Пікір • 09 Маусым, 2023

Елеулі прогреске қол жеткізді

215 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір адамзат алдында тұрған міндеттер өте зор. Тек демо­кратиялық тұрғыда емес, климат­тың өзгеруі, азық-түлік қауіп­сіз­­дігі саласында атқарылатын жұ­­мы­с­­ өте ауқымды. Оның үсті­­не кейбір көршілес елдер арасында ын­ты­­мақ­­тастықтың жоқтығы, алты­ба­қан алауыздық біршама қиын­дық туғызып отыр. Осы орайда біз аймақтық серіктестікке қатты көңіл бөліп отырмыз. Өйткені біздің құрлықта қай ел болсын қосымша көмекті, қолдауды өте қажет етеді. Донорлық даму­дың жоқтығы бүкіл әлемді бір қауыз­ға сыйғызып жіберген «COVID-19» пандемиясы кезінде айқын байқалды.

Елеулі прогреске қол жеткізді

Астана халықаралық форумында адамзатқа қатысты түрлі проблемамен қатар кейбір елдердің жетістіктерін де атап көрсеткен дұрыс. Мәселен, Қазақстан цифрландыру бойынша керемет прогреске қол жеткізгенін айтқым келеді.

Қазіргі эконо­миканың өркендеуіне әсер ететін маңызды факторлар­дың бірі цифрлық байланыс екені анық. Бүгінде адамдар цифрлық технологияның арқасында қашықтан жұмыс істей алды. Балалар үйде отырып-ақ сабақ оқи алады. Сондай-ақ, үйде жүріп дәрігерден ақыл-кеңес алуға мүмкіндік бар. Дегенмен, бір өкініштісі, цифрлық технологияларға қолжетімділік интернеті барлар мен интернеті жоқтар арасын алыстатып жіберді.

Қазақ елінің цифрландыруда ғажайып прогреске жетіп, аймақта интернетті ену көрсет­кіштері ең жоғары екенін атап айтқым келеді. Онда интернетке қосылудың салыстырмалы түрде төмен құны және цифрлық сауаттылықтың жоғарылауы негізгі фактор болып отыр.

Интернетке қолжетімділіктің жақсы деңгейі Үкіметке мемлекеттік қызметтердің көпшілігін цифрландыруға мүмкіндік берген. Оған қоса, 2025 жылға дейін мемлекеттік қызметтердің 100 па­йызын «е-үкімет» мобильдік қосымшасымен қамту жоспарланғанына өте қуанып отырмыз. Қазақстан осы прогреске сүйене отырып, экономика саласын цифрлық трансформациялауда. Технологияны пайдалануды кеңейте алады. Сондай-ақ, цифрлық экономиканы дамытудағы серпіліс пен алдағы төртінші өнеркәсіптік революцияға дайындық жұмыс­ын жалғастыра алады.

Дегенмен, бұл жерде мүмкін­діктер де, сын-қатерлер де бар­шылық. Екі жыл бұрын Қазақ­стандағы инновацияның жай-күйіне жүргізген зерттеуіміз өте қызықты кезеңдерді анықтады.

Алдымен, тұтастай алғанда кәсіпорындарды цифрландыру процесіне басшылықты қамтамасыз етуде Үкіметке шешуші рөл беріледі. Менің білуімше, қазір 4 министрлік электр, су және жылыту үшін ақылды есептегіштерді енгізіп жатыр. Осыларды қаперге ала отырып, ұлттық стандарттар әзірленіп жатқан кезде «ақылды» есептегіштерді стандарттауды үйлестіру мүмкіндігі туды.

Тағы бір міндет – энерге­тикалық секторда цифрлық технология­ларды қолдануды кеңейтуге, Үкіметтің электр желілеріндегі қуат шығынын азайтуға күш салуға және 2060 жылға дейінгі декарбонизация стра­тегиясының өршіл мақсаттарына жетуге қатысты. Егер интеллектуалды және энергетикалық жүйені, былайша айтқанда «ақылды» электр желілерін құруда көшбасшылық көрсетілмесе, жоғарыда атал­ған мақсат­тарға қатер төнуі мүмкін.

Қазақстанның бәсекеге қабілетті, әртараптандырыл­ған, ғылыммен қамтылған экономикаға көшуін қолдау үшін ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жәрдемдесуде Үкіметтің шешуші рөл атқаратынын айрықша айтқым келеді. Бұған ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінетін бюджеттің тұрақты өсуі ықпал етеді.

Азия Даму банкі Қазақстанның даму саласындағы сенімді серік­тесі ретінде инновацияларды енгізуге ықпал ететін жағдайды одан әрі жақсарту бойынша жұмыс істеуге дайын. Осылайша біз Қазақстанға цифрлық ал­шақтықты қысқартуға, эко­номикалық даму жолында кей­бір кедергілерді еңсеруге және ешкімнің артта қалмауын қамтамасыз етуге көмек қолын созамыз.

 

Масатсугу Асакава,

Азия Даму банкінің президенті