Қоғам • 11 Маусым, 2023

Абай облысындағы өртті сөндіруге әскерилер де жұмылдырылды

292 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қарулы күштер бөлімшелерінің іс-қимылын және апат аймағында басқа ведомстволармен өзара іс-қимылды ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Абай облысындағы өртті сөндіруге әскерилер де жұмылдырылды

Қорғаныс министрі өрттен болған жағдайды зерттеу, аса қауіпті аймақтарды анықтау және өртке қарсы іс-шараларды одан әрі жоспарлау мақсатында өрт шалған аумақтың үстімен ұшып өтті.

Сондай-ақ тілсіз жауды өшіруге «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 300-ден астам әскери қызметшісі жұмылдырылып, 30 бірлік арнайы әскери техника тартылған. Әскери қызметшілер бөгет салып, аумақты жыртып,  жалынды оқшаулау шараларын қабылдап жатыр. Армиялық авиация экипаждары 400 тоннадан астам су шашты.

А

Бородулиха ауданына жөнелтуге дайын 500-ден астам әскери қызметші мен 30 бірлік техника сақадай сай дайын тұр. Тағы 200 адамнан тұратын қосымша резерв құрылды.

Өртке қарсы іс-шараларға тартылған әскери қызметшілер ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Олар қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Уақтылы тамақтанып, демалуға бар жағдай жасалған.

А
Қарулы күштердің жеке құрамы өрттің одан әрі таралуына жол бермеу үшін барлық шараларды қолданып жатыр.