Балалар • 07 Маусым, 2023

Қараусыз балаға қауіп көп

167 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Керекуде күн күйіп тұр. Аптап ыстықтан сая іздеген жеткін­шектер субұрқақтарға шомылып, қызыққа батып жүр. Алайда баланың субұрқақта бақылаусыз жүруіне тыйым салынғанын көп ата-ана білмесе керек. Қараусыздық салдарынан Ақсу қаласында 3 жасар қызды электр тогы соғып, ауруханаға түсті.

Қараусыз балаға қауіп көп

Соңғы аптада Ертіс-Баян өңірінде тұрып алған аптап ыстықтан жұрт әбден мезі болды. Күндізгі уақытта сынап бағанасы +40 градусқа дейін жетіп тұр. Жаз басталмастан мұндай жоғары температураның тұрақты сақталуы ауа райы салқын келетін аймақ тұрғындары үшін қиындық тудырып отыр. Әсіресе жазғы демалысқа шыққан балалар үйге сыймай, көше қуалап ойын іздеп кететіні бар. Мұндай кезде қала орталықтарындағы субұрқақтарға шомылып, қызық қуады. Өкінішке қарай, қадағалаусыздықтың кесірінен жақында Ақсу қаласында субұрқаққа ойнап жүрген 3 жасар бүлдіршінді электр тогы соғып, жеткіншек есінен танған. Оны шаһар тұрғындарының бірі әупірімдеп жүріп судан алып шығып, жетіп үлгерген жедел жәрдем қызметкерлерінің қолына тапсырады. Қызбен бірге оның әпкесі де жүр екен. Абырой болғанда, ол аман қалды.

Ақсу тұрғындары балалар шығар­машылығы үйінің алдындағы бұл субұрқақтың жұмысында кемшілік бар деп есептейді. Ал нысанға жауапты қалалық коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер бұған дейін субұрқақ үзіліссіз жұмыс істеп келген деп ақталып отыр. Оқыс оқиға болған күні таң ертемен су жүйесі мекемесінің маманы оны тексерген. Бақсақ, бұл субұрқақты жөндеуге және ұстап тұруға қала әкімдігі биыл екі мәрте конкурс жариялап, екеуі де өтпей қалған. Сондықтан коммуналдық бөлімдегілер су тарату мекемесінің қызметкерлерін шақырып, маусым айының алғашқы күндерінде іске қосады. «Бұл күні субұрқақ қалыпты істеп тұрған. Ешқандай тоқ кернеуі тіркелген жоқ. Мұндай жағдай болатынын ешкім күтпеген еді. Ойда жоқ жерден су сорғының қозғалтқышы­на түсіп, қысқа тұйықталу жүр­ген. Сөйтіп, электр толқыны әлгі қыз бала ойнап жүрген тұспен өткен. Субұрқақта шомылып жүрген өзге балалар зардап шеккен жоқ», дейді Ақсу қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Б.Азаматов.

Қазіргі күні полицейлер аталған жайт негізінде Қылмыстық кодекстің 254-бабы («Міндеттеріне адал қара­мау») бойынша іс қозғағанын айту керек. Тергеу-тексеру шаралары аяқ­тал­ған соң кінәлілер тұлғалар жауапқа тар­ты­лады деп сендіріп отыр тәртіп сақшылары.

Айта кетер бір жайт, оқиға кезінде 3 жасар балақай мен оның әпкесі үлкендердің бақылауынсыз жүрген. Жалпы, субұрқақ – шомылатын жер емес. Егер онда жарық шамдары орналасқан болса, тіпті қауіпті. Электр кабельдерінің оқшауланған тұстары кейде жырылып, су тиетіні бар. Сондықтан балалардың ондай жерлерде қараусыз жүрмеуін ата-аналар үнемі қадағалауға тиіс.

Павлодар қалалық прокуратура­сының аға прокуроры Әсел Бейсенбаева субұрқақтарда баланы бақылаусыз қоя бергені үшін ата-аналар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы бойынша жауапқа тартылатынын ескертеді. Бұл – балаға дұрыс тәрбие бере алмау және оған тиісті күтім жасай алмаумен теңестірілген жағдай болып есептеледі. Ересектерге 10 АЕК мөлшерінде, бір жыл ішінде қай­таланған жағдайда 15 АЕК  көлемінде айыппұл салынатынын білу керек.

Ақсудағы жағдай Павлодар қала­сы­ның билігі мен тәртіп сақшы­лары­на сабақ болса керек, шаһардың субұр­қақтарында бақылаусыз жүр­ген балаларды анықтау бойынша бірлес­кен рейд басталып кетті. Облыс орталығында 20-ға жуық субұрқақ бар. Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин үй үлкендерінен жаз уақытында балаларды бақылаусыз қалдырмауды сұрап отыр. Себебі субұрқақтар ғана емес, ашық су айдындары, үй терезелері де қауіп көзі. Еріктілер мен құтқарушылар бір күн ішінде өзенде қараусыз шомылып жүрген 15 жасөспірімді үйлеріне қайтарған. Тілсіз жау балаларды қойып, ересектер үшін де өте қауіпті. Өткен аптада ғана Екібастұзда рұқсат етілмеген жерде суға түскен ер адам батып кетті. Мұндай қайғылы жағдайлар қайталанбас үшін жабдықталмаған жағалауларда суға түсуге болмайтынын айтады мамандар.

 

Павлодар облысы