Астанада «Экономиканың цифрлық трансформациясы» тақырыбында өткен Шетелдік инвесторлар кеңесі барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі отандық ІТ-компаниялардың көрмесін ұйымдастырды.
– Цифрлық хаб ретінде біздің өңірге деген қызығушылық күн сайын артып келеді. Бірнеше жылдан бері халықаралық нарыққа шыққан отандық стартаптар бәсекелестік ортада қарқынды дамып жатыр. Шетелдік инвесторлардың назарына ұсынылған ІТ-компаниялардың да экспорттық әлеуеті жоғары, – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Іс-шарада жергілікті IT-компаниялар мен мемлекеттік органдардың 49 инновациялық шешімі ұсынылды.
– «Astana Hub» сегіз ІТ-стартапты ұсынды. Олар – жасанды интеллект, EdTech, киберқауіпсіздік, бизнес-үдерістерді оңтайландыру/автоматтандыру саласындағы келешегі зор жобалар. Кейбірі халықаралық нарыққа шығып та үлгерді, – дейді «Astana Hub» басқарушы директоры Алина Әбдірахманова.
Оның айтуынша, еліміздің стартап индустриясы өкілдерінің Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелерімен кездесуі жаһандық компаниялармен серіктестік және ынтымақтастық орнатып, отандық экожүйені дамытуға берілген үлкен мүмкіндік.
– Біздің стартап мұнай кен орындарын игеру бойынша веб-симулятор мұнай барлау коэффициентін тиімді басқаруға әрі ұлғайтуға, кен орнын игеру шығындарын 40 пайызға дейін қысқартып, күнделікті өндіруді 70 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Мақсатымыз – саланы түсінетін smart инвесторлар табу және 1,3 миллион доллар көлемінде инвестиция тарту, – дейді «Neuron Oil»-дың негізін қалаушы Асылан Жұмағалиев.
Айта кетсек, машиналық оқытуы бар кросс-сандық модельдеудің жаңа тәсілдерінің мұндай үйлесімін бүкіл әлем бойынша шамамен 3-4 жас компания ғана жүргізеді. Соның ішінде АҚШ-та (Кремний алқабында), Францияда, БАӘ-де бар. ТМД елдері арасында «Neuron Oil» жаңа тәсілдер мен өте жоғары практикалық нәтижелерді қолдану бойынша көшбасшы саналады.