Мәселе • 07 Маусым, 2023

Су тапшылығының әлегі

1778 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ертіс бойын ен жайлаған елді мекендердің жұрты алаңдап отыр. Биыл көктемде еліміздің шығысындағы каскадты су қоймаларынан босатылған тіршілік нәрі өзен жайылмаларының небәрі 30 пайызын ғана қамтығаны жа­йында жазған едік. Соның салдарынан шабындықтардың үштен екісі күйіп кеткелі тұр. Мал азығын жеткілікті жинамаса, шаруалар күзде түліктерін етке өткіземіз деп отыр.

Су тапшылығының әлегі

«Халықты ауызсумен қамта­масыз ету және су қорын келешек ұрпаққа сақтау үшін жан-жақ­­ты шаралар қабылдау – біз­­дің тіке­лей міндетіміз», д­еген еді Прези­дент  Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айын­да өт­­кен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында.

Бұған қоса былтырғы Жол­дауында еліміздегі су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанына айрықша мән бергені мәлім. Бұл салада басқа да түйткіл­дер аз емес. Атап айтқанда, инф­ра­құрылым әбден тоз­ған. Сон­дай-ақ автомат­тандыру және цифрлан­дыру деңгейі төмен. Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. «Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек» деген болатын Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Алайда мамандар су жетіс­пеушілігі тек ауыл шаруа­шылығына ғана емес, өн­діріске де зиянын тигізетінін болжап қойды. Мәселені ескерген Павлодар об­лысының билігі таяу жылдарда өңірде жаңадан су қоймасының құрылысын салуды ұйғарып отыр.

Жығылғанға жұдырық, мамыр айы­ның соңы мен маусым айының басында әдетте Кереку өңірінде жүріп өтетін нөсер жауын да жоқ биыл. Жайылымдар мен шабындықтардың күйіне қарасаң, жұрттың көңіліндегі алаңды түсінуге болады. Осы уақытта жап-жасыл шалғын болып жататын аумақтар жаз басталмастан күйіп, сарғайып кеткен. Жақын күндері жаңбыр болмаса, өзен бойындағы ғана емес, қырда мал ұстайтын халық үшін де қиын болатындай.

Мәселен, Ақтоғай ауданының жұрт­шылығы биыл күзде шөптің бір арбасы 50 мың теңгенің үстіне шығатынын бол­жап отыр. Себебі жыл сайын мал азығын молынан дайындап келген жайылмалар­дың көбіне су жетпей қалыпты. Ертіс өзені аз тасығаны себепті, шабындық­тар тіршілік нәрінен қағылып отыр. Ал оның соңы экологиялық апатқа апарып тірей­ті­ні анық. Жергілікті тұрғын Бауыржан ­Са­қыптың айтуынша, бұған дейін Жаңа­бет, Мүткенов, Естай ауылдарының жұр­ты шауып жүрген жайылымдар құрғап қал­ған. Ендігі үміт маусым айының жаң­быр­лы болуы. Жаңбыр мол жауса, бұ­рын­­­ғы ша­бындықтардың біраз бөлігі шал­­­ғын­да­нып, шөп дайындауға септігі тие­ді. Алай­да бұл да мәселенің шешімі емес. Жыл са­йынғы табиғи босатылатын су­дың құрып кетуі шын мәнінде, өзен ­бойын жа­ға­ла­ған елге ауыртпалық түсіретіні сезіледі.

«Ауыл адамдары кездесе қалған жер­де шабындық пен шөп бағасына қа­тыс­­ты мәселелерді қаузаймыз. Мұнда тұ­ра­тын халықтың барлығында шөпті өзі шауып алатын мүмкіндігі жоқ. Тех­ни­касы барлардан, шама келсе шаруа қо­жалықтарынан сатып аламыз. Олар қа­зірдің өзінде шөптің қымбат болатынын, бір арбасының құны 50-55 мың теңгеге жететінін айтып отыр. Мұншалықты қым­батшылық болса, онда қолда ұстап отырған төрт-бес ірі қарамды күзде со­йып, етке өткіземіз. Себебі мал азығын са­тып алудың шығыны малдың пайдасынан екі-үш есеге асып кеткелі тұр. Малға қарап отырған отбасымыз», деп мұңын шақты отағасы.

