Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Инфляцияның барометрі базалық мөлшерлеме ме?
Дамыған елдерде инфляцияның барометрі бас банктерінің базалық көрсеткішіне қарап бағаланады. Ал біздің жағдайда Ұлттық банк те, халық та инфляциядан қорықпайтын тәрізді. Жыл басында 21 пайызға жақындап қалған кездердің өзінде жұртты сабырға шақырып, алаңдауға себеп жоғын айтумен шектелді. Қысқасы, Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны ресми статистикаға қарап анықтаса, халық қалтасына, табысының деңгейіне қарап анықтайды, бағалайды. Себебі нарықта теңге бағамына, нарықтағы бағаға әсер ететін факторлар қырық құбылып тұр. Бірақ соған қарамастан жыл соңына дейін инфляция деңгейін қайтсек те 9 жарым пайызға төмендетеміз деп үміттеніп отырмыз. Ұлттық банктің мақсаты – бағаның өсуін тежеу. Үкімет импортты қысқартып, экспорт көлемін барынша арттыруды армандайды. Ал сарапшылар болса, ай сайынғы инфляция жоғарғы дәлізде қатып тұр деп ойлайды. Мамыр айындағы ақшаның құнсыздануы ресми мәлімет бойынша 15,9 пайыз.
Демек сіз бен біздің айлық табысымыздың 15,9 пайызы инфляцияға жұтылып жатыр.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров апта басында журналистермен кездескен кезде инфляция шарықтау шегінен біртіндеп төмендей бастағанын, жыл соңына дейін 9,5-10 пайыз деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік барын айтты. Министрдің сөзінше инфляция әрқашан өседі. Ал біздің мақсатымыз – инфляцияны тұрақты деңгейде ұстап тұру. Өткен жылдың соңында инфляция 7,5-8,85 пайызға, одан кейінгі жылдары тағы да төмен болатынын Үкімет басшысы Әлихан Смаилов та айтқан.
Мамыр айының соңында Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме туралы ұстанымы өзгермеді. Желтоқсан айынан бастап ол рекордтық 16,75 пайыз деңгейінде қонақтап қалды. Бас банк сол кезде бұл көрсеткішті жазға дейін сақтап тұратынын айтқан болатын. Ұлттық банк сөзінде тұрды. Ал инфляция шегінген жоқ. Ұлттық банкте бағаның ырық бермей кетуі базалық мөлшерлемеге байланысты деген қорқыныштың қонақтап қалғанын біз де талайдан бері байқап жүрміз. Бұл жолы да солай болған тәрізді.
Ұстанымын өзгертпейтін Ұлттық банк
Бұл ретте Ұлттық банк басшылығы бұл ішкі факторлар, оның ішінде мемлекеттік шығыстардың ұлғаюы, бензин, дизельді отын нарығындағы реформалар және баға нарығындағы жағымсыз болжамдар себеп болғанын айтып жатыр. «Инфляциялық үдерістер» бәсеңдей бастады, бірақ «тұрақты және тұрақты тренд» туралы айту әлі ерте», деп атап өтті Ұлттық банк.
Дәл қазір инфляция 2022 жылдың желтоқсан айындағы 20,3 пайызбен алқымнан алып тұрған жоқ. Сәуірде жылдық инфляция – 16,8 пайыз, айлық – 0,9 пайызбен тоқтады, бұл наурыз (18,1және 0,9 пайыз), ақпан (21,3және 1,3 пайыз) және қаңтар (20,7 және 1,1 пайызбен) салыстырғанда төмен. Ал мамыр айында баға бұрынғы айларға қарағанда баяу өсті.
Ұлттық банктің сөзімен айтқанда жағдай тұрақты, бірақ қуануға себеп жоқ.
Тәуелсіз экономист Андрей Чеботарев мамыр айындағы 0,9 пайыздық деңгей инфляцияның жақсы көрсеткіші екенін атап өтті, бірақ бұл жерде маусымдық фактор жұмыс істейтіндіктен, оны алдағы айларда сақтап қалуға болатынына сенімді бола алмаймыз. Оның айтуынша, бензин бағасының өсуі, сонымен қатар коммуналдық қызметтердің қымбаттауы инфляцияның өсуіне ықпал етеді. Бұл факторлар қызмет көрсету саласындағы инфляцияға ықпал етеді, бірақ қазір азық-түлік бағасының былтырғыдай қарқынмен өсуіне ерекше себеп жоқ. Қазір әлемде азық-түлік бағасы өткен жылдармен салыстырғанда төмен. Логистикалық тасымалдау тізбектері де жүйелене бастады. Демек жыл соңына дейінгі көрсеткішті 10-15 пайызбен шектесек, соның өзі жетістік. Мұны Ұлттық банк қана емес, тәуелсіз даму институттарының болжамы да растап отыр.
