Технология • 06 Маусым, 2023

Ғарыштық технология стартаптары

694 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Central Eurasian Venture Forum» аясында ұйымдастырылған «Space Tech Battle» стартаптар жарысында ғарыштық технологияларды дамытуға бағытталған үздік 10 IT-жоба бақ сынасты. Осы саладағы сарапшылар мен инвесторлардан құралған қазылар алқасы 10 жобаның ішінен үш жеңімпазды анықтады.

Ғарыштық технология стартаптары

Сонымен қазылардың шеші­мімен «IoVIT» – «Ең үздік инно­ва­циялық стартап», «SkillSat» – «Адамзат үшін аса бағалы жоба» және «Орбитальный экспресс» – «Болашақта ғарышты игеруші» ретінде танылды. Жалпы, жүлде қо­рындағы 15 мың долларды же­ңім­паздар өзара бөліп алды.

– Біздің стартап шағын құ­­рыл­ғылар-наноспутниктерді құрас­ты­рып, іске қосу үшін білім беру жи­нақтарын ұсынады. Бұл идея ма­ған 2019 жылы Байқоңыр ғарыш ай­лағын алғаш рет көргенде кел­ген-ді. Біз «Space Tech Battle»-ды көп­тен күттік. Өз электроникасы мен технологияларын пайдаланатын аппараттық стартаптар үне­мі көлеңкеде қалатын. Сондықтан «Astana Hub» және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жоспарла­ған осындай іс-шараның жүзеге асырылғанына қуаныштымын. Ол жалғасын тауып, «SpaceTech» акселераторлары пайда болса екен, – деді «SkillSat» негізін қалаушы әрі бас директоры Абылайхан Мұхамеджанов.

Сондай-ақ форумда «Silkway Accelerator Pitch Marathon» барысында алты стартап («BILLZ», «Kid Security», «Trust Contract», «Prosper Pay», «Codify», «Voiceloft») – «Astana Hub» пен «Google for Startups» бірлескен акселерациялық бағдарламасының қатысушылары өз жобаларын инвесторлардың, ірі корпорация мен венчурлық қор өкілдерінің назарына ұсынды.

– «Space Tech» – біздің технопарк үшін басым бағыттардың бірі. Мен осы алаңда екі маңызды іс-шара – «Space Tech Battle» және «Silkway Accelerator Pitch Marathon» өткізуге мүмкіндік берген форум ұйымдастырушыларына алғыс айтамын. Бұл жас компаниялардың өздерін көрсетіп, дамуына тамаша мүмкіндік, – деді «Astana hub» бас директоры Мағжан Мәдиев.

Еске сала кетейік, 2 маусымда Алматыда «Central Eurasian Venture Forum» ұйымдастырыл­ды. Оған инвесторлар, стартаптар және стар­тап экожүйесінің бас­­қа да өкіл­дері қатысты. Қыс­қа­сы, іс-шара тұтас Орталық Еура­зия­­ны қам­ты­ды. Негізгі ұйым­дас­тыру­шы­лар – «MOST» холдингі және синга­пур­лық «Investbank» («Paladigm Capital») платформасы. Форум аясын­­да Цифрлық даму және аэро­ға­рыш өнеркәсібі министрлігі жә­не «Inspirations» серіктестігімен бір­лесіп «Astana Hub» халықаралық тех­нопаркі «Space Tech Battle» және «Silkway Accelerator Pitch Marathon» ұйымдастырды. Форумға 400-ден ас­там стартап және 600 жеке инвес­тор­лар, венчурлық қорлар мен кор­по­­рациялардың өкілдері қатыс­ты. Ин­вестор-стартап кездесулері, стартап жа­рыстары және келіссөздер ба­ры­­сында стартаптар бірінші кезең­де 8 млн доллар инвестиция тартқа­нын айта кетейік. Осылайша, былтырғы ­­5 млн долларлық рекорд жаңартылды.