Аудиторлардың бағалауынша, өткен жылы қаржылық бұзушылықтардың ең көп көлемі республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерде, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінде әкімдіктердің республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттерді пайдалануындағы бұзушылықтар болды. Мұндай деректер бүгін Мәжіліс отырысында айтылды.
Министрліктердің ішінде заң бұзушылықтардың негізгі үлесі Қорғаныс министрлігіне (5,1 млрд теңгеден астам), өнеркәсіп және инфрақұрылымды дамыту (2,9 млрд теңгеден астам), мәдениет және спорт (1,3 млрд теңгеден астам), сондай-ақ төтенше жағдайлар министрлігіне (1 млрд теңгеден астам) тиесілі.
Жоғарғы есеп палатасының төрайымы Наталья Годунованың айтуынша, тексеру шараларының нәтижесінде жиналған материалдардың бір бөлігі құқық қорғау органдарына берілген.
«Процессуалдық шешім қабылдау үшін барлығы 15 материал ұсынылды, 6 материал бойынша қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», деді Годунова.