуелден қолда бар Транстелеком желілерімен GPON технологиясы арқылы жаңа талшықты оптикалық байланыс желісі магистральдары салынады.
«Бизнес, қоғам мен үкіметтің бірлескен жұмысының арқасында ауыл халқының өмір сапасы арта түседі. Жоба жұмысына сәттілік тілейміз», деді Шемонаиха қаласы әкімінің орынбасары Медет Елшібай.
Шемонаиха ауданының тұрғыны Данил Бобров жаңа жобаға қызыққанын, интернетке қосылу үшін өтініш қалдыруға ниетті екенін жеткізді.
«Біздің қала шағын, бірақ үлкен қалалардың тұрғындары сияқты адамдарға интернет жылдамдығы мен сапасы маңызды. Мені тарифтік жоспарлар мен ұсыныстар қызықтырды, жақын арада абоненттер қатарына қосыламын деп ойлаймын», дейді ол.
Сонымен қатар жоба аясында Қатон-Қарағай мен Шемонаиха аудандарындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарға да интернет желісі жүргізіледі. Қажет болған жағдайда түрлі нысандарда интернет желісін салу немесе жаңарту да жоспарда бар.