Пікір • 09 Маусым, 2023

Ортақ мүдденің басымдығы

147 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл Форумға үлкен үмітпен келіп отырмыз. Африка құрлығы үшін өткен ғасырдың 1980-жылдарына дейінгі кезеңді мемлекетаралық қарым-қатынас, әріптестік тұрғысында «жоғалған уақыт» деуге болады. Қара құрлықтың көптеген елі милитаристік басқару жүйесіне жүгінді, соғыс-жаугершілік бағытын ұстады. Көп жылдар бойы осы қауіп-қатерлі режім үстемдік етті. Тек 90-жылдарға қарай жағдай жақсара бастады. Сөйтіп, әлемдік озық үлгілі басқару үлгісіне арқа сүйеген бірқатар ел «жоғалған уақыттың» есесін қайтаруға құлшына кірісті.

Ортақ мүдденің басымдығы

Қазіргі таңда Африкаға ең алдымен, тұрақтылық пен ынтымақтас­тық­ты ұстану, дамыту керек. Эфиопия елінің мемлекетаралық ынтымақтастықты қалыптастыру, дамыту­дағы әлеуеті қандай? Кезінде Эритерия елімен арада жасалған бейбіт көршілік туралы келісімшарттың әлі күнге сақталмай, орындалмай келе жат­қаны белгілі. Басқа да бірқатар ел ара­сында дау-жанжалдар, кикілжіңдер жиі орын алып тұрады. Бұл мәселелер­ді әлбетте өзара бейбіт диалог, келісім арқылы шешуге болатын еді. Бірақ біз қақтығыстарға жол беріп алдық, әлі де сол «әдеттен» арылмай келеміз.

Судан елі тәуелсіздікке жету жолында біраз қан төкті, түрлі төңкеріс болды. Тоғыз айдан астам уақытқа созылған соғыс бүгінде аяқталған сыңайлы. 2019 жылғы көтерілістен кейін 26 жыл ел билеген президент Омар әл-Башир тағынан түсті.  Содан соң демократиялық үлгідегі үкімет құруға талпыныс жасалды. Бірақ бұл қадам сәтсіз аяқталды. Қарулы Күштер генерал Абдел Фаттах әл-Бурханға, ал жедел әрекет ету Күштері қызметкерлері генерал Мохамед Хамдан Дагалоға мойын ұсынып, ел екіге жарылып отыр.

Бізде бұл жөнінде Йемен елінің тәжіри­бесі бар. Тоғыз жыл Йемен халқы соғыс, қақтығыстан азап шекті. Бұған ешкім араласқан жоқ. Йеменде болған жағдай Суданда да қайталануы мүмкін.

Біздің Премьер-министр Абий Ахмед Али араағайындық рөлін атқарып, со­ғыстың жылдам аяқталуына сеп­тігін тигізді. Қазірде жекелеген аумақтарда ірілі-ұсақты дау-жанжалдар әлі де болса жалғасып келді. Эфио­пияның ресми ұстанымы – ел азаматтарының демокра­тия, өркениет талаптарына мойы­н ұсынуына, дамудың осы саты­сына көшу­леріне мүдделі. Судан­дықтардың өз проблемаларын өздері шешуіне барынша мүмкіндік жасайды. Суданда бейбітшілік орнатуға, ел өмірін демократияландыруға барлық халықаралық қауымдастық мүше­сі, оның ішінде бүкіл Африка елдері, Араб лигасы да ынта танытып отыр.

Ендігі бір мәселе – геосаяси жағдайға байланысты Қытай Халық Рес­публикасы тарапынан Африка елдеріне тартылып жатқан инвестициялар. Қытай инвес­торлары қазір де құрлықтың көптеген елінде жемісті еңбек етіп жатыр. Атап айтқанда, Нигерия, Сенегал, Танзания, Кения, Оңтүстік Африка, т.б. елдерде экономиканың бар­лық дерлік саласы бо­йынша Қытай елінің қатысуы анық бай­қа­лады. Африка құрлығының ерек­шелігіне бағытталған, өзара тең қа­рым-қатынас, мүдделестік тұр­ғысында жүр­гізіліп жатқан жұмыс­тар: жол төсеу, тұр­ғын үй, әлеу­меттік мекемелер салу, ішкі инфра­құрылым, бір сөзбен айтқанда, эконо­миканың бар­лық секторын қамти­ды. Жұмыстарды Қытай компания­лары қаржыландырып отыр.

Біздің нарық кез келген елге ашық. Тендерлер ашық жүргізіледі. Бүгінде Қытай­мен қоса, Үндістан, Түркия, Жапония, бірқатар Еуропа елі – Испания, Пор­ту­галияның құрылыс компаниялары да жұмыс істеп жатыр.

Осы форумға 10 кәсіпкер келді. Олар қай салаға қаржы салуға болады, Қазақ­стан Эфиопия үшін не бере алады – осы бағытта өзара пайдалы, әріптестік әңгімелер жүргізеді, серіктестік қарым-қатынастар орнатады деп сенемін. Біздің елде тау-кен, өндіріс саласы, пайдалы қазбаларға барлау жүргізу, табу ісі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы – ашық нарық алаңы.

Климаттың өзгеруі әлемдік дегра­дацияға алып келе жатқаны белгілі. Жер тозып, су ресурстары азайып жатыр. Біз – ауыл шаруашылығымен тікелей байланыс­ты елміз. Сондықтан «Жасыл ел» бағдар­ламасын қызу қолға алып жатырмыз. Жаңартылған энергия, жел, күн энергия­сын, қатты отындарды тиімді пайдалану, орман аумағын кеңейту шараларын жүйелі жалғастырамыз.

Африка – мемлекет емес, үлкен құрлық, ол жерде 55 мемлекет орналасқан, әрқай­сысының өзіндік ерекшелігі, айыр­ма­шылығы бар. Ал оларды ортақ­тас­тыратын басты белгі – бір-біріне деген жанашырлығы, ынтымағы.

 

Мулату ТЕШОМЕ,

Эфиопияның экс-президенті