Осыдан үш жыл бұрын компания «Saumal» және «Saubota» брендтерін Қытайдың Ганьсу провинциясындағы Ланьчжоу қаласына экспорттауды бастағаны мәлім. Ендігі меже – Біріккен Араб Әмірлігі. Неміс технологиясымен өндірілетін өнім – мұздатылған, кептірілген қалыпта.
Осакаров ауданының Жансары ауылдық округіндегі ферма бүгінде өндірісін ұлғайтқан. Нарық та кеңіп келеді. Алғашқыда 4 мың тонна өнім экспорттауды бастаған компания қазір көлемін арттырған. Мал басы да өскенін атап өткен ләзім. Негізгі өніммен қатар, алдағы уақытта өсімдік шаруашылығын өрістетуді де көздеп отыр. Өнім алынатын жылқының тұқымы фермадағы – қазақы жылқыдан.
– Фермада қазақы тұқымды жылқы саны 1500-ден 2300-ге дейін өсті. Биыл мұздатылған, кептірілген бие сүтін өндіруді 6 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін көбейтеміз. Сату нарығының аясы да кеңіп келеді. Қазір Дубайда сатып алушымен келіссөз жүріп жатыр. Келешекте өсімдік шаруашылығын дамытамыз. Биыл 12 мың гектар жерге тұқым себілді. Оған қоса жаңа заманауи техника сатып алынды. Келесі жылы егіс алқаптарын 15 мың гектарға дейін ұлғайту, суармалы жерлерді дамыту бағдарламасын бастау жоспарымызда бар. Инвестиция шамамен 2,5 млрд теңге, – деді «Еуразия Инвест ЛТД» ЖШС құрылтайшысы Иван Георгиади.
Бүгінгі таңда кәсіпорында еңбек ететін адамның саны жүзден астам. Өндірістің одан әрі ұлғаюы жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етеді. Сауын жүйесі толықтай автоматтандырылған. Сауылған сүт бірден өңдеуге жөнелтіледі. Сондықтан да оның құрамындағы барша пайдалы қасиеттері сақталады дейді өнім өндірушілер.
Қарағанды