Экономистің айтуынша, инфляцияны тежеудің бірден-бір шарасы – базалық мөлшерлемені көтеру. Бірақ Үкімет фискалдық импульсті, яғни экономикаға ақша құю арқылы экономикадағы үлесін азайтқысы келмей отыр. Мұндай шешімдер – нарық заңы бойынша бір-біріне кереғар келетін құбылыс. Нарыққа қосымша қаржы салу айналымдағы қаржыны көпіртіп, инфляцияны қыздырып жібереді.
А.Чеботаревтің айтуынша, Үкіметтің қолында инфляцияны тежейтін тетіктер аз. Экономикадағы ШОБ-тың үлесі Ұлттық қорға деген тәуелділік деңгейін төмендетуге мүмкіндік берер емес. Бюджеттің шығыс бөлігі дұрысталғанмен, жеңілдетілген бағдарламамалар саны кеміген жоқ. Инфляцияға қатысты болжамдардың бет алысы жағымды болғанымен, ешкімді жарылқамайын деп тұр. Тиісті шаралар қабылданғанмен, жүзеге асып жатқанын бақылау жағы кемшін болды. Инфляцияның себебін емес, салдарымен күресу керек деген пікірге ден қоюдың қажет деген пікірге Үкімет те мойынсұна бастады. Бірақ шындап күресуге жол ашатын мүмкіндіктер шектеулі болып тұр.
Бензин мен дизельді отын кінәлі
Инфляцияға негізгі ықпал еткен бензин бағасы болды. Соңғы уақытқа дейін ол бағаға дем беруші фактор ретінде қарастырылып келген болатын. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жанармайдың бұл түрі 0,31 пайызға арзандаған. Ақпанда баға өзгеріссіз қалды, наурызда 0,1 пайызға, сәуірде бірден 9,9 пайызға дейін қымбаттап кетті.
Бірақ бұл құбылыстың қарапайым түсіндірмесі бар.
12 сәуірден бастап Энергетика министрлігі автобензин мен дизель отынының шекті бөлшек сауда бағасын көтерді. АИ-92/93 бойынша өсім 11 пайыз, литрі 205-210 теңгеге дейін, дизельдік отын үшін 20 пайыз – 295 теңгеге дейін өсті.
Бензин бағасының бір бұлқынып қалатыны 2021 жылдан бері айтылып келеді. Үкімет оның себебін мұнай өнімдеріне, ең алдымен, бензинге нарықтық баға белгілеу тетіктеріне кезең-кезеңімен көшу қажеттілігімен түсіндіріп жүр. Біз мұндай шешімді қабылдамасақ, жанармай тапшылығына ұшыраймыз деген пікірлер де айтылды. Себебі көрші елдерде оның бағасы қымбат, мемлекет бағаны реттемейді. Біздің елде бір адамға орта есеппен алғанда 370 литр отын пайдаланатыны осыған дейін айтылған. Бізден экономикасы да, жері де үлкен Ресейде бұл көрсеткіш – 220 литр. Ал Өзбекстанда 44 литр пайдаланады. Қырғызстандықтардың орташа көрсеткіші – 98 литр.
«Себебі бізде дизельді отынның бағасы 230 теңге болып тұрған кезде бұл баға Өзбекстанда 570 теңге болды. Ал Армения мен Грузияда 800 теңге. Сондықтан дизельді отын мен бензин бағасын жан-жағымыздағы елдердегі бағадан арзандатып, халықты жарылқаймыз деу – бос сөз. Өнімді арзандату үшін шикізат арзан болуы керек. Бізге тиімді арзан бағада ешкім бермейді. Ал елде мұнай шығарып отырған азаматтарды тоқпақтап отырып, өнімін нарықтық бағадан жарты есе арзан бағада сатып алып отырмыз. Бұл сол компаниялардың инфрақұрылымын жаңарту, жұмысшыларының жалақысын көтеру мүмкіндігін шектеп тастайды. Қысқасы, айналып келгенде елдегі өндірістің тұралап қалуына өзіміз себепкер боламыз», дейді экономист Жақсыбек Құлеекев.