Айтып өтейік, биыл сәуір айының соңын ала Шығыс Қазақстандағы Бұқ­тырма су қоймасынан босатылған су жылдағыдан едәуір аз болып, табиғи су босату шарасының үдерісі нәтижесіз аяқ­талды. Негізі Ертіс өзенінің ресурстық әлеуеті өзеннің жоғарғы жағында орна­ласқан су қоймаларындағы жағдайға тәуелді. Көктемде Салааралық су босату комиссиясының шешімімен жалпы көлемі 4,59 текше шақырым болатын, ұзақтығы 22 күнге созылатын су босату туралы шешім қабылданған. Шүлбі су қоймасының бүйірлік ағынының көлемі өзгере қалған жағдайда кестеге шұғыл түрде өзгерістер енгізу мүмкіндігін сақ­тай отырып, Ертіс өзенінің жайылмасына табиғат қорғау мақсатында су босату кезеңі жүргізілді. Алайда Үлбі және Оба өзендеріндегі бүйірлік ағындарының көлемі азайғаны себепті, судың ағыны өте төмен жүріп, жайылмаларға су шыға алмай қалды. Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйге­рім Қабылтаеваның сөзінше, шын мәнінде, Бұқтырма су қоймасынан Ертіс өзеніне 4 млрд 11 млн шаршы метр ғана су жіберілген. Табиғаттың ырзығы Ертіс өзенінің Павлодар облысында орна­ласқан жайылмаларының небәрі 30 па­йыздайын ғана қамти алды. Оның үстіне Су ресурстары комитетінің біздің өңір бойынша бекіткен су пайдалану лимиті бар. Құжатта 2016-2025 жылдары Ертіс-Баян аумағында 3,6 шаршы шақырым су (Ертіс өзеніндегі барлық су ресурстарының 10 пайызы) пайдаланылуы тиістігі көрсетілген. Алайда жыл санап өзеннің кемеріне жетпей, суы азайып бара жатқанын ескерсек, алдағы уақытта өңірде тапшылық туындауы ғажап емес. Бұдан 11 жыл бұрын биылғыдай жағ­дай қайталанып, жайылмалардың небәрі 5 пайызы ғана суға қаныққан. Ал Бұқ­тырмада судың жеткілікті жиналмауы соң­ғы жылдары проблемаға айналғандай.

Мамандар бұл түйткіл айсбергтің ұшы ғана деп есептейді. Жалпы, Бұқ­тырма су қоймасы 50 млрд шаршы метр су жинай алатын қабілетке ие екен. Ертіс бассейндік инспекциясы Семей бөлімшесінің бас маманы Жасұлан Әлі­бековтің түсіндіруінше, Бұқтырмада қазіргі уақытта судың аз жиналу циклі байқалады. Барлық жағдайды назар­ға алатын болсақ, қоймадағы судың дең­гейі төмендеп келеді. «Су қоймасындағы көп жылғы мәліметтерді талдай келіп, судың мұндай циклді өзгеруі бұған дейін де болғанын анықтадым. 1992 және 2009 жылдары осындай төмен деңгей тіркеліпті. Мұнда қазіргі күні 28,2 шаршы шақырымдай ғана су бар. Бұл бүйірлік ағыс арқылы ағып келетін судың, жауын-шашынның аз болуынан туындап отыр. 2014-2019 жылдары қоймада 45 млн шаршы метрге дейін су жиналды. Су, тіпті Өскемен қаласы­ның шетіне шығып кетіп, жағалауларға қауіп төндірген. Негізгі су ресурстары таудағы мұздықтардан келетіні мәлім. Ол үдеріс қазір де жүруде және күн сайын қоймаға 80 млн шаршы метрдей су түседі. Аталған көлем қоймадағы судың деңгейін шамамен 2 сантиметрге көтереді. Алайда 2020 жылдан бастап шын мәнінде, Бұқтырмада жиналатын судың деңгейі төмендеп келе жатқанын айтпасқа болмас», дейді мекеме өкілі.

