Оқиға • 07 Маусым, 2023

Құтқарған – қызыл сиыр

485 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақжанның бірінші курсты бітірер жылы. Жазғы сессиясын кілең беспен аяқтаған бойжеткен бірден Жітіқараға жетуге асықты. Туған үйдің табалдырығын аңсап жеткен студент үй ішімен қауышып, біраз мауқын басқан соң, шаруаға кірісіп кетті. Кешкі астан соң анасына: «Ертең сиырды өзім сауайын, сіз жатып демалып алыңыз», деген.

Құтқарған – қызыл сиыр

Ертеңінде ерте тұрып, сыртқа шықты. Жылылау кос­тюмін киіп алды да, сүт иісі сіңген ақ шелекті алып, қораға қарай беттеді. Ана­сы үш сиыр ұстайтын. Бі­реуінің ғана мүйізі бар. Сол мүйіз­ді қы­зыл сиыр бұзау кезінде осы үйге өзі кіріп алған. Бөтен мал бол­ған соң, бірнеше рет өріске айдап жібергенімен, қайтып келе береді. Анасы амалсыз «Жі­тіқара» газетіне «Қорада бө­тен бұзау тұр, иесі келіп алып кетсін» деп хабарлама да беріп көрген. Алайда артынан іздеп келген жоқшысы болмаған соң, ақыры осы үйдің малы есепті болып кетті. Сол қызыл бұзау қазір үлкен ту сиыр болған. Желіні жер сызып келіп иігенде жануар сүтті мол береді.

Ақжан үш сиырды сауып болған соң табынға қосуға айдады. Түнімен ашығып қалған жануарлар қақпадан асығыс шығып, ә дегенде едәуір ұзап кеткен. Көршінің тайыншадай дәу алабайы бар еді. Қазандай басын қақпаның астынан шығарып абалағанда, бүкіл қоршауды жұлып әкете жаздайтын. Иесі Қап тауынан тараған ұлттың өкілі еді. Анасының оған: «Мына итіңді дұрыстап байлап, қамап ұстасаңшы, адам жеп қоятын түрі бар ғой», деп бірнеше рет ескерткені есінде.

«Көшеге шықсам, сол ит бос жүр екен, мені көре сала тап берді. Сасқанымнан жерден тас іздеп еңкейе бергенім сол еді, қолымнан тістеген күйі жерге алып ұрды. Қолымды тартқан болып едім, ызалы төбет ырылдап бірнеше рет шайнап-шайнап тастады да, мені тулақ құрлы көрмей қораның артына қарай сүйрей ала жөнелді. Жақын маңда үш сиырдан басқа қыбырлаған жан жоқ. Жұрттың бәрі таңғы тәтті ұйқыда. Айнала жым-жырт. Шырқыраған дауысымды естіген қызыл сиыр мойнын бұрып біраз қарап тұрды да, кері бұрылып, біздің соңымызға түсті. Жануар жете бере итті бір-екі рет сүзіп өтті. Қайта айналып келіп тайыншадай төбетті мүйізіне іліп көтеріп алды да, анадайға лақтырып жіберді. Қаңқ еткен алабай құйрығын бұтына қысып ұзай берді. Осы сәтті пайдаланып мен де жан дәрмен үйге қарай жүгірдім. Анам оянып кетіп, көріп қалса, жүрегі әлсіз, талып қалуы мүм­кін. Аяғымның ұшымен басып ақырын төр бөлмеге өттім. Үстімдегі костюм екі жерінен жыртылыпты. Шешсем, азулы төбет білегімнен жоғары қарай шайнап-ақ тастаған екен, қолымның дал-далы шығыпты. Жайлап сипай қағып көріп едім, еденге кәдімгі шапқан ағаштан ұшқан жаңқадай болып кесек-кесек ет түсті. Қан тоқтамай кетіп жатыр. Үйде апам бар еді, амалсыз сол кісіні ояттым. Шошып кеткен апам дереу жедел жәрдем шақырды. Дәрігерлер бірден ауруханаға апарып, екі сағат алысып қо­лымның етін ішінен де, сыртынан да тігіп берді. Келесі күні таңертең қолым көгеріп, қарайып, ісіп кетті. Медбикелер қолымды күн сайын жаңадан таңып береді. Дәрігерлер дә­кені алып жатқанда бір түрлі жағымсыз иіс шығатын. Сөйт­сем, иттің тісінде у болады екен ғой», дейді Ақжан.

Абырой болғанда, әдетте астыртын ұйымдастырылатын иттөбелестерге қатысып, талай рет жеңімпаз атанып жүр­ген ала­бай төбеттің бүкіл құжа­ты, құ­тырмаған деген ветери­нарлық анықтамасына дейін бар болып шыққан.

Ақжан қазір – Қостанай об­лыстық Аналар кеңесі төр­ағасының орынбасары, Ақаң уни­верситетінің білікті ұстазы. Өнегелі отбасының алтын қа­зығына айналған көпбалалы ана арқасүйер ер азаматы Ербол екеуі бес бала тәрбиелеп отыр.

 

Қостанай облысы