2018 жылдан бері Қазақстан тұтынған бензиннен көп бензин өндірді, бірақ 2022 жылдың соңына қарай тапшылық қалыптасты. Билік Ресейден жанар-жағармай импорттап, оны автомобильмен шығаруға тыйым салуға мәжбүр болды. 2025 жылы ЕАЭО-да мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығы жұмыс істей бастауы керек және осы уақытқа дейін Үкімет ішкі бағаларды қауымдастықтың басқа мүшелерінің деңгейіне жеткізуді көздеп отыр.
Мұндай жоспарлар Энергетика министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БӘДК) бірлескен жол картасында жазылған. Әлеуметтік шиеленісті болдырмас үшін өсу біртіндеп болады деп болжануда.
Сарапшы Мұрат Темірхановтың пікірінше, инфляцияны бәсеңдетуге Үкіметтің де, Ұлттық банктің де еңбегі жоқ. Рубль айтарлықтай әлсіреді, яғни импорт Ресейден әлдеқайда арзанырақ келеді. Басқаша айтқанда, әлем ес жиып, жағдайға бейімделіп қалды. Бірақ ішкі нарықта инфляцияның әлсіреуіне дем беретін фактор аз болғандықтан, сыртқы жағдайға тәуелділік сақталады. «Біріншіден, біз 30 жыл бойы экономиканы әртараптандыруға қол жеткізе алмадық. Біз іс жүзінде ештеңе өндірмейміз және барлығын дерлік импорттаймыз. Яғни шикізатқа тәуелділіктен құтылған жоқпыз. Ал мұнай бағасының ауытқуы экономикаға да, соның ішінде инфляцияға да әсер етеді», дейді сарапшы.
Екінші мәселе, оның пікірінше, мұнай бағасының ауытқуына қарамастан инфляция мен теңгені тұрақтандыруға мүмкіндік беретін контрциклдік фискалдық саясаттың жоқтығында. Үшінші фактор – экономистің пікірінше, қалыпты дамыған нарықтық экономиканың болмауы. «Бізде бәсекелестік пен қалыпты нарықтық қатынастарды күйреткен әкімшілік-командалық жүйе бар. Мемлекет баға белгілеуге үнемі араласып отырады, сонымен қатар оның қолында ірі монополиялық бизнес бар. Осы уақытқа дейін отынның, газдың, жарық пен судың бағасы мемлекет тарапынан субсидияланып келген. Сондай-ақ еліміздегі барлық жылу электр стансаларының әбден тозығы жеткен, оларды жөндеуге қомақты қаражат қажет, сондықтан жылу мен электр қуатына тарифтер міндетті түрде көтеріледі», дейді Мұрат Темірханов.
Әйтпесе, оның айтуынша, Екібастұзда қыста орын алған апаттар әлі де жалғаса береді. Инфляцияның тұрақты өсуінің екінші себебін экономист мемлекеттік шығындардың үнемі өсіп отырған көлемімен байланыстырады. «Наурызда Сенат бюджетке түзетулерді мақұлдады, сонда мемлекеттік шығыстар, есімде, 1,8 триллион теңгеге өсті, Ұлттық қордан трансферт 800 миллиард теңгеге өсті», деп атап өтті М. Темірханов.
Не істеу керек?
Жақын арада бағаның тағы бір көтерілуін (жанармайдың құны көлік бағасы арқылы көптеген басқа санаттарға әсер етеді), әсіресе күрт көтерілуін күтудің қажеті жоқ. Мамыр айының ортасында Халықаралық валюта қорының Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия өңірлік әлеуетін дамыту орталығының экономисі Нұрдәулет Әбілов жанармай бағасы өскенін, ҰБ-ның базалық мөлшерлемесінің одан әрі өсе беруге жол таппай қалатынын айтқан болатын.
Әлемдік сарапшылар дүниежүзілік экономика рецессия кезеңіне өтіп жатқанын айтып жатыр. Ұлттық банктің өткен жылдың көктемінен бастап жүргізген қатаң ақша-несие саясаты шынымен де өз нәтижесін берді. Соның арқасында бағаның өсуін ұстап тұруға мүмкіндік туды, ал сарапшылар күткендей 20 пайыздық инфляция өткеннің еншісінде. Олардың сөзіне сенсек, базалық мөлшерлемені төмендетуге кірісу керек. Қазіргі деңгейден жоғары көтеруге мүмкіндік беретін жолдың бәрі жабық тұр. Демек ендігі жерде базалық көрсеткіш Ұлттық банктің қолындағы нарықты тыныштандыратын құрал емес, инфляцияның барометріне айналады...
АЛМАТЫ