Шын мәнінде, Бұқтырмадағы жағдай су саласындағы мамандарды айрық­ша алаңдатып отыр. Себебі Ертіс өзеніне жетпеген суды толықтырып келген қой­ма алдағы жылдары өз қуатынан айрылса, Орталық Қазақстанда су тапшылығы туындайды. Ал оның салдары отандық энергетика саласы үшін де үлкен соқ­қы. Себебі Ертіс өзенінен басталатын Қ.Сәтбаев атындағы су арнасына Екі­бастұз, Ақсу, Қарағанды, Теміртау қала­ларындағы алып өндірістер байлаулы. Олар­дың дені қуат өндіретінін ескерсек, электр энергиясын өндіру саласында бел­гілі бір межеде проблемалар пайда бо­лып, өндірістік технологияны судың күші­мен суыту үдерісінде қиындықтар орын алуы мүмкін деп есептейді сарапшылар.

Үшінші мәселе, судың жайылмалар­ға аз шығуы балықтардың уылдырық шаша алмауына апарып соқтырған. Жыл сайын көктемде су жайылғанда өзен балықтары таяз жерге шығып, уыл­дырық шашады. Жайылмадағы су тез жылы­натындықтан ондай жерде шабақтар да жылдам дамиды әрі балық қорегі мол. Ал екі-үш аптадан кейін су қайтып, Ертіс өз кемеріне түскенде су мақұлықтары өзенге үйір-үйір болып қайтып оралады. Осы бір табиғи үдерістің бұзылуы да өзендегі балық қорының азайып кетуіне себеп болады.

Бір жылдары дәл жаздың ортасында Бұқтырманы ұстап отырған инвесторлар екінші мәрте су босатып, Ертіс өзенін қарық қылғаны бар. Жергілікті халық биылғы жазда сондай жағдай қайталанып қала ма деген үмітте жүр. Алайда Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Сәуле Шалмағанбетованың сөзіне сүйенсек, биыл Бұқтырмадан екін­ші рет су жіберілетін болса, ауыз сумен жабдықтау және электр энергиясын өндіру саласында мәселелер туындайды екен.

«Себебі су қоймасы негізінен электр қуатын өндіретін мақсатта пайдаланы­лады. Энергетиктер егер Бұқтырмада кемі 22 млрд текше метр су болмаса, жеткілікті көлемде қуат өндіру мүм­кін еместігін айтып отыр. Әрі біз Ертіс өзе­нінің келесі жылғы ахуалын да қазірден ойлауымыз ке­рек. Қ.Сәтбаев су арнасы жет­кілікті кө­лемде су алуы үшін келер көк­темде боса­­тылатын тіршілік нәрі де бекіт­кен дең­геймен шамалас болуға тиіс», дейді ол.

Қалыптасқан жағдайдың Ертіс өзе­нінің флорасы мен фаунасына адам айт­қысыз шығын алып келетінін ескере келе, Павлодар облысының басшылығы жақын жылдары аумақта жеке су қоймасын салуды ойластырып отыр. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жаңа су қоймасы қазіргі қиындықтан құт­қарарына сенімді. Ол шамамен Ертістің жоғарғы ағысы тұсында орналасып, көк­темде жайылымдарға жеткілікті су жібе­ретіндей көлемде жобаланады. Су қой­масының құрылысын жоспарлау мен жобалауға шамамен 3-4 жылдай уақыт керек екен. Әуелі гидрогеологтер мен гидротехниктер болашақ су қой­масының орнын анықтауы керек. Ол жер­дің бос тұрғаны да маңызды. Су ресурстары бойынша өңірлік қауіпсіздікті қам­тамасыз етуді көздейтін жоба жа­қын арада Үкіметке ұсынылып қалуы ға­жап емес. Су ресурстары саласындағы ма­ман­дар жобаның өміршең екеніне се­німді. Сондықтан Үкімет тарапынан қол­дау табуға тиіс. Есесіне Ертіс өзенінің жыл сайынғы табиғи тасуы қазіргідей Бұқтырмаға байлаулы болмайды.

 

Павлодар облысы